АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 23.10.2020
Оқылды: 1313
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Салтанат сарайында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің мерекелік жиыны өтті. Мерекелік басқосуға Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов және осы салада нәтижелі еңбек етіп жүрген әлеуметтік қызметкерлер қатысты.

Облыс бойынша 2020 жылы аз қамтылған және ерекше мәртебесіндегі 33,7 мыңнан астам азаматқа 5 миллиард 567,7 миллион теңге мөлшерінде әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұл салада 3 мыңнан аса қызметкер еңбек етеді. 76 ұйым арнаулы әлеуметтік, 46 бөлімше үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетеді.

Жұмыссыздықпен күрес бағытында іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде еңбек нарығындағы жағдай тұрақтанып келеді. Экономикалық белсенді халық саны жыл сайын өсіп, соңғы 10 жылда 1,4 есеге артты. Үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңірде жаңа өндірістердің ашылуы, шағын кәсіпкерліктің дамуы және инфрақұрылымдық нысандардың іске қосылуы есебінен 56,2 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 30 мың 100  тұрақты жұмыс ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайыздан 4,8 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізуге «Еңбек», «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары ықпал етті. Әлеуметтік топтарға жәрдемақы төлеу мерзімді жүргізіліп, қызметтерді ұсыну сапасын арттыратын инновациялық технологиялар енгізілуде.

Мерекелік басқосуда облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, мереке иелерін құттықтады.

– Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері! Баршаңызды мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің қай саласын алып қарасақ та әлеуметтік салаға артылған жүктің салмағы ауыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру – мемлекет саясатының басты мақсаты деп атап көсретті. Сіздер осы жолда нәтижелі еңбек етіп келесіздер. Тәні ауырған жандардың жанын жабырқатпай, мейірім шапағатын төгіп жүргендеріңіз үшін облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан алғыс білдіремін. Қоғамымыздың тұрақтылығы мен тұрғындардың жақсы өмір сүруі үшін әлеуметтік салаға баса көңіл бөліп, бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілете беруіміз қажет. Осыған сіздер де барынша үлес қоссаңыздар біз биік белесті жақсы нәтижемен бағындыратынымыз анық, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты жиында Батыржан Құлаймергенұлы әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі, көп жылғы адал еңбегі үшін «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Алма Нұрмыхановаға, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі болу орталығының директоры Әлия Садықоваға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қаратал» күндізгі болу орталығының директоры Ирина Байғазақоваға «ҚР Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалін табыстады. Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік сала қызметкерлерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Алғыс хатымен марапаттады.

Облыстық «Еңбек жолы» байқауында «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша сарқандық Қалиевтар әулеті 1 миллион теңгеге ие болды. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атанған Сарқан аудандық «Нұр» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Айгүл Асқарова 500 мың, «Өндірістің үздік жас жұмыскері» «Мойнақ ГЭС» акционерлік қоғамының электромонтері Ахлидин Курбанов 50 мың теңгелік сертификатты иеленді.

Мерекелік шарада тікелей байланыс арқылы Қаратал ауданының әлеуметтік саласында көп жыл бойы қызмет еткен еңбек ардагері Серік Амандосов жастарға күрделі де жауапты қызмет жайында кеңінен түсіндіріп, әлеуметтік сала қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтаса, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жас маманы Жансерік Адиахметов үлкен құрметке лайық жандардың еңбектеріне табыс тіледі.

Кеш Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертімен жалғасты.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы