Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

Есенқұл ЖАҚЫПБЕК: "ҚҰРҒАҚ ӨМІР, ҚҰРҒАҚ СӨЗ, ҚҰРҒАҚ БӘРІ"

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 325

Қыстың ұзақ кешінде баласының жырға жаны құмар болғанын аса жаратпай жүрген әке тосын қылық танытып, әдебиет пен өнер, өлең жайлы көсілді дерсің. Домбыраны қырнап тартар қабілетке ие, өзі де ақындықтан құралақан емес асқар таудай жанның «нілдей» бұзылғаны, әрине, жақсылыққа қарай ойысып, өлеңші өскініне пейіл танытқаны, балаң жүрекке мол жылулық сыйлағандай еді. Бірақ қанша жылулық дарытты дегенмен, алыстан орағытып сөйлейтін түпсіз Серікбайдың түу көзкөрім жерден бері қарай сөз күлігін сар желдіртіп, арасында өз өмірінен мысал келтіріп, қиын-қыстау кезеңде бойдағы талантты бұғауда ұстап, тек тоғыз баланың тоқшылығы үшін деп күн кешкенін, өлеңге де, өнерге де мойын бұруға мұршасы болмағанын термелегені жанды аяздай қариды-ақ. Оған бола еңсесі езілмегенін, керісінше, өмір-дариясының ағысына риза екенін тұрпатымен танытқан әке әңгімесінің соңын: «Өлең жазсаң өміріңді қи, әйтпесе әлду-бәлду өлеңді әркім-ақ жаза береді», – деп түйіндеген-ді.

Бала мұрты жаңа тебіндеген жас ақын әкесінің осы бір сөзінің мәнін сол кезде соншалықты терең ұғынып, жүрегіне тұтыпты. Содан бастап іңкәрлігі мен ықыласы, сезімі, бойындағы таланты осы бір ұлы жолмен жүруге мәжбүр еткен. Алайда трәктір тізгінін ұстаған, ескі күпінің ішінде тіршілік қамытын мойнына асқан әке бойындағы ұлы қасиетті байқағанымен, қырағы көзі мен терең түйсігі сол Серікбайдың ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен хат алысып тұратын білімді азамат екенін аңдатпаса керек. Шығармашылық кемеліне келіп, арда жұртқа ақын атымен танылғанда барып жазған бір естелігінде: «Үсті-басы май сасыған менің осы жаман әкеме адамзатқа аты шыққан Әуезовтің өзі хат жазып, хат алмасып, Жетісудағы ақын-жыраулар туралы сұрап тұратындығын мен ол кезде қайдан білейін», – деп тебірене жазуы да содан.
Иә, өлең үшін өмірді қи деп өсиет тастаған заңғар әкенің ұлағатты сөзінен қуат алған ақын «ел еркесі» атанды. Есенқұл Жақыпбек десе қазақ сахарасындағы айтысқа жаны құмар, қара өлеңге көңілі ынтық жұрттың елең ете қалатыны шындық.
Сол күн туғанымен арда ақын алпысқа қараған шағында сақи жалғандағы тіршілік тынысын тоқтатқан еді. Оған да бірнеше жылдың жүзі болды-ау. Шын асылды жоғалтқанда, бір жұлдыз жарқ еткенде екінші өмірді ала қашатын ұры уақыттың ұршығы осылай зырлай береді екен-ау деп тебіренгенде еріксіз:
Көк шыққанға бір қуанып,
Шөп шыққанға бір қуанып.
Өмір өтті зырғып ағып,
Зырғып ағып, – деп ақын сөзіне жазылған ғажайып әнін ыңылдай айтып, шайырдың әулиедей дөп басып айтқан іркес-тіркес жырына илана түсесің.
Рас, «Дүние-құрдым қарыны тоқ сияқты, келер-кетер ешкім де жоқ сияқты», – деп ақынның өзі жырлағандай немесе Мұқағали Мақатаевтың «Болған өмір ұқсайды болмағанға» дегеніндей өмірден бәрі де көшеді. Асқақ арманының жолында ұлылардай ұлт қамын жеп, бойындағы күш-жігерін, талантын, нәрі мен сөлін сөз өнеріне жұмсағандардың өзі өмірден көшсе де, ізі өшпейді, шығармашылығы өлмейді емес пе? Шыңдары зәу биікпен таласқан заңғар Алатаудың қарт қойнауында, ақындары дарынды, батырлары жалынды жерде, нақтырақ айтсақ Жамбыл ауданына қарасты Бірлік ауылында өмір есігін ашып, өзі де өмір кешіп, өлең жазған Ес-аға – Есенқұл Жақыпбек те қазақ халқының біртуар ақыны ретінде ел жадында мәңгі сақталып қалды.
Бабалардың артқан жүгі
батпандай,
Көтерейін
Соқ, жүрегім, соқ, талмай!
Сүйінбайлар салып кеткен жолдардың, 
Бір сүрлеуі жүрегімде жатқандай, – деп жырлаған арда ақын бабалардың сүрлеуін даңғылға айналдырған дарын иесі. Оның ақындығы қасиетті жердің киелі топырағынан бүр жарып, әке қаны, ана сүтімен өзектенген деп айтуға толық негіз бар. Мәселен: «Менің әжем Шәрипа «көген алмай өлең алған» Екей деген елдің қызы екен. «Елу бақсы, сексен ақын туған» Шәрипаның туған ағасы Дулат болыпты. Сүйінбай ақын Дулатқа:
Жазба ақынның мықтысы Дулат ақын,
Қара өлеңді қағазда тулататын.
Жебір менен жегішті сынағанда,
Қасқыр көрген иттердей шулататын, – дейді екен. Сөйтсе Дулат ескіше аса сауатты, өлеңді жазып айтатын мысқылшыл ақын болғанға ұқсайды. Мені ақындар айтысында жүргізушілер «айтыста – шақпа, жазбада – ақпа ақын» деп таныстырып жатушы еді, шақпалық пен ақпалықтың әсері бәлкім сол Дулат ақыннан дарыған шығар», – деп тебіренеді бір естелігінде. Осынау жан толқынысынан туындаған жалқы пікірдің өзі ақынның арғы түп-тамырында шайырлық қасиет жатқанын аңғартады. Ал сол алтын өзектің Есенқұлға келіп тоғысуы – жанартаудың атылғаны болса керек. Рух пен парасат, сезім жанартауының күркірей атылуы!
Ел еркесі Есенқұл ақынның атағының шығуына бірден-бір арна болған айтыс өнері екені бұқараға айтпаса да түсінікті. Көгілдір экраннан үзбей берілер ұлт мұрасы күмбір күймен басталған сәттен ентелей телмірген телекөрерменнің басым көпшілігі Есенқұлға жанкүйер болушы еді. Бірақ, айтыстың алтын буынының яки Есенқұлдардың сөз барымтасы үзіп-жұлып жарыққа шыққаны болмаса, ұлттық өнер Оразәлі Досбосыновтардың кезінде толыққанды насихатталған жоқ па? Сонда да сөз құнарын айырып, қасиетін салмақтай білер арда жұрт әзіл-қалжыңнан екі езуге жан бітірер, шымшыма жырларымен жүрек шабақтар шайырды арагідік жарқ етіп экраннан тарайтын сол бір айтыстарынан-ақ шақпалығын шын даралап, бағалай білген-ді.
Қос өзеннен шөл қандырып, қос айдында желкен жайған ақ кемедей тағдырдың тау толқындарына ентелей қарсы жүзіп, жазба поэзия мен айтыс өнерінің биігінен тұғыр сайлаған Есенқұл Жақыпбектің азаматтық қасиетін жанында жүрген дос-бауырларынан талай мәрте естіп, таңдай қаға тамсанғанбыз. Тура сөздің түбін табар тапқырлық, әзілқойлық қасиеттері өмірде ғана емес, өнерде де көрініс беріп, поэзиясына сыналай енген-ді. Тірісінде-ақ аңызға айналған Алаштың арда ақынының сол бір саф жырлары мөлдірлігімен, шынайылығымен еріксіз жанды баурайтыны бар.
Жабы тірлік жырға мойын
бұрғызбай,
Бір күннен соң өтіп жатыр
бір күн жай.
Жарқын ойлар, жарқ етіп
бір келсейші,
Көк аспанды жарып аққан
жұлдыздай, – деп күрсініп, көк майсаның шығын белуардан кешіп жүріп өлең «аулауды» ғұмырлық мұрат еткен ақынның ойлы өлеңдері жүрек қылын шертетін нәзіктікке, лирикаға құрылған. Шексіз сағыныштан өрілген. Аңсардан, ақ сәулеге деген жүрек талпынысы мен жанға дауа іздеген дерттінің талпынысындай ақын өзі айтқан «қотыр қоғамды» айықтырар немесе өлмес дәрі іздеген Лұхпан Хәкімнің машақатындай ауыр да ләззаты мол еңбекпен келген нұрлы жырлар емес пе Есенқұл Жақыпбектің поэзиясы?!
Иә, ел еркесінің мөлдір тамшыдай нәрлі өлеңдері жетерлік. Ол махаббатты жырласа да, қоғамдағы қайшылықты, ұлт мұратына кері әсер етер дүниелерді астарласа да жанын егілтіп, жырын төгілтіп поэзияға адалдық танытты. Бір естелігінде: «Өзімнің ақын екеніме кейде сенемін, кейде сенбеймін. Мұқағали күнделігінде өлең жазғанда менің құлағыма біреу бірдеме деп сыбырлап тұрады дейді, менде ондай қасиет жоқ. Әйтеуір тәнім – күйбең тіршіліктің құлы, жаным – өлеңнің құлы екендігі айдан анық», – деп жазады. Талантына сай таудай асқақ тұрпат танытардағы паңдану емес, ұлық болған сайын кішік бола білуді осылайша айқындағандай ма деген ойға қаласың. Осынау естелігінде ақындығына кейде иланып, кейде сезікпен қарайтынның астарында екіұшты ой сорабы қылаң береді. Бірі – шын мәнінде рухани күйзеліске түсіп, өлеңін, ел мұрасын, бойындағы талантын қадірлеп-қастерлеуге деген ұлы жауапкершілік болса, екіншісі –азаматтық байлам яки қоңыр тірлік кешкен қарапайымдылығының көрінісі. Қай-қайсысы болмасын ел таныған Есенқұлдың бет-бейнесін, болмысын ашып тұр. Дегенмен де, күйбең тірлікті күйттеп жүріп поэзиядан бір мезгіл алшақтағанда түс көріп, күбірлеп оянатын кезді де естеліктеріне қосып, сондай шақтың бірінде: «Мұқағали айтқандай маған де біреу сыбырлайды екен», – деп тебіренеді. Шындығында, болмысынан ақын болып өмірге келген шынайы талант иелері құдіретпен осылай тілдесіп, таңдайына өлең құйылатын секілді деген ойға қаласың. Оның жанды мысалы ретінде ақынның өзі айтқан осынау оймақтай ойды алға тартуға толыққанды негіз бар.
Ауыз әдебиетімен сусындап өскен, қазақ тарихының арғы-бергі қатпар-қатпар тарауларын жадына тұтқан кемел ақынның келешекке тастаған мол мұрасының қатарында жүректі селт еткізер, түйсікті түрткілер бір поэмасын ерекше атап өтуге құқылымыз. Ол поэма – «Қарауыл қайғысы». Іркес-тіркес сұлу баламаларға толы осынау көлемді шығарманың мазмұны да ерекше. Қарт Семейдің бауырында болған қасіретті оқиғадан кейінгі, сынақтан соңғы адамдар тағдырының жаңа да тосын жайттары осы поэмада сипатталады. Жанды түршіктірер жайт. Оқысаң да иланғың келмейтін дүние. Алайда иланбауға себеп жоқ. Өйткені ақын қасіреттің жаңа бір тұсын, көлеңкелі жағын шынайы тағдырды арқалаған жандардың ғұмыр белесін анық таныған соң қасиетті қаламға жүгінген. Жүгінгені, теріскейдегі тірлікті суреттегендей ел үшін жұмбақ дүниені айшықтағанымен осынау поэма жүрекке ауыр тиеді екен. Дей тұрғанмен қасіретті айшықтаған бұл туындыны ұлы  шығарма емес деп айту да арға сын. Сахнада ақиқатты алдаспандай жарқ еткізіп жеткізер қасиет қалыптастырған Ес-ағамыз мұны да сол қайраткерлікпен шамырқана жеткізген сыңайлы. Ал туындыны талдап жатудың не баяндаудың қажеті шамалы деп таптық. 
Құрғақ өмір,
Құрғақ сөз, 
Құрғақ бәрі,
Құрбақадай талтайып құрғақтағы,
Жиналыстан шығамыз «жырғап» тағы.
Таршылықта көп азап көргеніммен,
Баршылықта ешнәрсе жырғатпады.
Қайда кеткен зым-зия,
Ой, дүние-ай,
Көңілімнің әдемі ырғақтары, – деп жырлар легіне және осындай туындыларға сана жетелетер болсақ, Есенқұлды өз заманының жаршысы бола білген ақындар санатына қосамыз. Ол да кешегі даналардай өз дәуіріндегі жүрекке шаншудай қадалар жайттарды іркес-тіркес жырларымен баяндаған. Осы тұста тағы бір қылаң беретін жаңа сипат, соны соқпақ барын айта кету де бізге парыз секілді. Ол – Есенқұл поэзиясындағы еркіндіктен туған тосын да шымшыма тіркестер. Мәселен, біз атап өткен жыр шумағындағы «Құрбақадай талтайып құрғақтағы» деген тармақты алайық. Езуге күлкі ұялатар балама емес пе? Күлкіге ерік бергенмен мұндай жолдар өзге ақындардың шығармашылығында көп кездесе бермейтінін де есте ұстаған жөн. Иә, мұндай тіркестер ақынның шығармашылығында баршылық. Сонысымен өлеңнің мазмұнын ашып, оған өзінше жан бітіріп тұрғандай рең беретіні де жасырын емес. Мәселен, «Боқта өсірген кәдімгі гүл сияқты, болашақта келеді гүлдеп өскім», «Балтырына қарашы бәтшағардың, карташының қолындай жылтылдаған» немесе «Қай көтеннің дәуірі туды екен деп, көтен аңдып өтесің өле-өлгенше» деген тіркестер қанша әзілге құрылса, соншалықты астарлы дүниелер.
Сен жалынсың!
Жалында күнә бар ма?
Бір қарауға шыдарсың шыдағанда.
Жарқыным-ау, жалынды сүймек тұрмақ,
Жақындау да қиын ғой тірі адамға, – деген жыр жолдарын алға тартсақ, Есенқұл Жақыпбекті лирик ақын ретінде танимыз. Оның осындай мөлдір махаббат жайлы жазылған көптеген жырлары жүрек қылын шертер нәзіктігімен, ерекше бір балама, тосын теңеу, ғажайып тіркестерімен көңіл терезесіне нұр себездейтіні бар. Мәселен:
Жайлап алып жаны жылы
пеш түбін,
Шүңкілдесіп отырамыз кешқұрым.
Демеу болар ағайын көп десек те,
Сенен басқа жоқ екен-ау ешкімім, – деген шумақпен басталған «Әйеліммен әңгіме» атты жырының өзі ақынның болмысын, шынайы оқиғаны қаз-қалпында суреттейтін шеберлігін танытады. Әрі махаббатты асқақ қылып көрсеткен тұстарында еріксіз тебірене түсесің. 
Белің сынып кететіндей күтірлеп,
Барған сайын бара жатсың
бүкір боп.
Менің тақыр тауқыметім
тұрғанда,
Саған осы өле-өлгенше күтім жоқ, – деген жыр жолдары өз өмірін өрнектеудегі ақын шеберлігін, суреткерлігін танытады. Жалпы тұрмысты, өмірді, риясыз әңгіменің алтын өзегін айшықтауды ақыннан гөрі қара сөзді серік еткен жазушылар айрықша бедерлейтіні бар. Өйткені қалай көсілсе де, қай қырынан алып келсе де прозаға еркіндік мол. Ал ақын ұстанымы поэзия заңдылығынан, формасынан ауытқымау керек қой. Алайда Есенқұл Жақыпбектің осы бір «Әйеліммен әңгіме» өлеңі арқылы немесе:
Аннан-мұннан жұлдыз гүлдер
бүр жарып,
Ай сырғасы тұрған кезде дір қағып.
