"ОЙ, ОНЫҢ ЖҰМЫСЫ КӨП": АТАТЕКТІ ЖАЗУДА НЕГЕ БІРІЗДІЛІК ЖОҚ?

Уақыты: 01.01.2020
Оқылды: 1132
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

"Неге менің фамилиямды қате жазғансыз? Жеке куәлігімде жазылғандай болуы керек еді. Әйтпесе, аттестациядан өтерде материалды: «Сенікі емес. Фамилия басқаша болып тұр», – деп қабылдамайды". "Кешіріңіз, біз өзгерткен жоқпыз. Тек төл дыбыстар арқылы қазақшаладық. Қабылдамағаны қалай? Ұлтыңыз қазақ па?"
– Қазақ. Жеке куәлікте де тайға таңба басқандай көрсетілген. 
– Түсінбедім. Егер сізге тегіңіз маңызды болса, неге біржола қазақша жасап алмасқа?
– Ой, оның жұмысы көп. Білесіз ғой біздің елдегі жүйені. Бір құжат жасау үшін барлығын ауыстыруға тура келеді. Одан да КАНАГАТОВА болып тұра берсін. Келесіде фамилиямды ауыстырмаңызшы.

Бұл біздің жұмыста, газет редакциясына мақала әкелген мұғалім, дәрігер, басқа да мекеме қызметкерлерімен арада болатын және өте жиі кездесетін диалог. Алайда осы мысалдың астарына сәл тереңірек зер салсаңыз, санаңызға сан сауал салмақ салады. О заман да бұ заман, тегінің қазақшаланғанына реніш білдіргені қай сасқаны деп алғашында өзіміз таңырқайтынбыз. Уақыт өте мұндайдың талайымен бетпе-бет жолықтық. Жоғарыдағыдай түсініспеушілікті көбіне білім саласының қызметкерлері, яғни, балабақша тәрбиешілері, мектеп ұстаздары, колледж, университет оқытушылары айтады.

Жалпы, елде мамандық иелерінің басым көпшілігі ұстаздар мен дәрігерлер екені рас. Олай болса, елімізде өмір сүретін адамдардың басым көпшілігі осындай текпен жүр деген сөз. «Усенова», «Кусайынова», «Менлибаева» деген тектерді қазақшалап «Үсенова», «Құсайынова», «Меңлібаева» деп тәуірлеп қойсақ, араға уақыт сала автор хабарласып, өзінің ренішін білдіреді. Қазақстан азаматының, оның ішінде, қазақ ұлтының тегі қазақшалануы тиіс деп түсіндіруді енді бастасаңыз, бірден жоғарыда келтірілген мысалды айтады. Құжатты қазақшалауын сұрасақ, «Қазақстан емес Қағазстан» деп әзілдеп кететіндер де жоқ емес. Өкінішті-ақ.

Қысқасы, біз әлі кеңестік жүйеден шыға алмай жүрміз. Оны дәлелдеудің өзі артық. Қазақ бола тұра еш мәні мен мағынасы жоқ «-ов», «-ова», «-ев», «-ева» тіркестерінсіз өмір сүре алмайтындаймыз. Орысша ойлаудың, сөйлеудің шеңберінен шыға алмағанымыз, орыстану жүйесін біржола қазақы болмысымыздан сілкіп тастай алмағанымыз кімнің кінәсі деген сұрақ туады. Бірақ біз әдетте кінәні өзгеден іздеуге асығамыз. Жеке адамға осы жайлы айта қалсаңыз: «Жоғарыда отырғандар неге тектерін бірізге түсірмейді? Арнайы Заң шығарсын. Сол бойынша бәріміз құжатты ауыстырамыз», – деп қайырады. Міне, біздің ең қателесетін тұсымыз осы. Неге біз өзгеруді, түзелуді, қазақылануды, ұлттық құндылықты дәріптеуді өзімізден бастамаймыз? Ал осы сауалды қоя қалсаңыз бірден құжатты рәсімдеудің, өзгертудің өзі біраз қиындыққа алып келетінін алға тартады. Жалқау, еріншек адамға үнемі сылтау табылып тұрады.

