ТАРИХТЫҢ ТҰНЫҚ ТАМШЫСЫ

Уақыты: 21.07.2024
Оқылды: 1562
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұшар басына қонған ата бүркіттің шаңқ еткен үнін естігенде ошарыла қарап, ойланып қалдық. Сарыжүректің шығыс беткейіндегі алып жартастың семсердей өткір жүзін тұғыр еткен түздің алып құсы балапандарын қорқады ма әлде бейсауыт жүрген үш-төрт қаралыдан қаймықты ма, ол жағы белгісіз. Алайда үрпекбас балапандарының еркіндігін көксеген ата қырандай қазақтың қан ішкен қайран ерлері Ұлы Далада ұрпақ қамы, ел теңдігі үшін қаншама рет шаңқ етіп үн түлетіп, қаншама рет тажалға тырнақ жүгірткісі келді екен деген ой кеудеде кептеліп қалды. Демалыстың соңғы күндері таяғанда туған жердің түп жусанын иіскеп, шыңына шығып қайтқан едік. Ал әуелгі ойға, жан тебіренісіне ата қыранның шаңқылы ғана емес, соңғы күндері оқып шыққан ғажайып роман де әсер еткен болар, кім білсін?!

Қазақ әдебиетінің қасиетті қамбасына қосылған «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясының авторы Әділбек Ыбырайымұлының шығармашылығымен бұрыннан таныспыз. Десе де аталған тарихи туынды жазушының шеберлігін, кең тынысты қаламгер екенін танытқан бірден-бір кесек дүние деп айтпасқа лаж жоқ.

Шерлі шежіре, тауанды тарих туралы толғанғанда көп дүниенің үзік-үзік елесін шалып, ойымызды түп бастаудан тартып сабақтай алмай жататын кезіміз болады. Алайда, қазақ әдебиетінің классиктерінің тегеурінді екпін, терсіңді еңбегінің арқасында тарихымыз түгенделіп, тұлғаларымыздың ағаш бесік пен жер бесік арасындағы ғұмыр-сүрдегі мейлінше қою жазылды. Қазақ оқырмандарына ғажайып шығармалар ұсынылды. Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын орда» романдарынан тартып жалпы тарихымыздың нобайы, ғасырлық тізбегі бедерленсе, Әуезовтың «Абай жолы», Мұқановтың «Аққан жұлдызы» арқылы тұлғалардың ғұмырбаяндық-хамсасы, яғни, өмірдерегі көркем түрде жазылып, өзегімізге сіңді. Соның арқасында «Баянауыл баурайында», «Найзағай», «Елең-алаң», «Үркер», «Аласапыран», «Жаяу Мұса», «Адасақақ» секілді тізімге алсақ 100-ден (бәлкім мыңнан) астам шығарманы оқып, тұлғалардың өткенімен танысып, елдің тарихымен тыныстауға мүмкіндік алдық. Осы ретте де «Семсер жүзіндегі серт» романы ерекше әсер береді. Өйткені бұл романда қайсар қазақ елінің тарихы ғана емес, бірнеше тұлғаның әдеби портреті айрықша сомдалған. Әсіресе, Абылайдың ақ туын көтерген қазақтың соңғы ханы Кенесарының тек пен кекті қатар қуған өмірлі, тарихы ұстыны мен келбеті, адамгершілігі мен асқақ мұраты мейлінше айқын таңбаланған.

«Семсер жүзіндегі серт» романының алғашқы томы, яғни, «Арланның азуы» кітабында қазақтың қилы-қилы кезеңі, ғасырларға ұласқан тарихы тәтпіштелген. Автор өзіне тән жазу стильімен, терең ізденіспен алғашқы кітаптың өзінде-ақ қазақ тарихының ең негізгі кезеңін қамти алған. Мұнда қырғыз манабы Орманбеттің анасының асына сауын айтуымен, оның шешесіне ас беруімен өрбіген шығармада Сүйінбай мен Қатаған айтысы ерекше айшықталған. Қос елдің рухын асқақтатқан ақындардың сөз бәйгесінде жыр сүлейі Сүйінбай бабамыз Қатағанды шаң қаптырып, жер-жебіріне жеткені көркем түрде көрініс береді. Осы аралықта ел тарихының ең негізгі дүниелерін автор ұтымды келтірген.

Шындығына келгенде жаугершілік замандағы қазақ тарихы дегенде көз алдымызға қазақ пен жоңғардың ғасырларға ұласқан қиян-кескі соғысы, одан бергі орысқа бодан болуы секілді негізгі аргументтерге мән береміз де, басқа детальдарды назардан тыс қалдырып жатамыз. Бұл орайда қазақтың «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген мақалына лайықты кейіпкер болған, қазақтың ең бір қиын кезеңінде етегінен тартып отырған қырғыз халқының сол замандағы шынайы бет-бейнесін, тарихи әсерін ұмыт қалдырамыз. Ал мұны Әділбек Ыбырайымұлы роман-трилогияда ерекше аша білген.