Жалаңаяқ нояндары ауылдың,
Алма ұрлауға шығушы едік
ұрланып, –
деп басталатын «Гүлдәуренмен кездесу» сынды бірқатар жырлары арқылы суреткерлік қасиетінің кемел екенін аңғарамыз. Ол классик ақындар секілді суреттеу мен баяндауды, өмірді һәм оқиғаны қаз-қалпында өлеңмен ойнатуды жандандырып, түрленте білген өзі де классик ақын.
Алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі буын інілердің аражігін ажыратып жатпай, оларды бөле жармай бәріне бірдей кең құшағын айқара ашатын, табиғатынан көктемдей көркем, жаздай жайдарлы болған Есенқұл Жақыпбектің аңызға бергісіз өмір өткелін, нұрлы кезеңдерін сәтімен салалап, талдап беру бір кітапқа жүк болар дүние. Оны қасиетті қаламды серік қылған жандар тұрмақ, қараша да анық түсінеді, байыптайды. Дегенмен, жаны жомарт ақынның ғұмыры мен шығармашылығы туралы жазылар естеліктер мен зерттеп-талдар дүниелер жетерлік. Ақын өзі айтқандай тіршілік қамытын мойнына асып жүріп, айтыс деп ел аралап, той-тойлап жүріп шығармашылыққа толыққанды, басыбүтін отырды деп айта алмаймыз. Тіпті, шайырдың өзі шығармашылығын ойлап шамырқанған сәтінде: «Айтыс пен той, тіршілік күйбеңіне көп уақытымды ұрлаттым. Маған ендігі жетпей жатқаны уақыт. Уақыт болса тек қана жазамын-жазамын», – депті. Бұл ақынның өмірден өтер сәтіне дейінгі жуық жылдарда аласұра айтып жүрген ұраны, соңғы сөзі болса керек. Есенқұл Жақыпбек солай дегенмен уақыт өз төрелігін айтты. Алайда ақынның уақыт деп кетуі заңдылық көрінгенімен, оқырман онсыз да шайырдың шұғылалы жырларымен жан сарайын нұрландыруда. Өйткені, Алатаудың ақ төсінен аққан бал бұлақтың мөлдір суларын арда емген асыл перзент алпыс жылдық ғұмырында алты Алашына берерін толық беріп кетті. Ғажайып жырларын болашаққа аманаттап үлгерді. Өзі «дәу пірім» деп жырларына сүйсінген Мұқағалидай әдебиетке құмар жастардың сырласына айналды. Ал ән көгінде кешегі Тұманбайлардай жемісті еңбек етіп, қазақ музыка өнерінің қазыналы қамбасына өз маржанын тоғытты. Мәселен:
Қара бір жаңбыр борады-ау,
Ала бір жауған қар анау.
Тау жақта бір от жанады-ау,
Аулақтап бәрі барады-ау, – деген немесе:
Біздер, біздер патшадан да
паңдармыз,
Біздер, біздер біреулерге
арманбыз, – деп басталатын көптеген әсем әндері қазақ сахарасында асқақтай орындалып, тыңдарманын тебірентіп келеді. Ал, «Өзіңді аңсап өтеді-көктем, өтер күз, аңсаумен өткен өмірге мынау не етерміз», – деп келетін ғажайып жырлары да композиторлардың шығармашылығымен ұштасып, ел сүйсіне тыңдайтын әсем әнге айналғалы қашан? Бәрі де Есенқұл ақынның шығармашылығының шоқтығы биік екенін айғақтайтын асыл туындылар емес пе? Ал негізінен алғанда «Мың есе зорлар бізден де, мұңайып өткен дүние-ай!» немесе «Өткінші мынау өмірде, өтпелі, бәрі өтпелі-ай», – деп сақи ғұмыр сорабының күні ертең көкжиекпен астасар жеріне қарай жол тартып бара жатқанын тірісінде қапалана жырлаған Есенқұл Жақыпбектің жырлары қазақ әдебиетінің жауһар туындылары екенін қараша халық о баста-ақ мойындап қойған. Ендеше ел еркесінің шығармашылық ғұмыры да алты Алашпен мәңгілік жасай беретіні де сөзсіз.
 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