КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ 9 БАЛАЛЫ КӘРІБАЕВТАР ОТБАСЫНА КӨЛІК СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 01.06.2020
Оқылды: 983
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елімізге белгілі «Kusto Group» халықаралық компаниясы Төтенше жағдай кезінде Қазақстан бойынша көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берген еді. «Kusto Help» қайырымдылық жобасы еліміз бойынша 10 665 отбасына, жалпы салмағы 266 тонна азық-түлік көмегін таратты. Соның ішінде Жамбыл ауданы бойынша 200 отбасына азық-түлік себеттері таратылды.

Қайырымдылық керуенімен жүрген сол сапарында компания басшысы Еркін Тәтішев мырза аудан әкімі Бағдат Әлиевпен ақылдаса келіп, әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған 9 бала асырап отырған Кәрібаевтар отбасына 12 орындық минивен автокөлігін алып беруді ұйғарған еді. 

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай аталмыш компанияның директоры Еркін Тәтішев мырза Жамбыл ауданына арнайы келіп, уәде бойынша Кәрібаевтар отбасына автокөліктің кілтін табыстады.

Салтанатты шараға аудан әкімі Бағдат Әлиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Саят Жұрын, аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләйлаш Бәкірова қатысты.

Бағдат Байшалұлы еліміздің әр өңірінде қайырымдылық жасап жүрген «Kusto Group» компаниясының басшыларына алғыс айтты. Ол өз сөзінде:

- Бүгін белгілі журналист, көпбалалы ана Әлия Абсәметова қарындасымыздың отбасында ерекше қуанышты сәт орын алды. Соғыс жылдарындағы Әлияның батырлығы бір төбе. Ал бүгінгі заманның батыр Әлиясы – жүрегі мейірімге толы осы қарындасымыз деп білемін. Өйткені, ол аналық құшағына тек өзінің балаларын ғана емес, өзге ұлттың балаларын да сыйғыза білді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген осы болар. Кәрібаевтар отбасын көлікпен қамтамасыз етуі – облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы тапсырмаларының бірі еді. Мінеки, бүгін сол тапсырманың орындалуына Еркін бауырымыз себепкер болып отыр. «Kusto Group» компаниясына ерекше алғысымды айтамын, - деді.

Әлия Абсаметова да өзінің толқыған көңіл-күйін былай жеткізді: «Арман орындалады. Тек оған жету үшін шынайы мейірімділік, адал еңбек ету керек. Міне, біз көптен бері армандаған автокөліктің кілтін «Kusto Group» компаниясы бүгін табыстап отыр. Біз өте қуаныштымыз. Әсіресе, балаларымыз ерекше қуанышқа бөленді. Бұл көлік балалар мерекесінде біздің отбасымызға жасалған ерекше бағалы сыйлық болды. Компания өкілдеріне алғысым шексіз. Жұмыстарына табыс тілеймін», - деді.

Қарғалы ауылының тұрғындары, Кәрібаевтар отбасы тек Алматы облысына ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі. 2018 жылы "Мерейлі отбасы" өңірлік байқауын жеңіп, Қазақстанның 16 үздік отбасы тізіміне енген.

Бақтияр АЙТАЛЫ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы