ӨТІП ЖАТЫР ҚҰРАЛАЙ КҮН (ӨЛЕҢ)

Уақыты: 01.10.2023
Оқылды: 754
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Жыр дарып, күлкі жағы бұйырмаған,

Біреуден демеу сұрау қиын маған.

Жылтылдап үстемдікке жағынбадым,

Білген соң тегін бермес сыйын-тағам.

Кең пішкен етек-жеңді қиыр далам,

Ұсынар несібемді еңбек етсем,

Арқаудай алтын жібі қиылмаған.

Тосыннан айбат шексе әлде кімдер,

Сескентер отты жырым құйындаған.

 

Аман-саулық сұрасу жалқынданып,

Қызметтес те танытар салқын қалып.

Көз астымен қарайды бөтенсініп,

Танытпайды кейбіреу жарқын қалып.

Менсінбей ме, жоқ әлде, менмендік пе,

Қатыгездік бара ма қарқын алып?!

 

Дөкейленбей, көрсетпей құйын қылық,

Жылы сөзін айтқанға күйіңді ұғып,

Ырзалықпен шалқисың ақ айдындай,

Ондай сәтте ұмтылар дүйім былық.

Сағынасың, аңсарың тұрады ауып,

Жайсаңдарға жүретін сүйіндіріп.

 

ҚАРТСЫҢ ДЕЙДІ

 

Қартсың дейді,

Бірақ та, жалыны бар жастау жаным,

Құр аттай ойнақтайды асау қаным.

Сыйлайтындай бір бақыт атар таңым,

Алдымда әлі бар ғой асар тауым,

 

Қартсың дейді,

Сонша бір жүргендей-ақ әрең басып,

Былжырақ дегені ме денең жасық.

Еңсемді түсірмегін төмен басып,

Ширақпын, өр биікті келем асып.

 

Жетелеп жүр-жүрлейді өлең-ғашық,

Ол маған бәлкім болар ерен ғашық.

Тым ұзап кетпесем де белең асып,

Есігін ай мен жылдың келем ашып,

 

Қартсың дейді,

Ел-жұртпен  келеді әлі араласқым,

Тек қамын ойламаймын қара бастың,

Келмейді арды аттап,  жаза басқым.

Тас-талқан шығармаса жала-тасқын.

Пендеден өзімшілдеу қара басқан,

Олжамды  мен  емеспін ала қашқан.

Жақсылық жасауға тек құлшынамын,

Табанды күлдіретіп шала басқан,

Дарыған адамшылық бала жастан.

 

Қартсың дейді,

Шипалы таба білсем жүрек емін,

Әлі де ұзақ өмір сүрер едім,

Ешқандай ел бақытын қызғанбаймын,

Қызғансам, күресінге күрер елім.

 

Қартсың дейді,

Бір Алла өмір берсе,  талғам терең,

Шаршамай шартарапты шарлап көрем.

Адами парасатты салмақпенен,

Үміттің алтын жібін үздірмеймін,

Өмірден күдер үзбей жалғап көрем.

 

Қартсың дейді,

Бірақ та, деме мені құлатамын.

Нұр шашқан жарық күнді  ұнатамын,

Қызығын шаңырақтың қожыратып,

Өшіргім келмейді отын бір атаның.

 

Қартсың дейді,

Келеме ақ жолыма керме кергің,

Ғашықпын қаным тамған жерге керім.

Халқымның тілеп дәйім амандығын,

Тыныштық бесігінде тербетемін.

 

Қартсың дейді,

Мен бірақ, шал емеспін шайқақтаған,

Өзіме бар өмірім айғақ маған.

Жан емен итті итке айтақтаған.

Кезім жоқ көк мұзға да тайғақтаған.

Кешірім жасағанмен кейбір кезде,

Дұшпанға арыстандай айбаттанам.

Адалмын, жаным таза, қолым  кірсіз,

Адаммын ар тұнығын  шайқатпаған.

 

Қартсың дейді,

Жек көрем екіжүзді күншілдерді,

Аяп тұрам өкінішпен күрсінгенді.

Кәндендей шәуілдейтін қадір білмей,

Ұнатпан дөкейсініп дүрсінгенді.

Жаныма шуағы мол нұр сіңген-ді.

 

Қартсың дейді,

Бірақ та, 

Адаммын сырға бекем,

Жеткенше  әл-дәрменім жырғап өтем.

Қағытпа, кәрісің деп, дәм-тұз бітсе,

Туған жер топырағын құндақ етем!

 

Қартсың дейді,

Осыны естігенде, қиналамын,

Ол рас егделікке иланамын.

Түсінбей осы ма деп сыйлағаның,

Жараспас жарық күнді қимағаның.

Қалады өздеріңде жинағаным.

Тәңірім: – Күнің бітті,– деп бұйырса,

Ақ таңның шапағымен нұрланам да,

Өзім-ақ қарсыласпай жиналамын.

Әли ЫСҚАБАЙ
ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын