"БІРЫҢҒАЙ ТЕРЕЗЕ БАР": КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ДАЙЫН ҚҰЖАТТАРДЫ АЛУ ТӘРТІБІ

Уақыты: 03.05.2020
Оқылды: 1204
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының тұрғындары карантин басталғалы бері Халыққа қызмет көрсету орталығының бірыңғай терезесінен 5700-ден астам дайын құжат алып кеткен.

Бұл құжаттардың басым бөлігі карантин барысында онлайн рәсімделген, қалған бөлігі ХҚО жабылғанға дейін дайындалған. Естеріңізге салайық, 26 наурыздан бастап барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылған болатын.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қазақстандықтар үшін бұдан бұрын өтініш берілген, сондай-ақ, электронды форматта тапсырыс берілген қызметтер бойынша дайын құжаттарды алып кетуге болатын бірыңғай терезені іске қосты. Бұл үшін әр қала мен аудандарда бір-бір ХҚО белгіленген болатын. Дайын құжаттарды көбіне Талдыкорган, Қарасай, Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары алған.

Бірыңғай терезеде берілген құжаттардың дені – АХАТ (неке куәліктері) құжаттары, жүргізуші куәліктері, көліктің техникалық паспорты мен тіркеу нөмірлері, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің құжаттары, сондай-ақ, жеке куәлік пен паспорт. Бұл ретте төтенше жағдай басталғалы бері қазақстандықтар egov.kz электронды үкімет порталы мен eGovKzBot2.0 телеграм-боты және eGovMobile қосымшасы арқылы қызметті онлайн түрде алған.

Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін. Сенбі – сағат 9.00-14.00 аралығы. Дайын құжаттарды беруге арналған қалалық және аудандық бөлімдердің тізімін мына жерден көруге болады: gov4c.kz

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"