Қаламыздың тұрғыны Құрманбет Сейітұлы тәуелсіздік алған сәттен бастап өз құжатын қазақшалаған. Ол АДАМНЫҢ ЖАНЫ, БОЛМЫСЫ, ҚҰЖАТЫ қазақшаланбай алға қарай даму болмайды деп есептейді.

– Сонау 1970 жылы тұңғышым өмірге келді. Тәңірберген деп азан шақырып есім бергенімізбен құжатта «Таниберген» болып кетті. Сол кезде құжатқа қарау, қазақшалау деген түсімізге де кірмеген. Содан жеті баламның барлығы да осы ізбен кетті. Құдай жарылқап, тәуелсіздікке қол жетті деген хабарды ести салысымен балаларымның құжатын қазақшаладым. Осылайша, қазақшалануды, қазақи болмысты өз әулетімнен бастадым, - дейді кейіпкеріміз.

Міне, осы мысалдың өзі қанша адамға үлгі. Мемлекет шағын ғана отбасынан құралады емес пе? Ал отбасының әр мүшесі қоғамға осылайша пайда тигізсе, қазақстандық әр азаматтың тегі ау баста-ақ бірізге түсер еді. Қазір де кеш емес.

Мәселен, мемлекеттен алынатын жеке куәлік, диплом, көлік жүргізуші куәлігіне дейін түгелдей ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТЫ деп қашалып жазылады. Тегі деген жерге «Усенов» деп толтармыз да, әкесі дегенді бос қалдырмай Арманұлы деп қазақшалаймыз. Кейде ол да  «-ович» пен аяқталады. ҰЛТЫ деген жерде әркім өз ұлтын жазады. Біз ҚАЗАҚ деп төбеміз көкке бір елі жетпей қалғандай қуанып, кеудемізді кере отырып құжаттың бос орындарын қалдырмай толтыртқызамыз. Осыдан біз не ұттық? Әрине, ұтқан түгіміз жоқ. Керісінше, ұтылдық.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ кезекті бір қанды қырғыннан соң көрсеткен ғаламат ерлігі үшін марапатқа ұсынылады. Күндердің күнінде бұйрық шығып, Қызыл Ту орденін омырауына қадайды. Қаздай тізілген жауынгерлердің алдында өзін салмақты ұстаған Момыштың Бауыржаны бұйрық қағазына көзі түскенде түсі сұрланып сала беріпті. Жалма-жан омырауындағы орденді ағытып алған батыр: «Кешіріңіздер, бұл орден менің адресіме жіберілмепті», – дейді жайбарақат.

– Қалайша? – дейді саяси жетекші, – сіздің фамилияңыз жазылып тұр ғой.

– Қазақта Момыш деген есім жалғыз менің әкемде ғана емес шығар. Бауыржан деген ат та жалғыз маған қойылмаған. Мен Бауыржан Момышұлымын. Ал мына бұйрықта Бауыржан Момышовқа деп жазылған. Сол себепті орденді алудан бас тартамын, – депті батыр атамыз.

Қазақ елі Тәуелсіздіктің Көк туын желбіреткелі отыз жылға жуық уақыт болып қалды. Шегара шегенделді, мемлекет қалыптасты, алпауыт елдермен тереземіз тең болды, өзгелер қызығатын да, қызғанатын да ел атандық. Шүкір дейміз. Алайда ұлттық құндылықты ұлықтауға құлқымыз төмен екенін айтуға міндеттіміз. Рухани құлдыраудың ЕҢ БІРІНШІСІ – ТЕКТІҢ қазақыланбауы. Осыдан барып, АНА ТІЛГЕ деген құрмет пен жанашырлық сезімі қалай қалыптаспақ? Мұның барлығы бір-бірімен тонның ішкі бауындай байланысып жатыр. Тегіне құрметпен қараған азаматтың елге, тілге жанашыр болатыны ақиқат.

«Тууды тіркеу», «қайтыс болуды тіркеу», «некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеу», «атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеу», оның ішінде «азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістерді, толықтырулар мен түзетулерді енгізу», сол сияқты «азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру» қызметтері бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдау баламалы түрде Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен азаматтардың хал-актілерін тіркеу (АХАТ)  қызметтерімен  де  жүргізіледі. Яғни, өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы немесе тікелей АХАТ органына тапсыруға болады.

АХАТ органының туу туралы куәлікті толтыратын қызметкері Зарина Сайланбаймен  тілдескенімізде біршама ақпаратқа қанық болдық.

– Біраз жыл бұрын қазақыландық деп қуанатын едік. Қазір керісінше. Бұл дегеніміз үлкен мәселе. Бала өмірге келген соң оған міндетті түрде туу туралы куәлік беріледі. Талап бойынша әке-шешесі қалай айтса, біз солай жазуға міндеттіміз. Қазіргі таңда тегін Кусайынова деп жазатын болса, әкесінің аты деген жолға Ерболовна деп жазылады. Қысқасы, егер «-ов», «ова», «-ев», «-ева» дегенді адамның тегіне қоссаңыз есімі де, әкесінің аты да орысшаланады. Кусайынова Айгерим Ерболовна болады. Егер қазақшаласаңыз, Құсайынова Әйгерім Ерболқызы. Міне, біз осы құжатты толтырар кезде нәрестенің ата-анасына түсіндіреміз. Тыңдап, шешім шығару ата-ананың еншісінде. Осындай жағдайда көпшілік орысша нұсқаны таңдайды. Әсіресе, кейінгі жастар орысшаға әуес. Ақыл айта бастасақ, «Өзіміз білеміз. Жақсы естіліп тұр ғой ең бастысы», – деп шығады. Сафия Айдаровна, Эльдана Эльдаровна деп жаздыратын қазақтар саны көп. Бізді өкіндіретін де осы.

Міне, АТАТЕКТІҢ бірізге түспей жатқандығын осы көрсеткіштен көруге болады. Осыны алға тартып, темірдей тәртіп орнатып, арнайы ЗАҢ шығарылса деген ұсыныс та айтылып келеді. Мұны да болашақтың еншісіне қалдыруға мәжбүрміз.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Қазақта кішіге жол көрсетіп, бағыт-бағдарын айқындайтын қашанда жолы, жасы үлкен азамат болған. Ал біздің қазіргі қоғамда елдің көз алдында жүрген ұлтқа үлгі, сөзінің салмағы бар, тұлға болып қалыптасқан үлкендеріміз кеңес дәуірінде жұққан «дерттен» айығудың жолын өздері көрсетіп, көпке үлгі болса дейміз. Жалпы, қазақ мұндай тіркестерді қимай жүрген жоқ. Бірақ біраз кедергі бары да анық. Біріншіден, ерінеді. Екіншіден, «ұлы», «қызы» деген қазақша текке ауысса, қалған құжаттың тағдырына алаңдайды. Үшіншіден, еліктейді. Мұндай болмашы тірліктен барынша аулақ болғаныңыз абзал. Қиналуға, ерінуге, еліктеуге, мақтануға жол жоқ деп есептеңіз. НИЕТ болса, ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ деген ұлттың ұрпағы екеніңіз рас болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына барыңыз. Тез әрі сапалы қызмет көрсететін қызметкерлерге жолықсаңыз болғаны. Мәселеңіз көзді ашып-жұмғанша шешіледі. Ең әуелі өзіңізден бастап, тегіңізді қазақшалаңыз. Кейін отбасы мүшелерінің де құжатын бірізге түсіресіз. Сізге қарап досыңыз, бауырыңыз, туысыңыз түзелер. Мен дәл осы жолмен әрекет етіп, құжатымды қазақшаладым. Ал сіз әлі кеңес дәуірі салған жолмен жүрсіз бе?

Еңлік КЕНЕБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды