"ҚАЙДАН ТАБАМ?" ЖАРКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖЫЛУ БАҒАСЫНА НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Уақыты: 24.01.2020
Оқылды: 1157
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Панфилов ауданында жылу бағасына қатысты дау шықты. Жаркентте «Жұмыспен қамту» бағдарламасымен пәтер алған тұрғындар тарифтің қымбаттығына наразылық білдірді. Ондағы жұрт айына 1 бөлмелі үйге 15 мың, 2 бөлмеліге 25 мың, ал 3 бөлмелі үйге 35 мың теңгеден төлеп отыр. "Мұндай баға еліміздің ешбір қаласында жоқ шығар", - дейді жаркенттіктер. Тіпті, кейбірінің пәтері жылынбайтындықтан, электр жылытқышын қосып отыр. Сөйтіп, олар электр тогына да, жылуға да ақша төлеуге мәжбүр.

Мәселенің мән-жайына "Евразия" бірінші арнасының Алматы облысындағы тілшісі Думан Алтынбек үңіліп көрді.

- Төлемесеңіздер сотқа береміз деп қорқытты. Сөйтіп айтты. Сонан кейін төлеп тастадым 2 айдыкін. Енді 3-айдыкін 19 000 теңге деп шығарып беріпті қағазын. 19 мыңды қайдан табам мен? Үйім тастай ғой. Мына "обогреватель" түнімен қосылып тұрады, - дейді Жаркент қаласының тұрғыны Ғалия Байтілесова.

Бұл үйлердің тұрғындары үшін жылу мәселесі бас ауруына айналған. Шығынды азайтамыз деп әр пәтер 40 мың теңгеден қаржы жинап, пешті де ауыстырыпты. Өткен қыста жұмысшы жалдап, от жаққанда айына 5-10 мың теңгеден төлегендерін айтады. Ал енді осы маусымда қазандықты «Панфиловсуқұбыры» мекемесінің балансына өткізіп беріп, қымбатшылыққа ұрынып отыр.

Сол үйдің тұрғыны Әсел Досалиева: "Горводоканал" енді бізге ай сайын 1 бөлмелігерге – 15 000 теңге, 2 бөлмелілерге – 28 000 теңге, 3 бөлмелілерге – 35 000 теңге әкеліп, квитанция таратып жатыр", - дейді.

Аталған тұрғын үйлерде көбіне әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрады. Осыдан 7 жыл бұрын олар болашағы жоқ елді-мекендерден көшіп келген. Баспана жекешелендіру құқығынсыз берілгендіктен, ай сайын арендалық құнын өтеуге міндетті. Мұның сыртында коммуналдық қызмет төлемдері тағы бар. "Тапқан табысымыз ішіп-жеуіміз бен жүріс-тұрысымыздан артылмайды. Жылуға төлей алмай, қарызға белшемізден баттық", - дейді тұрғындар. Солардың бірі Мақпал Құсбекова: "Күйеуім ай сайын 60 000 теңге табады. Мен енді ай сайын 30 000 теңге құйсам, баламның тамағы қалады. Сабағы қалады. Ары-бері баратын жолым бар, мысалы. Жетпейді. Қымбат бұл тариф бізге", - деп шағымданды.

Ал Панфилов ауданы әкімдігі өкілі мұндағы шығын көлемі 8 миллион 800 мың теңге шамасында екенін алға тартты. Әрі бұл тарифті өздері емес, арнайы мекеме бекітіп беріпті.

- Бізде монополияға қарсы комитетпен келісілген тариф. Ол жерде 4 адамның айлығы, 198 тонна көмірдің ақшасы, электр энергиясы бар. Бұл жерде сорғышпен су алады және жаңағы салықтар бар, - дейді Панфилов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Тазабеков.

Салаға жауаптылар жылу бағасын төмендетуді қарастырамыз деп отыр. Яғни, көмірге субсидия алу арқылы тариф бағасын арзандатпақшы. Алайда бұл мәселенің биылғы маусымда шешілуі тағы екіталай көрінеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Панфилов ауданы

Алматы облысы