ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ

Уақыты: 15.06.2024
Оқылды: 1236
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады» – деп халқымыздың біртуар перзенті  Мұхтар Әуезов тіл жайында айтқан.  Тіл туралы айтудан және жазудан ешқашан да жалықпау керек.

Бауыржан Момышұлының «Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмейуі, не шала білуі мені қатты қыңжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі» деуі тегін айтылған сөз емес. Бүгінде қазақ тілінің қолданысына қарап іштей күйінесің. Өзге ұлт былай тұрсын, орыстанып кеткен өз қазағымыздың қазақша сөйлей алмай тұрғаны көңілге қонымсыз. Өз мемлекетімізде жүріп қазақ тілінде сөйлемеуімізге не кедергі? Өзіміз ана тілімізді сыйламай тұрғанда өзге ұлт қазақ тілін қалай құрметтесін? Ана тіліміздің қадір-қасиетін арттырып, дамыту халқымыздың  қолында. Қазіргі таңда қолданыстан қалып, жойылып кетуі  мүмкін тілдер бар. Сол себепті, әр азамат өз тілін құрметтеп қана қоймай, дамытуға әрекет етуі керек.

Тіл – ол атадан балаға сақталатын баға жетпес асыл қазына. Әр азамат көп тіл білгені, өзін дамытқаны абзал.  Бірақ қазақ халқында «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деп Бауыржан Момышұлы бекер айтпаған. Әлемдегі ең көп таралған тіл – ағылшын тілі, ең әдемі тіл – француз тілі деп жатады. Біздің яғни, жас ұрпақтың мақсаты осы аталған мемлекеттік тілдер қатарына өз ана тілімізді қосу. Ол үшін қазақ тілде еркін сөйлейтін, құрметтеп, насихаттай білетін ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет.

Қазақ халқының қазірге кезде басты кемшілігі өз тілімізді өзіміз қадірлей алмауымызда. Халқымыз тілімізді  қаншалықты құрметтейтін болса, басқа шет мемлекет алдында соншалықты дәрежесі биік болатын еді. Сол себепті әрбір азамат тілдің өркендеуіне үлес қосса, әлемдегі тілдер қатарынан ойып тұрып орын алуымыз әбден мүмкін. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін естен шығармайық!

Назерке НӘБІКЕНОВА
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің
3-курс студенті
Фото: osken-onir.kz