ЖӘРДЕМАҚЫДАҒЫ ӨЗГЕРІС: ЖҰМЫСТАН БАС ТАРТСА, ТӨЛЕМ ДЕ ТОҚТАТЫЛАДЫ

Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 824
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Көпбалалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақы және табысы аз отбасыларға тағайындалатын әлеуметтік көмек қалай төленетінін біле жүріңіз.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының «Көпбалалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңына сәйкес бірге тұрып жатқан кәмелетке толмаған 4 және одан көп балалары бар (оның ішінде 23 жасқа дейінгі білім мекемелерінде күндізгі бөлімде оқып жатқан) отбасыларына мемлекеттік жәрдемақы төлеу енгізіледі.

Қазақстан Республикасының «Көпбалалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңға сәйкес жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты белгіленетін болады. 4 балаға – 42 496, 5 балаға – 53 127, 6 балаға – 63 757, 7 және одан жоғары балаға – 74 388 теңге қарастырылған.

Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен аталған мемлекеттік жәрдемақы енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.

Аталған жәрдемақыны алу үшін құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциалық емес акционерлік қоғамының қалалық, аудандық «Халыққа қызмет көрсету орталықтарына» немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша ауылдық округ әкіміне тапсыру қажет.

Арнаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға, соның ішінде, көпбалалы (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) отбасыларына да төленетін болады. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы аз отбасынан (арнаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар) шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакеті енгізілетін болады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі.

Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Ж. ДӘЛІБАЕВ,

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары

Сурет ғаламтордан алынды