Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ ҚАНДАЙ? ЖАЛАҚЫСЫ ҚАНША?

Уақыты: 18.11.2020
Оқылды: 359
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекеттік қызметкер халықтың мүддесі үшін еңбек етіп, аймақтың әлеуметтік дамуына ықпал етуі тиіс. Әйтпесе көпшілік жергілікті атқарушы органдарға ғана емес, мемлекет астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы құзырлы мекемелерге де шағым түсіруін қоймайды. Мұндай мәлімдемені «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат БЕЙСЕҚҰЛОВА жасады.

«Kaztalks» форматында өткен жиында Жетісу жеріндегі мемлекеттік қызметкерлердің саны мен сапасы, еңбегі мен жалақысы жайлы әңгімелеген департамент басшысының айтуынша, облыстағы 7760 мемлекеттік қызметкердің 4245-і жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыстық әкімдікте, басқармаларда, аудандық әкімдіктерде, ауылдық округ әкімдіктерінде еңбек етсе, облыстық департаменттерде, инспекцияларда қызмет ететін 3515 қызметкер айлық жалақыны республикалық бюджеттен алады.

Мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақысы еңбек өтілі мен лауазымдық санатына байланысты. Мысалы, ауылдық округтегі мемлекеттік қызметкер 105 мың 225 теңге, аудандық деңгейдегі қызметкер 111 мың 171 теңге, облыста еңбек ететін мемқызметкер 127 мың 388 теңге жалақы алады. Бұл - орташа көрсеткіш. Одан бөлек, бүгінгі күні облыста «Болашақ» бағдарламасымен білім алған 1 маман, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясын бітірген 13 қызметкер, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған 71 маман еңбек етсе, ғылыми атағы бар мемлекеттік қызметкерлердің саны 21. Осының өзі мемлекеттік қызмет саласының сапасынан хабар берсе керек.

Мемлекеттік қызметкерлердің этикалық ұстанымын қалыптастыру үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, қоластындағы әріптестеріне жанашырлықпен қарау, келушілерге сыпайылық таныту, ұқыпты, таза киіну секілді қарапайым қағидаларды берік ұстану шарттары алдыңғы орында тұр. Соған байланысты бүгінгі мемлекеттік қызметкердің шынайы бет-бейнесі қалыптасады.

Тақырыпқа байланысты Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли мемлекеттің мүддесін қорғау, мүлкін сақтау, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау қазіргі мемлекеттік қызметкерлерге артылар басты жауапкершілік екендігіне тоқталып, қоғам мен билік арасына алтын көпір қызметін атқаратын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлердің шынайылық, тақырыпты жетік білуі, ақиқаттың барынша ашылуы секілді мәселелерге мұқият болуы керектігін атап өтті.

Одан соң «Время», «Литер» газеттерінің Алматы облысындағы тілшісі, «Достық үйі» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Сандуғаш Дүйсенова, блогер Қайрат Абдрахманов кезекпен сөз алып, мемлекеттік қызметкерлерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңы сұрақ-жауапқа алмасты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы