"БІЗ БІРГЕМІЗ!" КІТАП ОҚЫ, БАЛА-ШАҒАНЫ ОЙНАТ, ДЕНСАУЛЫҒЫҢДЫ КҮТ!

Уақыты: 19.04.2020
Оқылды: 1699
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Аты жаман індет Қазақстан Республикасын да айналып өткен жоқ. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған төтенше жағдай мемлекет үшін маңызды қадам.

Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік пандемияға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдаған Үндеуде Елбасы барша қазақстандықты жалпыға ортақ істен шет қалмауға шақырды. Игі бастаманы біркісідей қолдаған Қазақстан халқы ел басына күн туған қиын сәтте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ынтымағы зор, бірлігі жарасқан елдің үлгісін көрсетіп отыр.

Өз үндеуінде коронавирус індетіне қарсы күреске қаржылай қолдау көрсетіп жатқан отандық бизнес өкілдеріне ризашылығын білдірген Елбасы кәсіпкерлердің сауапты іс тінін үзіп алмай, одан әрі жалғастыра беретініне сенім білдірді. Байқасаңыз, қайырымдылық деген асыл қасиетті жанына серік еткен кәсіпкерлер де, қиын сәтте көмегім тисе екен деген қазақстандық азаматтар да аянып жатқан жоқ. Ерікті жастар мен үйде отырған аналардың бетперде тігіп жатқан еңбегі айтуға тұрарлық. Бүгінде осындай қайырымды жандардың қолдауымен ел халқының осал топтарына әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл біздің елдің жақсылық жасаудан алдына жан салмайтын ұлт екенін көрсетеді.

Күні кеше Елбасы Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақала жариялап, қауіпті індеттің таралуына алаңдап отырған елдің көңіліне демеу боларлық келелі ойлар қозғады. Ұлт көшбасшысы мақаласында стратегиялық бағыттарға баса мән беру керектігін айта келіп, ең бастысы, мемлекеттің халықпен бірге екендігіне тоқталады. «Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиістігін» ескертіп, бұл індетті даурығумен емес, төзім мен сабырдың арқасында ғана жеңетінімізді жеткізген.

Бабаларымыз қандай қиын кезеңдер болса да бөлінбеген. Соның арқасында өзінің тілі мен дінін, ділін аман сақтап қалған. Қай кезде де «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деп ұрпағын ұлағаттылыққа тәрбиелеп отырған. Данышпан Абай бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсініп: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деді. Ұлт ұстазының осы бір қанатты қағидасы елдің қасиетін, ұлттың қадірін тануға үндейтінін әр адам жүрек түкпірінде берік ұстанса деймін. Сонда ғана біз бірлігі жарасқан ұлттың үлгісін көрсете отырып, осынау қиын кезеңді қанға сіңген асыл қасиетіміз – сабыр мен төзімнің һәм бірліктің арқасында жеңіп шығамыз.

Бүгінде жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде сақтық шараларын қамтитын жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Індеттің бетін қайтару үшін уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқан дәрігерлер: «Мен сіз үшін жұмыста қалдым, сіз мен үшін үйде отырыңыз» деген бағытта челлендж бастады. Үрей мен үміт тайталасқан қарусыз майданда жанын шүберекке түйіп, елдің амандығы үшін қызмет етіп жүрген денсаулық саласының барлық қызметкеріне алғыс білдіруіміз керек. Олар мемлекет тарапынан да, қарапайым халық  тарапынан да қандай құрметке болсын лайық! Ендеше, біз сол ақ халаттылардың еңбегін бағалайық!

Індетті ауыздықтаудың бір жолы – үйден шықпау! Соған орай біз шыдамдылық пен төзімді, сабырды ту етіп, отбасымызбен үйде отырайық. Егер әр азамат төтенше жағдай кезіндегі барлық ережені қатаң сақтап, өзінің және жақындарының амандығы үшін  темірдей тәртіпке бағынатын болса, біз бұл сыннан сүрінбей өтеміз. Өйткені, тәртіп бар жерде нәтиже бар. Ал нәтиже бар жерде жетістік салтанат құрады. Осылайша ғаламды жаулаған індетті ауыздықтауға арадағы ынтымақтың, қайырымдылықтың һәм бірліктің арқасында қол жеткіземіз. Өйткені, біз біргеміз!

