"НЕМҚҰРАЙДЫ ҚАРАМАЙЫҚ": АС БЕРУ МЕН ҚҰДАЙЫ ТАМАҚТЫҢ АЙЫРМАСЫ

Уақыты: 11.02.2020
Оқылды: 5792
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тәуелсіздік алғалы халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі өмірімізге қайта еніп, береке-бірлігіміздің нығаюына сәл де болса ықпал етті. Сондай рухани жаңғыруымызға септігі тиген дәстүріміздің бірегейі – ас, құдайы тамақ беру.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Премьер-Министр орынбасары болып қызмет атқарған, жаңадан еркіндігін алған елдің еңсесін көтеруге айтарлықтай үлес қосқан Мырзатай Жолдасбеков теледидардан берген бір сұхбатында Елбасынан: «Елдің рухын көтеру үшін бұрынғы өткен батыр, билерді еске алып, соларды дәріптеп, ас беріп, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырсақ сіз қарсы болмайсыз ба?» – деп сұраған еді. Сонда сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев: «Сіз сол саланың тізгінін қолыңызға ұстап отырсыз. Халық үшін не істеген дұрыс деп тапсаңыз, соны іс жүзінде жүзеге асырыңыз. Қолыңызды қақпаймын», – деген еді.

Содан кейін ел санасынан көмескілене бастаған көптеген батыр бабамыз бен ел басқарған, қарапайым халықтың арасынан шыққан көсемдеріміздің есімдері кеңінен дәріптелді. Ерлік істері, ел іргесін бекемдеген таңғажайып тапқырлық әрекеттері жаңғыра түсті. Халықтың қуанышында шек болмады десем қателеспеспін.

Осындай игі бастама әлі де жалғасып келеді. Қарапайым адамдардың өзі ата-бабаларын, әке-шешелерін еске алып, ас, құдайы тамақ бере бастады. Әрине, жақсы үрдіс. Тіпті, бір дастарқанның басында жүздеген адам бас қосып, ортақ мәмілеге келуінің өзі халықтың ауызбірлігін бекемдей түсері анық. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, бейбіт, тыныш, мамыражай өмір сүрудің өзі бақыт емес пе? Жаратқан ием халқымызды осындай ауызбірліктен айырмағай.

Бүгінде біз «ас» деп нені түсініп жүрміз? Ата-бабамызға арнап, құдайы тамақ беріп, соңын той-томалаққа айналдырғанымыздың барлығы «ас» дейтін ұғымға келе ме? Бұрынғының адамдары асты неге қайтыс болғаннан кейін шамамен бір жыл өткенде бір-ақ рет берген? Қалған кездері өмірден өткен жақындары түстеріне кіргенде не болмаса бір үлкен іс атқарарда аруақтарға арнап құдайы тамақ беріп, молдаларға Құран оқытқан. Қазақ қанша көшіп-қонып жүрсе де ата-бабаларын еске алуды, арнап дастарқан жаюды бір сәт те естен шығармаған. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген ұғымды берік ұстанып, бар жиған-тергенін аруақтарды еске алудан аямаған. Сонда да ата-бабаларымыз біз сияқты «ас» деп атамаған. «Аруақтарға арнап хатым түсіріп жатырмыз», – деген.

Ал қазір ше? Тоқсан жыл, жүз жыл болса да еске алып, дастарқан жайсақ: «Ас беріп жатырмыз» деп айтамыз.

Ас дегеніміз не? Қандай мағынаны білдіреді? Осылай өз сұрағымызға өзіміз жауап таппаған жағдайда ұлы адамдардың пікірлеріне сүйеніп, жауапты солардан тапқымыз келеді. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында кейіпкерінің аузына сөз салып: «Бөжейдің қайтыс болғанына бір жылға жуық уақыт болды. Бір жыл аза тұттық. Құдай, аруақ риза. Енді ас береміз. Одан әрі аза тұтпаймыз», – дейді дүйім жұртқа. Қайтыс болған отбасы мүшелері той-томалаққа, үлкен жиындарға шақырса да бармай аза тұтқан. Олардың келмегеніне ешкім де ренжімеген. Демек, «ас» – аза тұтуды тоқтатқан кезде берілетін тамақ.

Мұхтар Әуезовтің пікіріне сүйенсек, ас беру мен құдайы тамақ берудің айырмасы аза тұтуда жатқан тәрізді. Бір жыл аза тұтқан соң ас беріп, артын той-томалаққа ұластырады. Бәйге береді. Дәл біздің халқымыз сияқты аруаққа осындай құрмет көрсету жер бетіндегі басқа елдерде жоқ та шығар, сірә?

Жақындарымыз, яғни, ата, апамыз, әке-шешеміз қайтыс болғаннан кейін шамамен бір жыл өткенде ас беріледі. Енді қырық, елу жыл өткеннен кейін және ас бергеніміз қалай? «Ас» демей-ақ «Құдайы тамақ» деп хатым Құран түсіртсек болмай ма? Әрине, халқымыздың «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген жақсы сөзі бар. Не істеймін десе де әркім өзі біледі. Менікі дәстүріміз не дейді, біз қайда бара жатырмыз деген ой ғана.

Дегенмен, өзара пікір алмасып, ортақ мәмілеге келіп, бір жолды ұстанғанымыз жөн емес пе? Өйткені, ортақ әдет-ғұрып пен салт-дәстүр елдігімізді одан әрі біріктіре түсетіні ақиқат. Олар қазақ деген халқымыздың шаңырағын көтеріп тұрған, қайыспас, берік бір-бір уықтары. Осындай дүниеге немқұрайды қарамайықшы, құрметті оқырман.

Марат ҚАШҚЫНБАЕВ

Бақанас ауылы,

Балқаш ауданы,

Алматы облысы