Абай бастау болған дәстүрге нәр тамызған

Уақыты: 25.09.2023
Оқылды: 788
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Туған топырағының бір жусаны бүр атса бүкіл дүниенің игілігі қос иығынан құйылғандай момақан көңілімен маңғазданып, іші жылып, кейде арсы-күрсі кейіппен асқақтап, аруақтанатын ақын болған соң ба, шайырлардың жалпы психологиясына, дүниетанымына жазбасы арқылы сана жетелетуге тырысасың. Бірі қолындағы барын ақ жүрегінен аңқып шыққан жұпар жырлары арқылы оқырманға бірден олжа етер қарапайымдылықты ұстанса, бірі ойын «мұнардың мұнарының мұнарына бүркеу» (Асқар Сүлейменов) арқылы тым күрделі жолмен шиырлап, өлеңінің әр тармағына шымыр-шымыр байламдар бекітіп жатады. Қайсысын алып қарасаңыз да ақындықты аласартатын жолды таңдады дей алмассыз?! «Тау бір аңыз, тау дастан, таусылмаған әу бастан» – деген Мұқағали да, «Тау баурайы бу боп тұр, бұлыңғыр тұр, тістеп қапты тентек жел тілін қырқып»  деген Жұмекен де өз танымындағы замана көшін, уақыт тынысын, қоғам демін сезініп, бақи мен фәни сабылысындағы сергелдең, сейдін, сейіл шақтарды жүрегінен өткеріп, табиғатпен астастырып жырлауда. 

 

Осы «жыр» дегенде көңілінің қоңырауын күмбірлетіп, сан тақырыпта тебірене толғам жасаған Қайрат Әлімбектің кескін-келбеті көз алдыма келеді де тұрады. 
Қарашық алдында көлбеңдеген асқақ бейне, манат белдің топырағын тобықтан басып тұрып Мұқағалиша өсіріп, артқа қайырып тастаған шашын салалы саусақтарымен мәпелей сипап, жасын атқан жанарын тым алысқа жіберіп, алшайған арғымақтай маңғаздана ойланатын Қайрат ақынның бейнесі неліктен ой мен санадан, көз алдымнан кетпей қойды? Не құдірет көкірегімізді әлдилеген? Ең алдымен, жоғарыда атап өткен ақын психологиясы, түниетанымының күрделі де терең болуында шығар деп топшылаймыз. 

Рас, Мұқағали мен Жұмекеннің жырындағы жасын тектес алапат от тасқыны, мөлдір де майдақоңыр ағыс, таңғы шықтай тазалық Қайрат жырларының да қуатын арттырған қасиет пе дерсің?!

Өтуде күндер ізсіз де түзсіз бірыңғай,
Жүре де алмадым бет алған жақтан бұрылмай.
Талай да талай абдырап қалған кезім бар,
Емгісі келсе енесі тепкен құлындай.

Қаңбақтай көңілім арманға қарай қарсы ақты,
Жер тепкен жүрек қалыпты шағын аңсатты.
Қайталап әркім түсірген құнын қымбатты,
«Сүйем» мен «Күйем» деген сөздер де шаршатты,
– деп келетін жыр жолдарынан нені аңғаруға болады? Жайшылықта оқырман ретінде оқи салатын қарапайым өлең болып көрінгенімен, сәп салып қарасаңыз осы бір («Болмыспен бетпе-бет») өлеңде ақынның танымындағы, сезіміндегі сан мың шарпылыс, ұлы сеңнің көшіп жатқанын байқай аласыз. «Өтуде күндер ізсіз де түзсіз бірыңғай», – деп өз осінен ауытқымаған тіршілікке алаң болғанын аңдайсыз. Абай айтқан өзіне-өзі есеп беру сағатында жасаған ісіне, түсірген ізіне көңілі толмай, «көңілдің көксеңгір шыңында қол бұлғаған даналыққа жете аламын ба?» деген алаңын да («Бір күні бір күніне ұқсаған адам – ұтылды». Хадистен) аңдайсыз. 

