"Ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс": Әйел адам да құрбан шалуы керек пе?

Уақыты: 26.06.2023
Оқылды: 1291

Биыл Құрбан айт мерекесеі 28 маусымға келеді. Соған орай бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында дінни мереке тәртібін еске салды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

«27 маусым – Арапа болса, 28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Яғни, аталған уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. Айт намазы Астана қаласында таңғы 6.00-де басталады. Өзге қалалар бойынша ақпаратты muftiyat.kz сайтынан қарап алсаңыздар болады», - деді бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай.

Баспасөз мәслихатында кеңесші отбасында ер адамнан бөлек әйелінде табыс болса ол да құрбан шалуы тиіс дейді. 

«Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс. Құрбан шалуға ниеттенген кісі малды өзі соя алмаса, арнайы қасапшының көмегіне жүгінуіне болады. Қой мен ешкі бір адамның атынан шалынады. Ал, түйе мен ірі қара мал бір адамның атынан да, жеті адамның атынан да сойылса болады. Бірақ жеті адамнан асып кетпеуі тиіс», - дейді ол.

Фото: көрнекілікке алынды