ҚАПШАҒАЙ: ТАНЫМАЛ КӘСІПКЕРЛЕР БІРНЕШЕ ОТБАСЫНА ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 12.02.2020
Оқылды: 1435
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Қапшағай қаласында көпбалалы аналарға, ата-анасының қомқорлығынсыз қалған жеткіншектер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға пәтер сертификаттарын табыстады.

Мәдениет үйінде жиналған жұртшылыққа ыстық ықыласын жеткізген Амандық Ғаббасұлы:

– Өткен жылы демеушілер өз қаражаттарына 200-дей отбасына үй сатып алып берген. Жалпы, былтыр көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетуге облыс бюджетінен 40 млрд.теңге бөлінсе, биыл 59 млрд.теңге қарастырылып отыр. 2020-2021 жылдар аралығында Қапшағай қаласында 200 пәтерлік бес үй, «7-20-25» бағдарламасы аясында 54 пәтерлі үш үй, «Термомакс» ЖШС үлесіндегі 36 пәтерлі екі үй, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 30 пәтерлі тұрғын үй, жалға берілетін бір және несиеге берілетін 50 пәтерлі үйлер салып, пайдалануға беру жоспарда, – деді.

Қапшағайлықтарға баспана бақытын кәсіпкерлер Болат Әбілов пен Ораз Жандосов сыйлады. Олар «Универсал энерджи күнқуат» ЖШС атынан Қапшағай қаласының әлеуметтік осал таптарына көмек ретінде жаңа салынып жатқан үйден 30 пәтер сатып алып, сыйға тартып отыр.

Өз кезегінде сөз алған Болат Әбілов көпбалалы отбасыларына, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер мен мүгедек жандарға көмек қолын ұсыну, баспаналы болуларына ықпал ету өзі үшін абыройлы іс екенін тебірене жеткізді. Сондай-ақ, Ораз Жандосов аз қамтылған отбасыларына көмек қолын ұсыну – кәсібін шырқ үйірген әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін айтып, баспаналы болған қуаныш иелеріне ізгі тілектерін жеткізді.

Әртүрлі категориядан 30 адамға жаңадан салынып жатқан үйдің сертификаттары табысталды. Бұл жолы 15 көпбалалы ана, 7 мүгедек жан мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 8 жеткіншек баспаналы болады.

Жаңа баспаналарының сертификатын алып, қуанышқа кенелген жұртшылық атынан сөз алған көпбалалы ана Светлана Кеулімжаева балаларының бақытқа кенелгенін тебірене жеткізсе, «Қамқор жүрек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләззат Салықова мүмкіндігі шектеулі жандардың ыстық ықыласын білдіріп, соңынан тыңдаған жанның жүрегіне жігер құятын тамаша әнді әуелете шырқап берді.

Одан бөлек, облыс басшысы Амандық Баталов «Balsu-Lux» тұрғын үй кешенінде болып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты. «Термомакс ЛСТК» компаниясының бас директоры Айдар Субалов американдық технология бойынша құрыштан жасалынатын жеңіл әрі жұқа конструкциялы үйлер жайлы жан-жақты баяндады. Әдеттегідей ауыр бетон мен кірпіш қолданбай салынатын мұндай ғимараттар тез тұрғызылуымен қатар 20 пайызға дейін арзанға түсетін көрінеді. Сонымен бірге, бұл құрылысқа қарағандылық металл, қапшағайлық гипсокартон мен базальт дыбыс тежегіші пайдаланылады. Демек, қазақстандық мазмұн толығымен сақталады деген сөз.

Компания салып жатқан үш қабатты үйлерді аралап көрген өлке басшысы құрылыс жұмыстарының сапасы мен ғимараттың көркемдігіне көңілі толғанын жеткізіп, Талдықорған қаласында дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған қалашықты осы технология бойынша тұрғызу қажеттігіне тоқталды. Амандық Ғаббасұлының айтуынша, бір маусымда толық салынып бітетін мұндай үйлер халықтың әлеуметтік мәселелерін жылдам әрі сапалы шешуге ықпал етеді.

Осыдан кейін облыс басшысы «Бәйтерек» орталығында болып, ғимаратта орналасқан халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысымен, мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталықпен және «Қамқор жүрек» қоғамдық бірлестігінде атқарылып жатқан игі істермен танысты. Ләззат Салықова жетекшілік жасайтын мүгедектер қоғамының бастамаларына ризашылығын білдірген Амандық Ғаббасұлы оларды қамқорлығына алып, көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Қоғам мүшелері өлке басшысына өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымын ескерткішке тарту етті.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қапшағай қаласы

Алматы облысы