«Аңғарымпаздықтың» да зияны тиер ме еді, егер біз осы жыр жолдарындағы екіұдай сезімге берілген ақынның намыс-қайрағынан ұшқан қызылды-жасыл ұшқындарды қызықтап, жырына сыналап кіргізген ғажайып теңеуін байқамай кетсек?! Әуелгісі – «Жер тепкен жүрек қалыпты шағын аңсатты» сынды тармақтағы «жер тепкен жүрек» деген сөз яки теңеу, сізше қалай, кемшін түскен не сәтсіз қолданылған теңеу ме? Меніңше бұл өкінген, қамыққан, шарасыз қалғандағы қазақтың «жер тепті», «жер сабады», «санын сабалап қалды» деген тұрақты сөз тіркесін көркем түрде қотарып алып, Абай бастау болған дәстүрге өзіндік нәрді тамызу деп білемін. (Бейнелі сөздің шебері болған хакім Абай да өз кезегінде «Жас жүрек жайып саусағын» деп өлең өрнектегенін еске алыңыз).
Абай тағылымынан кейін түу баста толғамға тиек еткен Мұқағалиға қайта оралсақ, ақиық ақын: «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген, не тындырдың сүйемін, күйем менен?» деп жырласа, дәстүрлі поэзияның құнарына қанған қазақтың таланты да өзі еліктеген шайыр соқпағына түсіп: «Сүйем» мен «Күйем» деген сөздер де шаршатты», – дейді. Осындай көзге көрініп тұрған дүниелерді айшықтай келе, Қайрат Әлімбек поэзиясының нәрі мен әрі неде екенін анық аңғарасыз...

Көктұма жанның арманы,
Көзіме сыймас, кең далам.
Құшақтап алсаң болғаны,
Құдайдай болар пенде-адам.

...Қарызым көп-ау алдында,
Қинайды, далам, мың сырлы ой.
Көңіліме қонып алдың да,
Кеудеме сыймай жүрсің ғой
, – деп туған жерге деген ұлы махаббатын асқақ күйде бедерлеген Қайрат Әлімбек Жетісудың манат беліне, мақпал жотасына бала жастан іңкәр болған талант-тақсыры. Жазиралы Жаркент топырағының құсни қонысына мамырлап қонған елі мен сол елдің барақат-берекетінің өтем-өлшеміндей болған түлігіне, аң-құсына ақкөкірек сезімін түлеткені анық. Одан кейін аталы сөздің кесімдісін көмейден сауған әулиелер мекені – Қараталдың қаптал жағасындағы сыңсыған тоғайлы алқапқа, суында ойнаған балығына, сан тіршілікке тояттап өсті. «Көңіліме қонып алдың да  кеудеме сыймай сүрсің ғой», – деуінің астарында салқар қазақ даласына деген тамшыдай сезімін Жетісуда жүріп дарияға ұластырғанынан болар?! 

Не десек те  «Дала – ойдың Отаны», «Кетілген тұяқ жетілер»  деген секілді ғажайып байламдар жасаған, оқыс теңеулерге барған, өлеңіне өмірді жүк қылған, сол тағдырдың зілмауыр салмаған жырының иығына теңдеген дарын иесінің негізгі көксегені – көксеңгір шың, мұсатыр мұз басқан асқар болса керек. Даласының дарқандығына, салқар түзінің құшағына құлағанда («Құдайдай болар пенде-адам») аруақтанып кететіні де жырынан аңғарылады.  Ал махаббатқа келгенде тіптен екіленіп алатын есті ақын:

«Тотияйын көкке қадалып қалған оқ шыңдар,
Жасылдай кездің таралып аққан көк сулар.
Керемет күннен көлеңке болып көлкіген,
Кеудемде бүгін сендерді аңсап өксу бар!..

