"ҮЙІ БАРДЫҢ, КҮЙІ БАР": ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 09.07.2020
Оқылды: 1389
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

"Өз үйім – өлең төсегім" дегенді баспанаға қол жеткізе алмай, ұзақ жылдар пәтерден пәтерге көшіп жүрген әр адам жақсы түсінеді. Өйткені, үйлі болу – еш уайымсыз жақсы көңіл күйде болу деген сөз. Өз шаңырағында балалары асыр салып ойнап, қуаныштан бал-бұл жайнап жүргенге не жетсін?!

Астана күні қарсаңында Талғар қаласында тура осындай шаттықа толы көрініске куә болдық. Коронавирус індеті әбден сансыратып, елдің көңілі күпті болып тұрған қиын шақта мына жағымды жаңалық тұрғындар еңсесін бір көтеріп тастады.

Аудан әкімдігі жаңа пәтер иелерінің қуанышты сәтін сақтық шараларын сақтай отырып атап өтті. Үй кезегінде тұрғандарға жаңа пәтердің кілтін аудан әкімі Жолан Омаров табыстады.

«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан» кезекте тұрған азаматтарға Талғар қаласынан 6 көпқабатты үйден 340 пәтер беріліп отыр. Оның 170-і «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында сатып алуға жоспарланған. 61 пәтер – халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға, жетім балаларға – 34 пәтер және көп балалы отбасыларға 55 пәтер бөлінген. Ал мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері үшін 20 пәтер қарастырылған.

Аталған алты үйдің құрылыс жұмысына 3 млрд. 135 млн. теңге қаражат жұмсалыпты. Құрылыс мердігерлері – «Гунн строй», «Альтаир» және «Компания строй индустрия» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқарып шыққан.

– Қазіргі таңда Талғар ауданы бойынша мемлекеттік тұрғын үй алу қорынан үй кезегінде 4912 азамат тіркелген. Оның ішінде әлеуметтік жағынан осал топтар бойынша – 1876, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар – 653, көп балалы отбасылар – 1053 және 1330 мемлекеттік қызметкер бар. Келесі жылға тағы 9 қабатты 5 үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады, – деді Жолан Ыбырайақынұлы.

Аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қалимолда Байболов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мадан Бекбосыновтар да жаңа пәтер иелерін құттықтап, ақ батасын арнады.

Болат Мәжит
Талғар ауданы