Ұлт мұрасын ұлықтау – ұлы парыз

Уақыты: 09.07.2024
Оқылды: 625
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың ұлттық рухын аспандатып, тарихтан ажырамас жан серігіне айналған әйгілі аспабы – домбыра. Оның қос ішегінен төгілген әсем сазды әуен  ұлт мәдениетінің мәйегі, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпының асыл айғағы. Сондықтан да көненің көзі, саз сарынды даналардың сырлы сөзі болып бізге жеткен қасиетті аспаптың қашанда орны бөлек. Елімізде шілде айының бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілген болатын. Атадан  қалған баға жетпес мұраны қадір тұтып, ұлт құндылықтарын ұлықтау әрбір азаматтың басты парызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыра күні – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен  бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына  арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі  дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді.  Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз, – деп баса дәріптеген болатын.

 – Ұлтымыздың ұлы мұрасы домбырадай киелі аспаптың тілін тауып, күй құдіреті арқылы ғасырдың сырын ғасырға жалғаған өнер иелерінің қашанда еңбегі ерен. Солардың бірі – Қазақстанның халық күйшісі, күйшілер одағының және авторлар қоғамының мүшесі, белгілі композитор, күй өнерін зерттеуші Мұқаш Таңғытұлы еді. Ол  заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу өмірге ғашық болып келеді» деген дана тұжырымына сай, бала жасынан өрелі өнерге ден қойып қасиетті қара домбыраны жанына серік еткен жан. Өкінішке орай аяусыз ажал күйшіні 60 жастан енді асқан шағында арамыздан жұлып алып кете барды. Дей тұрғанмен оның артында ұрпағы, тәрбиелеген  шәкірттерімен қатар ұлтқа мұра мол еңбектері қалды, - деп еске алады үзеңгілестері.

Мұқаш Таңғытұлы 1962 жылдың 15-ші желтоқсанында Шығыс Түркістанның Тарбағатай өңірінде дүниеге келген. Өзі қаржыгер мамандығы бойынша жоғары білім алса да,талмай талпынысы мен ізгі ізденістері оны арман биігіне қанат қақтырып, ақындығымен қатар шебер күйші етіп жетілдірді. «Өнерлі өрге жүзеді» деген. Өнерімен дүйім жұртты таңдандырған алтын саусақты азамат 1990 жылдардан бастап ХІХ-ХХ ғасырларда Шығыс Түркістан өңірінде жасаған қазақ күйшілерінің өмірі мен өнер жолын зерттеуге білек сыбана кіріскен. «Ел іші – өнер кеніші» деген  осы орайда ол жұрт жүрегінде сақталған бұрынғы өткен күйшілердің 200-ден астам күйін жинап, өзі асқан шеберлікпен орындап, таспаға түсіріп, ел арасына кеңінен таратқан.  2000 жылдардың басында тарихи отанына біржола қоныс аударған дара дарын иесі жан сарайында алтындай сақтап, елге жеткізген күйлерді «Шалқар» , «Қазақ»  радиолары мен отандық телеарналарда орындап, ұлан-ғайыр қазақ даласының арайлы аспанында самғатқан. Осындай тер төгуінің арқасында ол ел Президентінің арнайы Алғыс хатымен марапатталып,  «Халық күйшісі» атағын еншілеген.

Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Жанғали Жүзбайұлының сөзінше, шығыс шерпе күй шеберлерінің көректі өкілі Мұқаш Таңғытұлының өнер саласына сіңірген еңбегі аз емес.  Ол жинақтап əкелген 70-тен астам күй бүгінде «Қазақ» радиосының алтын қорында сақталса, «Қазақтың 1000 күйі», «Мəңгілік сарын», «Қазақтың 500 күйі аманат», «Ұлы дала сазы» сынды отандық күй альбомдарына көптеген күйлер оның орындауында енгізілген. Мұқаш тек шертпе күйдің шебер орындаушысы ғана емес, айтулы ақын, белгілі сазгер. Оның  «Жайсаң», «Өткен күн», «Мұқаштың шалқымасы», «Ер тұтқа», «Зәмзәм» сынды 20-дан астам күйі, 50-ге жуық әсем сазды әндері бар.  Жұрт арасында кеңінен тараған бұл туындылар қазір өнер сүйер қауымның жүрегінен ойып орын алған. Күйшінің өнер қорына қосқан осындай елеулі еңбектері қашанда  жоғары бағаға ие. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі өмірден өткенге дейін  Алатау баурайындағы әсем шаһар Алматыда болып, өзінің елден ерек дара дарынымен талай-талай тың ән жазып, қазақ даласын күмбірлі күйге бөлеп өтті.

– Домбыра – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мұрасы. Барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп, ұмыт болған салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып жатқан бүгінгі күнде ел үшін еңбек ету әрбір жанның азаматтық борышы. Ал, өнер – мәңгілік. Шет шекарасы жоқ өнерді құрметтеп, өмірден өткен өнер дүлдүлдерінің еңбектерін қатпары қазынаға толы тарих парағына жазып қалдыру елін, жерін сүйген ұлтжанды азаматтардың көкейтесті арманы. Мұқаш Таңғытұлы өнерді сүйіп, ұлт құндылықтарын ұлықтап, кейінгілерге үлгі-өнеге сыйлап кеткен абзал өнерпаздардың бірі,– дейді танымал күй шебері Аршын Кәсімбайұлы.

 

.                                                                                    Айдын КӘЛІМХАН