Қазақтың соңғы ханы Кенесары өлімінің басты айыптысы саналған Орманбеттің анасына берген ұлы асында ат төбеліндей қырғызды аямай жырмен сойған Сүйінбай бабамыздың саңлақ сөздерімен қатар өрілген тарихи оқиғалар тізбектеген. Мәселен: «Біреудің баласын, біреудің бой жетіп отырған қызын, ал біреудің некелі әйелі мен келінін қан қақсатып әкетіп бара жатқанын қиянат деп ойлайтын ол емес, керісінше, салтанатты жеңісінің көрінісі ретінде қабылдады», – деген жазушы қазақ пен қырғыз қатынасының қаншалықты елдікке, егемендікке кері әсер еткенін айтпаса да, жанға салмақ салғандай саралап берген. Мәселен, осындай барымта, жорық салдарынан қазақтың ауылын ойрандап, малын айдап әкетіп отырған қырғыз байекелер ағайындықтан танған-ды. Қаншама бекзат, асыл азаматтарымызды найзаға түйреп, қылышпен шапты. Өкінішті. Жан аурады, жүрек шымырлайды. Тіпті, романдағы қазақтың тұмса табиғатына бөленіп, тұнығын ішіп бой жеткен Айшекердей аруды өңгеріп алып кеткен қырғыздың Есенқұлы қатындарының үстіне қатын еткеніне қалай намысың келмейді? Ол аз дегендей бір бала таптырып, оны бәйбішесіне беріп, Айшекерді болмашы тиынға сатып жібергені жанарға жас үйірмей ме? 14 жыл әйелі еткен, ұл тауып берген, тірлігіне мойынсал болған, кектенбеген аруды осылай ит жемес тулақтай көрмеуі қазаққа жасаған қиянат емес пе? Сан сауал қармауында отырып оқыған романдағы бұл эпизод ет пен тердің арасындағы желіктей жүгіріп өткен намыстың ашу өрлігі десек, қазақтың батырларының басын кесіп кәллә мұнарасын тұрғызған жерге дейінгі оспадарлық пен опасыздықты қалай суреттей аламыз?!

Осындай жайттар, қырғыздың етектен басып отырған зымияндығы, ағайынды елміз деп отырып манаптары мен шоң шораларының, бектерінің қазаққа жасаған аярлығы жанға салмақ салады.  Әрбір ұсақ детальға дейін мән беріп, кеңінен тоқталып жазылған романның екінші томы, яғни, «Серт» кітабында Кенесары Қасымұлының ұлы өмір сүрдегі ерекше бедерленген. Әрбір оқиға көркем суреттелген.

«Туабітті ерекшелігі Кененің оң көзі қызыл да, сол көзі жасыл еді – нысаналы. Қызара жанған көзді аңдаған жат тайынып қаймықса, жап-жасыл көздің шарасын көріп, тіпті селк ете қалады». Жазушының суреттеуіндегі қазақ қанының қаһары қатты, екпіні ерен болуы тек сыртқы айбаты, жанарынан тепсіген ашу өрлігінен ғана емес, ұлы елінің ұнтақталып бара жатқанына деген азаматтық, бәлкім, хан тұқымына лайықты өрліктен болса керек деп ойлаймыз. Бауырлары Саржан мен Есенкелді жауыздардың қолынан жер құшып, әкесі Қасым аярлардың улауымен дүние салғанда мұндай кекті Кене алмай, кім алмақ? Ташкенттің құшбегі Бегдербекті кеңесеміз деп арнайы шақырып, отау тігіп басын алған, әскерін түгел бауыздап салған айбарлы ханның қаталдығы біріншіден кек болса, екіншіден қазақтың қайсарлығы емей не? Алайда Хан Кене басын кім үшін бәйгеге тікті? Өмірінің соңына дейін кім үшін  мықтымен тістесті, кім үшін жаралы қасқырдай жауына өршелене шапты? Мұны ұрпақ тереңнен ұғынған жөн. Ұғынып оқыған ләзім. Ол үшін де «Семсер жүзіндегі серт» романы Кенесары көкжиегін танытатын бірден-бір лайықты шығарма деп білеміз.

Айналасын жау алайы қоршап, бір бүйірінен қытай, бір тұсынан орыс жеріне көз алартқан шақта, ұсақ ұлыстармен де, қара ормандай елмен де ымыраға келіп, орысты ықтаған кешегі тарихымыздың тұлғаларын таспалаған романда Кенесары-Наурызбай өлімінен асқан өкініш бар ма? Елдің теңдігі мен еркіндігін көксеген, қаншама бекіністерді талқандап, қазақ елінің, жерінің азаттығы үшін арыстанша ақырған Кенесарының соңынан ермей, орыспен ауызжаласқан қырғыз манаптары мен бектерінің тексіздігінен семсер жүзі мұқалды. Сабы сынды. Осылайша көкіректе бір беріштей қатқан кек пен өкініш қалды.

Үш, тіпті 5 ғасырды қамтыған «Семсер жүзіндегі серт» романының үшінші томы, «Рух» кітабында жалпы қазақ елінің орыс отаршылдарына қарсы күресі және Кенесарының ұлы Сыздық сұлтанның ата жолын ар тұтып, хан күресін жалғастырғаны баяндалады. Тіпті, Абылай ханнан бастап бүгінгі тәуелсіздікке жарқын жол ашқан Алаш көсемдерінің ерлігі, ұлы ісі, қайраттай боздақтардың жаужүректілігі де роман желісіне көркемделіп күш бергендей. Оқып отырып кер заманның кесапатына күйінсең, жазушының шеберлігіне сүйінесің.

P.S. Жазиралы Жаркент жерінің құтты пұшпағы саналған, Әбілхан Қастеев баба туған Шежін аңғарынан өрлеген тұста ұлы жон, биік шың менмұндалайды. Оның басындағы қызыл тастар алыстан қараған жанға сап-сары жүрек болып көрінетіні бар. Ұлы тарихтың тамырына қан жүгірткен, ерлігі мен өрлігі ұрпағына мирас болған Үйсіннің бір арнасы мұндағы суретке қарап «Сарыжүрек шыңы» деп атаған. Осынау шыңның басына шығып тұрып «Семсер жүзіндегі серт» романының әр оқиғасын санада сараптадық. Осылайша тебірендік. Үш жүздің төл тарихын арқау еткен шығарманы Мемлекеттік сыйлыққа сұранып тұрған туынды деп те ойладық...

АРДА БИ