Астананың аспаны (өлең)

Уақыты: 06.07.2023
Оқылды: 915
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Күні кеше Сарыарқаның төсінде күллі қазақ ақындарына алдын ала сауын айтып, сүйіншілеген «Жасай бер, жайнай бер, Астана!» атты республикалық жыр мүшәйрасы өтті. Астана қаласының 25 жылдығына орай өрнек тапқан бұл додаға қазақияның түкпір-түкпірінен жыр жүйріктері қатысты. Осынау мүшәйрада бас жүлдеге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбайдың «Астананың аспаны» топтама өлеңі лайық деп танылды. Кіл жүйрік арасынан оза шапқан ардакүрең ақынның аталмыш туындысынан алынған үзіндіні оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

І.

Астананың аспаны...
Айдай ашық,
Көк пен жердің арасы аймаласып...
Сарыарқаның сағымы сайда адасып –
Көкжиектер барады қайда қашып?

Астананың аспаны...
Күндей жарық,
Ақ сәулесі көшеді бірге айналып.
Ілгеріге іркілмей керуен тартқан –
Түндері де кірпігін ілмейді анық.

Төбел бие сойдырып,
төске көшіп,
тербетейін деп едім кешке бесік.
Қараөткелден қара өлең өргізейін –
Есіл де есіл Есілден ескек есіп.

Бұл жалғаннан іздейді ақын бақыт,
Жанындағы жалынын лапылдатып.
Бақтарының басына құс қондырам –
Ақпанының аязын сақылдатып.

Астананың аспаны...
ашық таңдай,
Өміріңнің өзенін тасытқандай.
тамырында тағдыры –
тал-терегі қолтықтасып барады ғашықтардай.

Құстарының кернеген жыр көмейін,
Әуеніне құлақ сап үлгерейін.
Құртқа-күнді көгіңде күлімдетіп,
Бұлттарыңды ысырып бір көрейін.

Берекесі байтақтың белағаштан,
Көкейімде көнермес – көне дастан.
...Бас қаланың басына бақ байладым
Астананың аспаны – бөлек аспан!...

II.

Апайтөсті Арқада арыстан бел Астана,
Тағдырлары талайдың табысқан жер Астана.
Хас сұлудың өрілген қос бұрымы секілді –
Есіл-Нұра егізім қауышқан жер Астана.

Керуен тартқан күндерде шайқалмаған қаймағы,
Бұл Астана – наркескен намысымның қайрағы.
Бәйтеректің басынан желбірейді қайтадан,
Абылайдың қолынан сусып кеткен байрағы.

Көзайым боп көз тіккен жарты ғалам – Астана,
Ақбозындай Алаштың арқыраған – Астана.
Талайлардың ырысы асып-тасып Арнадан,
Қабанбайдың қылышы жарқыраған – Астана!

Ай нұрына қарасам айғақ кешкен Астана,
Бес қаруын бойына сайлап көшкен Астана.
Боталаған көзінің жасын сүртіп желменен –
Сәкен ағам тар жолда тайғақ кешкен Астана.

Жұмабектей арысым Хақты ойлаған Астана,
Қазыналы Қанышым бақ байлаған Астана.
Есіл де есіл күндерде тоғайына Есілдің –
Ақан сері бабам кеп ат байлаған Астана.

Ерке Есілдің жанары мөлдіреген Астана,
Елдігімнің көк Туы желбіреген Астана.
Тілегіне жұртымның тірек болып жаралып –
Жүрегіме жатталған сол бір өлең Астана!

III.

Ағараңдап Анамның орамалы,
Ақ бұлттарға айналар одан әрі...
...Есіл-Нұра бойында еңку шалып
Жылқы айдадым түсімде көкалалы.

Толқындары тұнықта тұнған Ардай,
Сыңғыр қағып қояды сырғалардай.
...«Қараөткелдің бауыры қалың шұбар» –
Иманжүсіп жарықтық жырлағандай.

Керуенді күндердің дастанындай,
Қасиетті сәттер-ай қас-қағымдай.
Күн қаласы күлімдеп оянады –
Түн баласы жарқырап аспанында Ай.

Сағыныштың саздары самалында,
Қара орманның киесі қабағында.
Ен жайлаған Есілді елді көрдім –
Жалт-жұлт еткен жасыны жанарында.

Астана бұл!
Жаратқан Хақ-Тағалам,
Байтағына басынан бақ қараған.
...Көз қадайды ақ бұлттың арасынан –
Ақ орамал тағып ап аппақ Анам.

Көңілімнің көктемгі құсы ма едің,
Беу, Астана!
жаныңды түсінемін.
Ана болдың Алаштың баласына –
Араласып кеткелі түсім, өңім...