Қыземшек тауға қиялай салған көп ғашық, 
Кер жолын қазір кеткен де шығар шөп басып.
Мұрадан мені көздеп те тұрған шығар-ау,
Көгілдір тауда қарағай біткен топтасып,
– деп мынау жалған көшіндегі адамның ең қастерлі сезімі болған жастығын, жастығында жайраңдап жүрген жайлауын аңсап, «керемет күндерін» сағына отырып Жұмекеншелеп кететін Қайраттың арыны мен дарыны кімнен кемшін еді?! Әлбетте, бүгінгідей кітапты жастанып оқитын олжалы оқырманның санаты азайған шақта, саф алтынды жарқырата таныта алмай, жабылып тани алмай жатқан уақытта қарапайым ғұмыр кешкен («Қызықпай атаққа да, мәнсапқа да өмірден өтсем болды ән сап қана» Ә. Дәуренбеков) қазақтың бәрін бауыр-дос көрген ақынның асылын кім айшықтай алсын?! Десе де біздің көңіл осындай тұнық жырлармен сусындағанға шын қуанғанымызды жасыра алмаймыз. Расында Қайрат Әлімбек ХХ ғасырдың екінші жартысында маздақ жырларын маздатқан аса қуатты ақындарымыздың бірі екенін қайталай қуаттадық.

Ей, қысқы бұлт, сәлемімді алып ұш,
Жеткіз менің алыстағы досыма.
Қар-парашют жаудырғанда сағыныш,
Аэропорт – алақанын тосты ма?! –
дейді «Сағыныш әлемі» атты өлеңінде Қайрат ақын. Дәстүрлі ұғымнан тысқары кетіп, барынша еркін көсілген бірегей талант иелері секілді өзінің жан сезімін, аңсарын, сағынышын осындай тосын теңеулермен зерлегені де жарасымды емес пе?! Ал манауратқан мақпал сезімін, алаулатқан асыл аңсарын:

Ақ қайыңдар үйірінде, 
Қандай тәтті гүл иісі.
Тұрып қапты иірімде,
Қыз Жібектің жымиысы.

Жауһар – ойға жүздім бе өзі?!
Жалт қарадым таныдым да.
Мен сүйетін қыздың көзі,
Ақ қайыңның қабығында
, – дейді. Қандай перизатқа пенделік хәлмен жыр түлеткенін кім білсін, әйтеуір тым асқақ тұрғыда тебірене келіп соншалықты нәзік жыр саптайтын ақынның танымы мен тағылымды ойы бізді қайран қалдырады. «Пәк жанымның аспаны шұрық тесік, жарға салған құстардың ұясындай», – деп сонау күмбірлі көне замандағы Мәжнүндей төменшіктеп отырып, кейде азаматтық асқақ үнін:

Емде енді сырымды ұқта,
Жанымды мына менің.
Алтайы сұлулыққа,
Тік түсер қыран едім,
– деп шамырқанады. Бірде жанып, бірде күйіп, күйініп, бірде суынатын осындай сезім халін әрбір ақын басынан кешсе керек. Ол сезімнің негізгі өзегі аруға, бір сұлу не «шүйкебасқа» деп білген, солай таныған оқырман үлкен қателікке басқаны дер едік. Дүниенің мәнін, әрін, дәмін кіргізген әйел задында күллі әлемнің құдіреті, сұлулығы, сыры жасырынғанын, соны өлең ету арқылы адамзаттың асыл сезімін жоғары сатыға шығаруды, өзінің шабытын, ақындық қуатын тың жолда игеруге ұмтылғаны емес пе ақындардың?!

Хош, біздің ұғымда құдіретті жырдың иін қандыра алған ақындардың санатына жататын Қайрат Әлімбек танымындағы тағы бір дүниені айрықша айшықтап кетуді жөн санап отырмыз. Ол ақынның көк аспанды, зеңгірді, шыңдарды, жалпы айтқанда биіктікті жақсы көріп, соған құлаш ұруы. Мәселен, ақын екі жырының бірінде: «Тігеді көзін көк шыңдар», «Пәк жанымның аспаны шұрық тесік», «Даланың түнергендей манар көгі», «Татьяна көзді аспаным анау тұп-тұнық», «Тотияйын көкке қадалып қалған оқ шыңдар» деп биіктікті, аспанды айрықша жырына қосады. Осыдан-ақ ақынның жаны асқақ, рухы биік, көз тастар көкжиегі тым әріде екенін, сол бір көксеңгір көкті аңсап өмірден өткенін аңғаруға болады.