Мұхит ҮМБЕТОВ,

«Алатау жарық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы,

Алматы облыстық мәслихат депутаты

* * *

"Бірлік болмай тірлік болмас", "Бірлік түбі – береке", - деген қазақ халқының қанатты сөздерінің мән-мағынасы бүгінде арта түскендей. Қашанда татулықты, достықты, ынтымақты дәріптеп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келген халқымыздың бүгінгі аласапыран кезеңде бірігіп, мұрат-мүддені тоғыстыратын сәті туып тұр.

Қазақстанға ғана емес, жаһанға қауіп төндіріп тұрған коронавирус індеті күн өткен сайын өршіп барады. Дертті жұқтырушылар саны да артып, қайғылы жағдайға душар етіп жатқаны да аз емес.
Елімізде бұл індеттің таралуына жол бермеу мақсатында дер кезінде қажетті іс-шаралар қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялап, дүрбелең тудыруға жол бермейтіндігін баса айтқан болатын.

"Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл – аса маңызды. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен, біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз", – деді ол.

Мемлекет тарапынан қойылып отырған уақытша шектеулер мен дәрігерлердің нұсқаулықтарын орындау қажеттігін әр азамат өз отбасы мүшелеріне түсіндіріп отырса қауіпті тез-ақ еңсеріп шығарымыз хақ.Төрткүл әлемге қауіп төндіріп отырған дертке немқұрайлылықпен қарамай, өзіміз үшін де, өзгелер үшін де сақтық шараларын қарастырған абзал дер едім. Адамдардың денсаулығы үшін жасалып отырған осынау іс-шараларға түсіністікпен қарап, әр азамат жауапкершілікті сезінетін болса кез келген қиындықтан өтуге болады.

Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында: "Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды.

Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады.  Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн", – деп мемлекетіміздің бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын, тиісті шараның барлығын атқаратындығын және еліміздің ешбір азаматының қамқорлықсыз қалмайтынын ашық айтты.

Осынау сын сағатта еліміздің жомарт жандары қол ұшын созып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде.  Отандық дәрігерлер індетпен күн-түн демей күресіп, бар-күш-жігерін науқастардың айығып кетуіне жұмсауда. Құқық қорғау саласының мамандары да қауіпсіздікті сақтау жолында жан аямай күресуде. Бірлігіміз бен ауызбіршілігіміз сыналатын тұста бір-бірімізді қолдап, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарасақ және барлығымыз соған өз үлесімізді қоса білсек деймін.

"Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, әрбіріміз жауапкершілік жүгін арқалап, әр іске ыждағаттылықпен қарағанда ғана әлемді дүр сілкіндірген дертті ауыздықтай алатынымыз сөзсіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Усеин КАСАНОВ,

Алматы облыстық мәслихат депутаты

* * *

Бүгінде алпауыт мемлекеттермен бірге біз де жаңа індетпен бетпе-бет келіп отырмыз. Жаһандық ауқымда таралатын жаңа аурудың – пандемияның қазақша аудармасының өзі адамға қатаң сақтану керектігін ескертіп тұрғандай.

Гректің «пандемос» деген сөзі қазақшаға аударғанда «барлық адамға тиесілі» дегенді білдіреді екен. Бұл кез келген адамның ауруы ықтимал екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Осындай қатерлі дерттің алдында дәрмені таусылып, бүкіл әлем мемлекеттері дертке дауа іздеп, ортақ мақсат аясында өзара ынтымақтаса әрекет етуде.
Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралардың орындалуын қатаң бақылау, төтенше жағдайлардың енгізілуіне байланысты тәртіп пен санитарлық талаптарды сақтау аса маңызды. 13 наурыздан бастап спорттық, мәдени-бұқаралық шаралардың өтуіне тыйым салынып, концерт, көрме, конференциялар кейінге қалдырылды. Оқушылардың көктемгі демалыстары ұзартылып, қашықтықтан оқытылуда. Студенттер онлайн режимінде білім алуда. Халықаралық мәдени және туристік іс-шаралар шегеріліп, шегарамыз жабылды. Адамдар көшеде маскасыз бейсауат жүруге болмайтынын, бұл қауіпті індеттен оқшаулану арқылы ғана құтылуға болатынын шынайы сезініп жатыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауылшаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты айтып, жүзеге асыруды тапсырды. Жомарт жүрек меценаттар, кәсіпкерлер қарапайым халыққа қаржылай қолдау көрсетсе, әр деңгейдегі депутаттар, «Nur Otan» партиясының филиалдары, еріктілер тобы көмекке зәру отбасыларына қол ұшын созуда. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» демекші, мұның бәрі халық игілігі үшін, қиындықты бірлесе жеңіп, халықтың тұтастығын сақтау үшін жасалып жатқан шаралар.

Сондықтан, қазіргі алмағайып, сындарлы кезеңде барлығымыз сабырлылық пен төзімділік танытып, бейжайлықтан арылып, барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауымыз керек. Әр азамат өзінің және отбасының қауіпсіздігін сақтау арқылы мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтайтынын түсінгені абзал. Ұлт денсаулығы – мемлекеттің қауіпсіздігі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қиындықты бірлесе еңсерейік.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыз тұтас болсын. Біз біргеміз!

Рахат  ИБРАИМОВА,

Алматы облыстық мәслихат депутаты

* * *

Тәртіпке бағынғанда ғана мына жаман індеттен құтыламыз. Оны дәрігерлер айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ, еркін жүріп қалған бала-шаға жұқпаны ауыздықтаудың бірден-бір жолы – басқамен жақын араласпау екенін әлі түйсінбеуде. 

Мұндай жағдайда не істеу керек? Әрине, карантин жасап, қарым-қатынасты шектеу керек. Осы орайда облыстың бас санитар дәрігерінің санитарлық посттар қойып, облыс орталығы Талдықорған қаласын індеттен қорғауға баса назар аударып, сақтықты күшейткені көңілден шықты. Әйтпесе, қалаға келушілер азаймай тұр.

Кесел жайылып кетсе дәрігерлердің де күші жетпей қалуы мүмкін ғой. Халық тығыз орналасқан жерге індеттің келуі қауіпті. Үлкендер біз бағынамыз ғой. Ұшып-қонып жүрген жастар үшін алаңдаймыз.  Кеше Қапалда  тұратын туыстарымыз ағайыншылап келмекші болған екен. Кіргізбепті. Ақсу ауданынан шығармайды екен. Ол жаққа да бекет қойып тастапты. Полиция қызметкерлерінің жауапкершілігіне қуандым. Олар жұмсақтық танытса туысым өтіп кетпекші болыпты. Бізді құртатын сол, алдын алу шарасының маңызын жете түсінбеу ғой.

Тәртіп сақшыларының қырағылығы – індеттің таралмауына үлкен көмек болып тұр. Естіп жатқанымыздай, жұқпа, әсіресе, адам көп шоғырланған жерде етек алады екен. Түшкіргенде, жөтелгенде, сөйлегенде жұғады дейді. Тойға барып, жұқпа жұққызғандар, құдалыққа барып, кесел меңдегендерді естіп жатырмыз. Жүріс-тұрыстың көптігі зарарсыздандыру шараларына да кедергі келтіреді. Әсерін азайтады. Ағайын, карантин аяқталғанша үйде отырайық. Кітап оқы. Бала-шағаны ойнат. Денсаулығыңды күт! Осының өзі  денсаулығымызға жауапты мамандарға тигізген көмегіміз екенін ұмытпайық.

Болат БИСҰЛТАН,

Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі,

Ақсу  ауданының Құрметті азаматы

* * *

Карантин – негізінде жұқпалы індет таралып кетпеу үшін қолданылатын алдын-алу шараларына жатады. Жұқпалы аурурларды карантиндік шаралар арқылы ғана шектейміз. 

Сонау ықылым заманнан адамзат баласы індет тудыратын жұқпалы аурулармен күрес жүргізіп келеді. Сондай қиын сәтте ауру пайда болған негізгі ошақты оқшаулау арқылы ғана аурудың таралуын тоқтатуға болатындығын түсінген. Осы тұрғыда жұқпалы ауруды қаулап тұрған өртке теңесе де болады. Жалынына күйесің, болмаса өшіріп тыныш табасың. Сондықтан карантиннің жұқпалы аурулардың ары қарай таралмауы үшін маңызы зор. Карантин шараларын қолданудың да бірнеше ерекшеліктері бар. Біріншісі, дер кезінде қолдану, екінші ерекшелігі – талаптарын қатаң сақтау. Ал үшінші ерекшелігі – мерзімін дұрыс белгілеу болып табылады. Сондықтан карантинсіз өршіп тұрған жұқпалы індетті тоқтату қиынға түсетіндігі анық, тіпті, мүмкін емес. Елімізде індетті тоқтату үшін жасалып жатқан карантин талаптарын қатаң сақтау арқылы ғана өзімізді де, өзгені де сақтай аламыз.

Ал ауру адаммен жақын қарым-қатынаста болған жанды арнайы аурухана не үй жағдайында белгілі бір мерзімге оқшаулау – дәрігердің міндеті. Карантиндегі адам күн сайын дәрігер бақылауында болады. Үнемі қадағалап отырмаса ауру қоздырғыш микробтар адам ағзасында белгілі бір уақытта көбейіп ауру тудырады. Сондай сәтте ауруға күдікті төзімдік танытып, барлық карантин талаптарын мұқият сақтауы тиіс. Егер де ауырған адам оқшау жерде болса ешкімге жұқтырмайды, не мейлінше аз адамға жұғады.

Мырзахмет ЕРЕЖЕПОВ,

Алматы облыстық "Күншуақ" балалар туберкулезіне қарсы санаториясының бас дәрігері

* * *

Дүниежүзін дүрліктіріп отырған коронавирустың таралуына байланысты өңірімізде көптеген шара қолға алынуда. Өршіп тұрған індеттің алдын алу мақсатында облысымыздың аумағында 15 сәуірден бастап карантин жарияланды.

Аудан, қалаларға кіріп-шығуға, сол сияқты елді мекендердің ішіндегі қозғалыстарға тыйым салынды. Бұл – бірауыздан қолдайтын дүние! Өйткені зауалдың алдын алу үшін тастүйін жұмылып, тәртіпке бағынып, сақтануымыз керек.

Қаулыда: «Карантин кезінде жеңіл көліктерге 3 адамнан артық отырмауы керек, автобустар салондарының адам толтыруы 40 пайыздан аспауы тиіс», – делінген. Біз осы мәселені толықтай қолға алдық. Сонымен қатар, жолаушылардың жеке-жеке отыруын, арақашықтығы 1 метрден кем болмауын жіті қадағалаудамыз. Дезинфекциялап, барынша таза ұстауға тырысып жатырмыз. Себебі, жұртшылықтың көбі автобуспен жүреді. Сондықтан бізге жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындаймыз.

Ел басына қиын-қыстау күн туғанда ең әуелі жұртшылықты сабырға, бірлікке шақырғым келеді. Өткенімізге үңілсек, Тәуелсіздік алған жылдардың басында қазағымыздың басынан түрлі сынақтар өтті. Біз соның барлығын ауызбірліктің, шыдамдылықтың арқасында жеңіп шықтық.

Иә, бұл індет барлығымызға оңай тиіп жатқан жоқ. Десе де үйден шығармады деп байбалам салмай, сабыр сақтауымыз керек.  «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, біздің қазіргі мақсатымыз – тәртіпке бағыну. Осы бір қиын тұста біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек. Сын сағатта сыр бермей, темірдей тәртіпті ұстанып, бірлікте болып, бір-бірімізді қолдасақ елді дүрліктірген қиын кезеңді де еңсереміз.

Нұрбақыт АЛТЫНБЕКОВ,

Талдықорған қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы

Бас сурет ғаламтордан алынды