Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КӨКЖИЕКТЕН КҮН АУНАП БАРАДЫ ӘНІ

Уақыты: 12.05.2018
Оқылды: 589

Х. Жарасқан ӘБДІРАШ

    «Есіл өлең, сел өлең, нөпір өлең, сол нөпірдің ішінен отын көрем, жаза басып мың кітап арасынан, сен ілікпей қалсаң,  мен өкінер ем», – деген бір ой түйсікті тепкілеп келіп, жүрекке еркін жайғасқандай. Айлы аспандай ашық көңілдің зеңгіріне қонақтаған осынау тоты-сезімнің түр-әлпетін кескіндеп беру  қиын-ақ, алайда сайрауы бөлектеу сарайымды ашқаны анық. Талғамсыз жабысқан мың кітаптың ең ары кетті дегенде екі жүзге жуығы ойландырған болар. Қалғаны талғамы терең болмаса да, арғы-бергі әдебиет жауһарларының бір тарауын тауысуға шақ қалған оқырманның зейінін зеңгірмен астастырғандай сезімге бөлемегені анық. Ал шүкір дерлігі – сол мыңның қатпарында «Сана соқпағы» деген арда ақынның жауһар жазбаларының ұшырасуы.

   «Жазбалар» деп тым қарапайым һәм ауызекі сөйлемде айшықтай салған болуымыз мүмкін. Алайда оған да бір дүние түрткі...
Ол не еді?! Поэзия әлемінде өзіндік тұғырын сайлап, соқпағы сайрап жатқан Қадыр Мырза Әлінің санаға соқпақ салған ақын жайлы айтқан жалқы сөз, жақұт пікірі еді. Хош, Халық жазушысы: «Жарасқан – болмысынан ақылды қазақ. Мен «ақылды» деген сөзді әдейі айтып отырмын. Жалпы, әдебиетшіге «ақылды» деген сөзді көп айтпайды. Әдебиетшілерге, көбіне «қабілетті», «дарынды», «талантты» деген сөздерді айтады. «Ақылды» деген сөзді мен ең бірінші рет Белинскийдің мақаласынан оқыдым. Ол өзінің Герцен туралы сөзінде: «Бұл – ақылды талант», – дейді. Содан кейін бірде-бір орыс жазушысы жөнінде Белинский бұл сөзін қайталамайды. Пушкин туралы ең үлкен, ең атақты шығармасының өзінде: «Пушкин – ақылды талант», – деп айтпайды», – деген пікірді алға тартады.
   Қара өлеңнің қасиетін күллі қазақ оқырмандарына сезіндіргендей іркес-тіркес ойларды, философиялық байламдарды бірінен кейін бірін жырына жалау еткен Қадыр ақын осылайша өзінің «Ақылды қазақ» сөзіне түсініктеме береді. Ал біздің «Жарасқанның жазбалары» деуіміздің де сыры белгілі. Олай дейтініміз, Әбдіраштың Жарасқаны жалған өмірде өзіне серік болған өлең-жолдасын бір ғана сүрлеу, бір стильде ғана жазған жоқ. Ол осы бір бекзат өнердің өкілі ретінде жүрегінде мөлтілдеп тұрған жыр моншақтарын алуан түрлі жағдайда төгілдіре бедерледі. Сондықтан оның жазбасы емес, жазбалары оқырманын айрықша ләззатқа бөлеп, өзіне, ақындық қуатына тәнті еткізгендей, табындырғандай болды.
   Жарасқан Әбдіраштың поэзиясы мың дананың ғақлиялары мен хамса, хикметтерінен таңдалып, еленіп алған кіл маржанның қазынасындай қуатқа ие, жанды жадыратар тіркесті, көңіл көкжиегін аспанауи әлемге шарықтатар тосын шешімдер мен баламалы байламдардың ең үздіктерінен құрылған. Ақынның өзіндік қолтаңбасы ретінде осыны айрықша айтып кетуге болады. Алайда оның романтикасы негізінен реализммен астасып жататыны бар. Оның әр жылдары жарық көрген жыр жинақтарына зейінмен үңілген зерделі оқырман үздіксіз шығармашылық ізденісті, көтеріңкі, көтеріңкі дейміз-ау, жоғары пафостан өрілген шешендік үлгідегі поэтикалық сөз тіркестерін молынан ұшыратады.
    Қаршадай кезден аңсарым болған 
   ақ құсым,
   Түсімде ғана тіл қатқан болашақпысың?
   Тозағымбысың,
   азабымбысың,
   әлде сен
  бейуақта келіп, басыма қонған бақпысың? – деп шабытты күйге жетелер музасына сұрау сала толғанған ақынның жай-күйі, поэзия үшін өмір кешкені осы бір жыр жүлгесінен айқын аңғарылады. «Қаршадай кезден аңсары болған ақ құсын» аялап, қазақтың қасиетті сөз өнеріне өзіндік асыл нәсілді маржандарын тоғытқан ақынның қай өлеңін атасаң да, жаңашылдықты, бүгінгі тілмен айтқанда түрлену, жаңғыруды байқайсың. Оның түп-тамыры сонау антикалық әдебиеттен бастау алған эпиграммаларының өзі әлемнің арғы-бергі шайырларының жазбасына молынан қаныққанын, білім көкжиегінің кеңдігін, өлең формасының біз біле бермес сан қырын меңгеріп, сан сағасынан сусындағанын аңғартпақ.
   Қызылорданың Арал ауданы, Аманөткел ауылының қасиетті топырағынан түлеп ұшқан шайырдың балдәурені сұрапыл соғыстың ызғары қайта қоймаған шақпен (1948 жыл) тұспа-тұс келген. Сондықтан балалықтың бал дәмімен қатар өмірдің кермек сыйымен ауызданған ақынды реалистік бағытта қатып қалған немесе замана зарын төкпелеуден аса алмаған, мұң торыған әз басының әр жайын деректі поэзия етіп қалдырған деп кесіп айту тұлғалық болмысы мен ақындық қуатын айшықтауда жаңсақтық болар еді. Олай болмай қайтсін, тағдыр берген ақындық қасиетті жүрегінде әлдилей білген Жарасқанның лирикасы, сезім, махаббат, аңсау мен сағыну жайлы жазылған жырлары қайталанбас шығармалар санатында екенін ешбір жарнамасыз, нұсқаусыз мойындатса. 
   Әдетте бір ақынның асыл жырларымен танысар алдында өзіңнен бұрын байланыс орнатқан оқырманның не қаламгердің пікірімен санасып, өзіңе ашылмаған аралдай болған адамға сілтеген бағыт, яки, нұсқау, жарнама арқылы бас қоятын жайттар болады ғой. Сол секілді Жарасқан жаратылысын тануда, поэзиясына бас қойып, мөлдір тұмбасымен мейірлене сусындауға ешбір сілтеменің болмағанын айтқымыз келеді. Тек бірер ақын жырынан мысал келтіріп сөйлегені болмаса, ғажайып туындыларын таңға толғаған сыншы, зерттеуші немесе әдебиетшіні ұшырата қоймадық. 
   Мойның мұндай болғанда,
   қойның қандай?
   Қойдым қанбай көркіңе,
   қойдым қанбай!..
   Періштелер пейіштен қашып шығып,
Қолы жетсе Құдай да той қылғандай, – деп жырлайды Жарасқан сұлуы жайлы жазылған өлеңінде. Бұл кешегі: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз қара көз нұр жайнайды», –деген Абайдың, «Көзің сенің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған», деген Мұқағалидың немесе: «Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ», – деп толғанған Жұматайдың жырынан оқшау, арнасы бөлек суреттеу туындысы. Өйткені, мұнда: «Көзің сенің қара да емес, көк те емес, ол бір ғажап жарқыраған отты елес», – деп тамсанған Тұманбайдың шабытты күйі, аңсарлық дертіне жанасса да, одан да өзгеше тебіреніс, арда байлам, оқшау суреттеу жатыр. Сүйіктісін асқақтата келіп: «Періштелер пейіштен қашып шығып, қолы жетсе құдай да той қылғандай», – деп тіпті әуелете толғайды. Міне, осындай ғажайып поэзия қоспасы, тосын тіркестер Әбдіраштың Жарасқанының жазбаларында көптеп жарқырай кездесіп, көзді арбап, көңілді қытықтайды.
