Бір тәмсіл төңірегіндегі ой

Уақыты: 21.07.2024
Оқылды: 579
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың елдік сипатына, тегіне, ұлттық ұстынына немесе жалпы құрылымдық жағынан алғандағы әркелкілігіне қарата айтылған дүниелер жетерлік. Солардың дені дәуірмен көшіп бізге жетсе, ұлы байламы ғана ертеңгі ұрпаққа да ұран болары хақ. Үш жүзге бөлінген елдің үш түрлі сипатын айшықтар алдында тарихтан тамыр тартқан жөн. Алайда әлгі бөлініс оның географиялық, саяси, әлеуметтік жағынан ғана маңызға ие болмағанын, тектік тұрғыда да айрықша сипат алғанына мән беруіміз керек. Қан тазалығын сақтаған жер бетіндегі жалғыз халық есебінде де ерекше шабытпен толғануға негіз бар. Дегенмен осынау дүниені өзінің шолақ ақыл, кемтар пайымына салып алып, қаламын көститетін жазармандар да жетерлік.

Иә, кешегі тамырлы тарихқа көз жіберсек қазақ өзінің ішкі дүрдараздығынан, бақай есебінен, таққа, атаққа таласынан ғана жауға есе жіберіп отырған. Әйтпегенде ұлының өзі көзін қаһармандықпен тырнап ашар текті қазақтың батырлықтан, әбжілдіктен, ерге тән өжеттілік пен өрліктен кенже қалып, жау табанына жекпе-жекте тапталып, шайқаста қапы қалғаны тарихта тым сирек ұшырасады.

Алып Ер Тоңғадан берідегі небір ерлік пен өрлікті жіпке тізуге негіз бар. Алайда, жобамыздың көлемін шанақты етіп алғандықтан желдірде атап өтелік. Кешегі Айбынды Шыңғыс хан Орталық Азияны жаулап алып, төрт ұлына (Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле) бөліп берді. Ғұн, Сақтан бергі мыңжылдықтағы қағанаттар мен хандықтың ұлы арнасы Алтын Орда, Ақордаға ұласты. ХІV ғасырдың екінші жартысында алып империя тәуелсіз бірнеше аймаққа бөлінді. Мәскеу мемлекетінің күші және 1380 жылы Куликово шайқасында Мәскеу князі Димитрий Донской әскерлерінен империяның қатты жеңілуі салдарынан қағанат іргесі мықтап шайқалды. Соңыра, 1391-1399 жылдар аралығында Әмір Темір Алтын Ордаға бас көтертпестен екі дүркін күйрете соққы берді. Ал Тоқтамыс хан мен Едіге бидің өзара таласы айбынды Алтын Орданы одан сайын әлсіретті. Сол ғасырдың бірінші жартысында болгарлар, қазақ пен қырым бөлінді. Өзара дербес халықтар салауатты хандыққа бет түзеді. Сол шамада ноғай, қазақ, өзбек халықтары құрылса, кейіннен рухы мықты елдің дербестігін, жеке хандығын Жәнібек пен Керей хан алып шықты. Құндылығы мен тектілігін, діні мен дәстүрін сақтап қалған қазақ жүзге бөліну дәстүрі арқылы жерінің табиғи-географиялық ерекшелігіне икемделіп, үшке бөлініп тіршілік кешті. Ол, әрине, Ұлы, Орта һәм Кіші жүз. Алайда елдігі, рухы, ұлттық санасы бөлінген жоқ. Ал жалпы табиғатына қарай, мінезіне байланысты:

«Ұлы жүзді қауға беріп малға қой,

Орта жүзді қамшы беріп дауға қой,

Кіші жүзді найза беріп жауға қой», ­­ деп сипаттады. Мәтелге, тәмсілге айналған осынау ойдың шын төркінінде тек қазақтың мінезі, түпсанадан қалыптасқан адамгершілік, сабырлық, өжеттік, шешендік пен қайсарлық секілді қасиеттері менмұндалайды. Алайда, осынау дәстүр қалыптастырған ғажайып ойды бүгін өзгеше пайымдайтындардың бары қынжылтатыны жасырын емес!

«Ат басына күн туса ауыздықпен су ішкен» заманда етігімен су кешіп ер басындағы ауыр кезеңді жұртымен бірге көтерген, алып мемлекеттердің қызыл көзінен жерін қорғаған тұтас ұлттың шымыр-шымыр ойында нысаналы шындық бар. Алайда оны әртарапқа тартып, кемшін ой, кемелсіз ақылдың пұшпақ пайымына салып жібергенде не болады? Ел іргесі сөгіледі, бүгінгідей рулық індет жайлаған қоғамда дәстүрге, мыңжылдықтан түзілген ұлы ұстанымға зиян келеді.

Жуырда бір тарихи романды парақтап-тарақтап шыққанбыз. Қаламын еркін көсілткен жазушы заманалар тезіндегі тектілігін жоғалтпаған хан-сұлтандар мен бектердің, батырлардың ерлігін тізбелеп, арысы 5 ғасырға, берісі тәуелсіздікке тірелетін хандық, мемлекеттік кезеңнің біртұтас тарихына шолу жасапты. Сол романда: «Ұлы жүздің қолына қауға беріп қойға қой» деп жазып, ой сабақтайды. «Ел болудан қалған» деп қатаң үкім шығарады. Аталмыш тәмсілдің хақ иесі Төле би екенін айшықтайды. Содан соң барып: «Қалмақтың құлы болып қой бағудан өзге тірлік қолынан келмеген соң...» деп әлгі «қауға беріп малға қой» деген сөзге өзінше түсініктеме береді. «Мұндай шопандармен шоқыға шыға аламыз ба?» деп шабытбуды хәлде Ұлы жүздің барша атасы мен бүгінгі ұрпағына тас атқандай болады.

Ұлтты аздырудың, бөлудің ең оңай жолы бар. Ол ­–  төл тарихты рулық деңгейге түсіру. Өзіңнің руыңның сойылын соғып, өз руыңнан шыққан хан мен қараны, батыр мен бағланды ғана әспеттеп, өзге жұртқа, жалпы қазаққа «жұртпысың» деп қарамау. Міне, осындай қойторы хәлде ұлы шығарма жазғың кеп тыраштану немесе қаны сорғалаған тарихты өз қалпында түсіне алмау, бабалардың ұлы ойын түптеп тани алмау салдарынан туған жалқы пікір, өзіңе ғана тән пайым жалпықазақтық ынтымақтың ырысын рәсуа етіп жібереді.

Қазақ ешқашанда жаттың малын бағып жарасымды ғұмыр кешкен емес. Өз жеріне баса көктеп кірген жаумен аянбай айқасқан Ұлы жүзден тартып, барша ру, барша қазақ ата жауды тықсыра қуды. Көп жылдар Жетісу жерін қоныстанып қалған ойраттың ұрымтал тұсын күтті. Күллі қазақ сахарасы ынтымақтаса алмай, бір жағадан бас шығара алмай жатқан, дәуір көзімен алып қараған шақта сынықсүйем кезеңді құрайтын мезгілде Үйсіндердің өрісін жаудың иеленіп тұрғаны шындық. Алайда тұтас ел құлға айналып кетті дегенді қай тарихтан оқыды екен, ә?! Міне, осындай оспадар ой, сұйық сөз, лақпа пікір ұлттың ұлылары сабақтап берген дүниені сәтке жарата алмайтын ұрпақ үшін қатерлі.

Ұйқыдағы арыстандай жанынан жанай өтіп, тырнағыңды қатты батырмасаң өзгеге оянып, ләм демейтін сабырлық пен дегдарлық қанына сіңген Ұлы жүз тумысынан момын келетіні анық. Ал көсемі мен шешені көп шыққан, дәлмарлап сөйлегенге жаны құштар Орта жүздің дауда бәйге салдырмас мінезі бар. Батырлары мен бектері бір төбе, алақызба, өжет келетін Кіші жүздің батырлықта десі басым. Осынау үш жүздің үш қасиетіне қарата айтылған: «Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Орта жүзді қамшы беріп дауға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой», деген сөзде «Ұлы жүз балалары құлдық пен бақташылыққа ғана жарайды» деген сөз атымен жоқ. Міне, салғырттық! Міне, жазушының өз төл тарихына, бабаларының ұлы мұрасына тас атқан дәрменсіз хәлі. Әйтпесе, ұлы батырлары, найзагерлері мен нар намысты қолбасшылары көп шыққан өз елінің бір ұлысына, ұлы тармағына осылайша немкетті түрде тыжырына сөз сабақтай ма? Әйтпесе, айрандай ұюға тиіс, онсызда рулық деңгейден аса алмай жүрген қоғамында қазағына барақатты өмірге, бейбіт тірлікке бастар лайықты байлам жасауы тиіс еді. Ел танымына керекті сөзді тауып айту да өнер екенін осындайда ойлап, Есенберлиндердің еңсесі биік тұратынына осындайда көз жеткізеді екенсің...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: dzen.ru