БАС МАМАН: "ӘР БАЛА ӨЗ ОТБАСЫНДА ӨСУГЕ ҚҰҚЫЛЫ, БІРАҚ..."

Уақыты: 27.01.2020
Оқылды: 1269
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Заңнамаларына сәйкес біздің мемлекетімізде туған әрбір бала өз отбасында өсіп, тәрбиеленуге, өз ата-анасын білуге, олардың қамқорлығын сезінуге құқылы. Алайда қоғамымызда орын алатын әртүрлі келеңсіз жағдайға байланысты кейбір балалар ата-аналары тірі кезінде-ақ «әлеуметтік жетімдер» деген санатқа ие болып, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленуге мәжбүр.

Әр баланың отбасында тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету мақсатында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық тәрбиеге орналастырудың баламалы нысандары, яғни, қорғаншылық және қамқоршылық, патронаттық тәрбие, асырап алу, отбасы үлгісіндегі балалар үйлері қызмет етеді.

Патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы шарт бойынша басқа азаматтардың отбасына тәрбиелеуге беретін тәрбиенің бір түрі. Бұл шарт бала тәрбиелеп алуға ықылас білдірген адам мен білім бөлімінің корғаншылық және қамқоршылық органы арасында жасалады. Бала патронат тәрбиешіге шартта көрсетілген мерзім аралығында ғана тәрбиелеуге беріледі.

Патронаттық тәрбиеге алу үшін тәрбиеші балалармен жақын араласып, өзара байланыс көпірін ор­на­ту қажет. Сондай-ақ, баланы тәрбиеге алушы азаматтың тұрғын үйі мен тұрмыстық жағдайына тексеру жұмыстары жүргізіледі. Жеке басын куәландыратын құжаттың, неке қию куәлігінің көшірмесін тапсырады. Ал егер үміткер некеде болмаса некеде жоқ екенін растайтын анықтама ұсына алады. Бала асырап алушының жақын туыстарының баланы тәрбиеге алуға қарсылығы жоқ екені жөнінде жазбаша келісімі қажет.

Тәрбиеші ата-ананың жұмыс істейтінін анықтайтын, жиынтық табыс мөлшерін көрсететін, ерлі-зайыптының денсаулығы, оның ішінде, психикалық жағдайы, яғни, есірткіге, ішімдікке тәуелді еместігі, өкпе, тері аурулары және АҚТҚ орталықтарында есепте тұрмайтындықтарын, сотты болмағандықтарын растайтын анықтама қағаздарын өткізуі тиіс.

Әрбір баланы асырап-бағуға ай сайын ҚР Үкіметі белгілеген тәртіппен белгіленген мөлшерде ақшалай қаражат төленеді. Қорғаншы және қамқоршы органдар патронаттық тәрбиешілерге қажетті көмек көрсетуге, баланың өмірі мен тәрбиесі үшін қалыпты жағдай жасауға жәрдемдесуге міндетті. Патронаттық тәрбиешілерге жүктелген баланы асырап-бағуға, тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

Егер бала 18 жасқа толса немесе тәрбиешімен бала тіл табыса алмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган патронаттық тәрбиеге бала алған отбасымен келісімшартты бұза алады. Мемлекет тарапынан берілетін қаржы бірден тоқтатылады. Патронаттық тәрбиешілерге берілген баланың алиментке, зейнетақы мен жәрдемақыға және тұрғын үйді пайдалануға егер баспанасы болмаған жағдайда тұрғын үй заңына сәйкес баспана иеленуге құқығы толықтай сақталады.

Жадыра АСАНОВА,

Алматы облыстық білім басқармасы қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің бас маманы