"ҒАШЫҚТЫҚ СЕЗІМІН СУЫТПАҒАН": ЕСКІРМЕГЕН МАХАББАТ

Уақыты: 01.08.2020
Оқылды: 1795
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жастары сексеннің сеңгіріне қадам басатын қос қарияның шаңырағынан ылғи да мейірімнің шуағы төгіліп, махаббаттың әні қалықтап тұрады. Жалындаған жастық шақта ғашықтық сезімнің алауын тұтатып, мәңгілік махаббаттың ескегін есіп, айдынды өмірге жол тартқан Ақан ата мен Райхан апаның қос аққудай қатарласа ғұмыр кешкендеріне жарты ғасырдан артық уақыт өтіпті.


Жылдар жылжыған сайын қос қарияның бір-біріне деген құрметі артпаса кеміп көрмеген. Алапат аштықтың дәмін татып, сұрапыл соғыстың аязы арқаға батқан ата-аналарының көрген қайғысы мен қиындығы аз болмаған. Бауырларымен бірге майданға аттанған әкелері соғыстан оралмай, жанарлары жасқа шыланған аналары мойымай асырап-жеткізген ұл мен қыз аналар үмітін ақтауға, бауырларына бас-көз болуға серттесіп, үлкен өмірге қадам басқан. Содан бері талай бел-белестен өтті. 

Жетісудың баурайында туып-өсіп, табысқан жас отау иелері 1960 жылы арнайы жолдамамен Арқа төсіне жол тартады. Ол кездегі жастардың жұмысқа орналасып, тәжірибеден өтуі осылай басталатын. 

Алматы зооветеринарлық институтын тамамдаған Ақан Ақаев пен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетін аяқтаған Райхан Малаева осылайша Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында алғашқы еңбек жолдарын бастап, кейіннен туған өлке төсінде тер төге еңбек етеді. Өз ісінің білгірі болған Ақан Ақаев мал шаруашылығының өркендеуіне үлес қосса, ұстаздық жолдағы Райхан Малаева сан мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатып, өмірдің бір кетігіне кірпіш болып қалануына бар күш-қайратын, ақыл-парасатын жұмылдырған аяулы жан. Кеген ауданындағы Алғабас орта мектебінде, Шелек ауданындағы Ж. Қайыпов, М. Әуезов атындағы орта мектептерде ұзақ жыл ұстаздық еткен, «Қазақстанның білім үздігі» және «Ы. Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері атанып,  санамаласа саусақ жетпес сан марапатты иеленген Райхан Мұқашқызының тәлім-тәрбиесін алып, білімге қаныққан жүздеген шәкірттері әлі күнге ұстаздарына алғыс айтып, амандығын біліп, ақ батасын алудан жаңылмайды. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, ұлағатты ұстаздың алдынан өткен шәкірттері сан салада абыройлы еңбек етіп, ел өркендеуіне үлестерін қосуда. Сөйтіп, өнегелі өмірін ұрпақтың тәлімді тәрбиесі мен білімді азаматтар болып қанаттануына, қалыптасуына арнаған Райхан апа аз күннен соң 80 жасқа толмақ. Осы қуанышымен ең алдымен өмірлік серігі Ақан ата шын көңілімен құттықтауды ниет етіпті. Иә, солай!

Кеуделері алтын сандық ата-апаның қара шаңырағына жолым түсіп бұрыла қалсам, қашанда домбырасын қолынан тастамайтын Ақан ата қазақтың халық әндері мен халық композиторларының махаббат жайлы әндерін шырқап қоя беретін. Оның сырын енді ұғынғандаймын. Еңбекпен қанаты қатайып, буыны бекіген қос қарияның үй маңындағы бау-бақшасы жаз сайын гүлмен көмкеріліп, көкөніспен жайқалып тұрады. Ұядан ұшқан қарлығаштары балапандарымен келгенде «Табиғи астан дәм татсын, құрт-майын жесін» деген ниетпен бұрындары сиыр ұстаса, қазіргі кезде сүтті ешкі ұстайды. 

Осылайша бір уақ бос жатпайтын еңбекқор атамыз осы күні науқастанып қалыпты. Соған қарамастан өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, қиыны мен қызығын қатар көрген, өзіне қашанда қамқор болған өмірлік серігіне деген сезімін білдіруді жөн көріпті. Осы мақсатта Райхан апамызға жүзік сыйлағысы келетінін балаларына сыр ғып ақтарғанын естігенде жанарыма жас үйірілді. Білім саласына сүбелі үлес қосумен қатар ошағының отын маздатып, қазанын қайнатып, қызғалдақ-қыздарын баптап өсірген, сөйтіп, өрісін кеңейткен кеңпейіл, ақжүрек, мейірбан қосағына деген кіршіксіз құрметін білдіргісі келген қарияның бұл ниеті, ықылас-пейілі ескірмеген махаббаттың айқын көрінісі, айнымас дәлелі дер едім.

Олай болса, 80 жаста да ғашықтық сезімін суытпаған өмірге іңкәр қариялардың мерейлі жастары құтты болсын деймін! Аман болыңыздар, абыз қариялар!

Ұлбосын ИСАБЕК