Дау да, сөз де жоқ, өткен буынның ішіндегі ең бір нәрлі жыр түлеткен, кесек болмысымен, азаматтығымен есте қалған ақынның бірі Қайрат Әлімбек екенін оқып-біліп, замандастарының аузынан естіп те жүрміз. Айтауыттың 60 жылдығын ел болып тойлап, Жетісудың төрінде дүркіреткенде қолымызға «Жоқ іздеген жігіт» кітабы түскен еді. Осынау мерейтойға орай құрастырылған кітапты парақтап-тарақтай келе Қайрат ақын «Қара өлеңнің Қайратына» айналған тұлға екеніне көз жеткізсек, екінші түйгеніміз – ақынның өткен тұлғаларға тағзым жасап, әдебиет алыптарының денін ұстаз тұта білгенін байқадық. Бір жырында еліне, Мұқағалиға ұқсап мұң шақса, бір жырында Жұмекенше еркін көсіліп, келесісінде Тұманбай, Төлеген, Жұматайларша көсілтеді. Мәселен:

Туған жердің шыдап тұр тауы қайтіп,
Жаңғыртыңдар, жартастар, дабырайтып.
Той жасаймын халқына Жер шарының,
Жөңкіліңдер, көкке бұлт, сауын айтып.

Қараңғысы қашты әрі күйіп түннің,
Күндегіден мен бүгін биік тұрмын.
Қаскөй жандар, сендер де қысылмай-ақ,
Дәм татыңдар қолынан сүйіктімнің, –
деген жыры Төлеген ақынның «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп келетін ғажайып жырымен өзектес, сарындас емес пе? Осы орайда қазағын ет жүрегімен езіле сүйген Қайрат ақынның Төлегенді пір тұтып, оның лирикалық жырларын жастанып оқығанын білуге болады. Алайда, ақынның 60 жылдығына орай құрастырылған кітапта қателік кеткенін жасыра алмаймыз. Бүгінгі таңда біреудің жырын біреуге таңып, көзі тірілері бірін-бірі сөгіп жатқан уақытта ондай қателікті мақтан, абырой үшін немесе өз пайдамызды ойлағаннан емес (Ұпай жинау мақсатында), кейінгі кітап құрастырушылар қаперге алса екен деген жанашырлықпен айта кетуді жөн санадық. Аталмыш кітаптың соңын ала «Жарияланбаған жырлардан» деген айдармен санаулы өлең беріліпті. Бұл айдардағы, әрине, ақынның қолжазбасынан көшіріліп алған жырлар екені ұғынықты. Сол өлеңдер қатарында «Мені ойла» өлеңі бар. Бұл негізінен қазақтың классик ақыны Төлеген Айбергеновтің туындысы екені анық. Алайда бұл кітапта Қайраттың жазбасына «телініп» кетіпті (Арнайы жариялап отырмыз). Мұндай кемшілікті көріп «жерден жеті қоян тапқандай» қуанатын, осының өзін соншалықты толғамға орап бір ақынды биіктетіп, екінші ақынды аласартар жазарман қатарынан болмаған соң, келешектегілер кемшіліксіз кітап құрастырса екен дейміз-дағы.

Иә, қалай дегенмен де өзінің ақындық болмысына сай ғұмыр кешкен, ақ жүрегі аңқылдап жүріп қамал алар шағында қыршын кеткен талант-тақсырының ақиық қырандай биікті аңсап өткенін аңғардық. Біз аңғарып, оны біз сәт еске алып отырғанда, бәлкім, ол:

Алыстардан көз арбаған қарлы шың,
Ата мекен, Қарт жоңғарым, армысың!
Көне тарих куәсі ататауым,
Жұлдыздай көп саған айтар алғысым,
– деп жырлаған жоңғарының жел жетпеген, тек күн сәулесі сүйген күміс шыңына әлдеқашан шығып та алған болар?!

Ол биікке бойлаған-бойламағанын Алаштың алдияр оқырмандары тұтас жырына бас қойғанда барып қанығары анық. Ал біз өз пайымымызды жұмбақ күйінде қалдырғымыз келеді...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