   Дегенмен, Жарасқанның «Сана соқпағы» жинағында мұнша поэма, цикл, толғау бар деп оларды санамалап, тізбелеп бергеннен гөрі, бір өлеңіне – жүрек толқытқан «Ақ бұлақтар» атты жырына үңілсек... 
   Ақ бұлақтар!
   Алқынған Ақ бұлақтар!
   Қазір – Көктем, 
   алдың – Жаз,
   шапқылап қал!
  Тұнығыңды асыға тұр күтіп бақ,
  Көкірегін бір сезім – гүл қытықтап;
   Қылығыңды сағынып ақын біткен.
   Саған деген бір табан жақындықпен,
   Күміс сыңғыр күлкіңді жырға қосып,
  Жүр сонау бір құлпырған қырда тосып, – деп басталатын аталмыш өлеңде табиғаттың төл перзенті әз-анасымен айрықша бір түсінікте, тылсымды жұмбақ күйде тілдескен. Осы бір туындыдан Жарасқанның Жұмекенше жырлайтын, «Ақ жаңбырлар, аңқыған ақ жаңбырлар, ақ жаңбырлар, толқыған тоғжан қырлар», – деп төгілдірген Төлегенше толғайтын, арғы-бергіден тартқанда қазақ ақындарының төкпелі поэзиясының кіл асылдарының элементтерін бойына сіңіріп, мүлдем басқа сипатта лирикалық сарынға ауысқандығын аңғарғандай болдық. Әйтпесе, оның «Уақытқа уәж» өлеңіндегі: «Таныр едің, таныр едім мен сені, қатар тұрып тыржалаңаш жуынсақ», – деген немесе: «Құмарлық жыры» жырындағы «Жатайыншы лапылдаған құшағыңда, жанып келіп құлаған самолеттей!» – деген тіркестерін алға тартып, «Әзілің жарасса...» деген атпен жарық көрген жинағындағы «Зауқы жоқ мүлде сусынға, өзінің өзі уысында, жырының бірақ қызуы, Баяғы гра-ду-сында», – деп Сырбай Мәуленовті, «Жалған айтып ендеше жалпылдама делбеше, Естімеген ешкімнен «сөз» естігің келмесе», – деп Хамит Ерғалиевті әзілмен тұқыртқан жырлары, яғни, эпиграммалары арқылы Жарасқанды эпиграммалық жанрдың ұлттық әдебиетімізге жанр ретінде қалыптасуына үлес қосқан қаламгер деп қана қос салар едік. Алайда бұл жаратылысынан жаңашылдыққа жаны құмар болған телегей білімді екі иығына қиналмастан теңгергендей болған ақын үшін «арзан» баға болар еді. Сондықтан да, оның ақындық қуатын, табиғи талантын шолақ оймен орамдай салуға болмайды. 
   Көргің келсе – қазақтың кең даласын,
   Болғың келсе – тік туар бел баласын,
   Кеткің келсе – құс қонбас қиырменен,
   Өпкің келсе – еріннен сүйілмеген,
   Арманыңды – келсе егер ала қашқың,
   Ақ сағымға – келсе егер араласқың,
   Ақ бұлақтар!
   Алқынған Ақ бұлақтар!
   Қазір – көктем, 
   алдың – жаз,
   шапқылап қал! 
   ...Бұл ақын қуатын емес, таным көкжиегін айқындайтын әрі қаршығадай өлең өлкесінде еркін самғай білгендігін аңғартқандай. Өзгеге қайдан, өзімізге ерекше әсер еткен осынау жыр кестелері, айтылмай, айшықталмай қалған тосын теңеулі ғажайып жырлары Жарасқан жаратылысын күнге шағылысып, алуан түрде құлпырған әрі жұмбаққа, қазынаға толы жартастай елестеткені бар. Әрине, оны толығымен тарқату үшін әлі талай мәрте тебіренеріміз, толғанарымыз хақ. Өйткені, Жарасқан поэзиясы сан тараулы зерттеуді қажет ететін аса күрделі һәм ғажайып поэзия.
 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.