Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ АЛДАҒЫ ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 28.11.2020
Оқылды: 641
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВТЫҢ аудан әкімдерін тыңдау шарасы ары қарай жалғасты. Осы жолы Амандық Ғаббасұлы Талғар, Еңбекшіқазақ, Балқаш, Жамбыл және Алакөл аудандарының 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық жоспарын тыңдады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Талғар ауданының әкімі С.Ерекешевтің айтуынша, ауданда экономиканың негізгі салаларында өсім сақталды. Жыл соңына қарай барлық межеленген көрсеткіштерге жетуге толық мүмкіндік бар. Дегенмен, Талғардағы арық жүйелерін реттеудің, Бесағаш, Талдыбұлақ, Амангелді, Қызылқайрат, Кеңдала, Қызылту, Нұра ауылдарындағы жаңа құрылыстар салынған жерлерге электр желілерін жүргізудің, ауданның 35 км жолына орташа жөндеу жұмыстарының құжаттамаларын әзірлеуге, сол сияқты 95 км жолын ағымдағы және орташа жөндеуге қаржылай қолдау қажет.

Аудан орталығында Сервистік әкімдік ғимаратын салудың қажеттілігі туындаған. Оның құрылысының құжаттамасын әзірлеуге де көмек керек. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, ауданда тұрғын үй салуға арналған 4,5 га жер бар. Бірақ оған әзірге инженерлік желілер жүргізілмеген. Егер қаржы қарастырылса, инфрақұрылым жасалып, алғашқы кезекте 5 үйдің құрылысы басталмақ.

Амандық Баталов Алматының маңында орналасқан Талғардың ең перспективалы ауданның қатарында екенін, алайда ондағы тұрғын үй құрылысының қарқыны соған сәйкес емес екенін сынға алды.

- Тұрғын үй ең көп салынуы тиіс аймақ болса, ол Талғар болуы керек. Халқы тығыз орналасқан, баспанаға деген қажеттілігі үлкен, солай бола тұра, үй салу жұмысында жүйелілік жоқ. Бір үйдің кілтін беріп жатқанда келесі кезектегі үйлердің 4-5 қабаттары көтеріліп, келесі үйлердің орны қазылып жатуы керек. Осылай құрылыс қарқыны үздіксіз циклды түрде жүруі керек еді ғой. Облыстық құрылыс басқармасы мен аудан әкіміне аудандағы тұрғын үй құрылысын, соның ішінде, мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үймен қамту мәселесін жедел жолға қоюды тапсырамын, - деді А.Баталов.

Еңбекшіқазақ ауданы да 2021 жылды толымды жетістіктермен қорытындылағалы отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі дамыту үшін аудан әкімі Қ.Қашқымбаев бірқатар келелі мәселелерді алға тартты. Соның ішінде Масақты, Сөгеті, Шелек ауылдық округтеріндегі суару каналдарының жөндеу жұмыстарына, сол сияқты инженерлік-ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру бағдарламасы аясында суару жүйелерінің жөндеу жұмыстарын аяқтауға, 17 ауылдың ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жасауға, Есікте 2 көпқабатты үй және Шелек ауылдарында 1 тұрғын үй салатын алаңдарға инфрақұрылым жүргізуге, үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында дайындалған жобаларды жүзеге асыруға қолдау қажеттігі айтылды. Одан бөлек 26 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді.

Аудан басшысының хабарламасын тыңдағаннан кейін Амандық Баталов Еңбекшіқазақ ауданы облыстағы әлеуеті зор аймақтың бірі, халық саны жағынан да алдыңғы қатарда, тау бөктерінде орналасқандықтан артықшылықтары бар, мал шаруашылығын өркендетуге мүмкіндігі мол екенін еске салды. Айтылған өзекті мәселелердің барлығының шешімін табуына қолдау жасалатынын, дегенмен кезек күттірмейтін мәселелерді іріктеп, бірінші кезекке қою керектігін айтты.

- Ең бастысы, ауданға инвесторларды көптеп тарту керек. Қажет болса, ауданда инвестфорум өткізіңдер. Ұсыныс білдірген инвесторларды біз қашанда қолдаймыз, - деді А.Баталов.

Балқаш ауданының әкімі өз кезегінде өзекті меселелерге тоқталып, Балқаш көлі жағалауынан ауланған балық тасымалы мен балық аулаушыларға жағдай жасау үшін ауылдар арасына екі көпір салуға көмек сұрады. Сол сияқты Құйған, Қарой, Жиделі ауылдық округтерінде орналасқан туризм объектілеріне апаратын жолдардың сапасын жақсарту да - уақыт талабы.

Бақанас ауылында жалгерлік тұрғын үйлер салуға қажетті инженерлік инфрақұрылым тарту, Жиделі, Үлгілі, Алтынсарин мектептерін күрделі жөндеуден өткізу, сондай-ақ, сумен жабдықтау, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, денсаулық, мәдениет, спорт нысандарын жөндеу жұмыстары жайлы да айтылды.

Облыс әкімі барлық айтылған мәселелерге кезең-кезеңімен қаржы бөлініп, тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сол сияқты өңірді газбен қамту ісін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жамбыл ауданында жыл соңына қарай 300 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысына қажетті құжаттар дайын болады. Аудан әкімі Б.Әлиев облыс басшысынан сол үйлердің құрылысын жүргізуге қаржы бөлінуіне ықпал етуді сұрады. Сол сияқты ауданның бірқатар елді мекендерінде инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдері де әзірленген. Тұрғын үй құрылысын жүргізумен қатар қолданыстағы кәріз жүйесін қайта жайғастыру мен құрылысын жүргізу мәселесі де туындап отыр. Алдағы уақытта кәріз жүйесін кеңейтіп, жаңғырту көзделуде. Соған да облыс тарапынан қолдау қажет. Оған қоса аудандағы Жамбыл атындағы өнер мектебін жаңадан салу туралы да ұсыныс білдірді.

Облыс басшысы Амандық Баталов ауданның тауарлы сүт фермаларын, мал бордақылау алаңдарын құрудағы баяулығын сынға алды. Мал шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсіптерін ашуға жұмыс істеу керектігін ескертті.

Алакөл ауданының әкімі Ә.Жақанбаев өңірдің әлеуетін одан әрі тиімді пайдалану мақсатында бірқатар мәселелерді шешу қажеттігін жеткізді. Мәселен, ауданда жалпы 41 мың гектар суармалы егістік көлемі бар. Бүгінгі күнге соның 31,5 мың гектары немесе 75,6 проценті ғана пайдаланылып, судың жетіспеуіне байланысты толық игерілмеуде.

Соған байланысты шаруашылық су жүйелерін жөндеп, Жаманты өзені бойынан су қоймасын салу қажет. Облыстан қолдау болса, Лепсі ауылында спорттық сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу, Ақшидегі «Жалын» балалар лагерін қайта жаңғыру жоспарда бар. Сол сияқты 900 млн. теңгедей сомаға туризмді дамытудың негізгі нүктесі болып есептелетін Көктұма және Ақши ауылдарының электр желілерінің құрылысын жүргізуге қажеттілік туындаған. Қабанбай ауылында, Үшарал қаласында тұрғын үйлердің құрылысына, аудан орталығында 250 орындық аурухана, Халыққа қызмет көрсету орталығын салуға қолдау қажет. Осы және басқа да әлеуметтік-экономикалық саладағы бірқатар түйінді мәселелерді баяндаған аудан әкімі Ә.Жақанбаевтың ұсыныстары облыс басшысы тарапынан қолдау тауып, тиісті қаражат бөлінетін болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"