АТА САЛТЫМ-АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

Уақыты: 17.03.2024
Оқылды: 492

Ұлтты ұлт ретінде  ұстап тұратын  төрт қазығы бар: тілі, діні, салт-дәстүрі және ұлттық санасы. Осының ішінде  ұлттық мәдениеттің  негізі­ ­– салт-дәстүр. Қазақ халқы ежелден салт-дәстүрге ерекше қарап, әрбірін  керек  жерінде орындап, сақтап отырған. Салт-дәстүр- тәрбиенің көзі, қайнар бұлағы.  

Бүгінгі менің қозғайтын тақырыбым – ­қазақ ұлтының ұлылық қасиеттері. Қазақ ежелден салт-дәстүрлерін заңда жазылған ережедей сақтаған. Әр қадамында істелу керек ырым-жоралғыларын,  әдет-ғұрыптарын   өз ретімен орындап отырған.

Салт-дәстүр ұлттық тәрбиенің ұлы қасиеті десем де болады. Дәстүрге қарап өзге ұлт басқа ұлтты тани алады. Ол ұлтқа рух беріп, оның ішкі-сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттардың бірі, сондықтан салт-дәстүріміз ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығымыз.  

Қазақта  келер ұрпаққа үлгі болатындай  талай  ғажайып  салт -дәстүрлер  бар, соның бір көрінісі – қазақтың өз ұрпағына  жеті атасын жаттатқызу. Бұл басқа елде жоқ дәстүр. Қазақ халқы ұрпағына кішкентай кезінен жеті атасын жаңылмай атауды үйреткен. Көрген адам «жеті атаң кім?» деп сұрай алған. Жеті атасын білмеуді ұят, ар-намыс деп санаған. Жеті атаға қатысты  «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер. Жеті атасын білмеген, құлағы мен жағын жер» деген мақал-мәтелдер  де бар. Жеті ата – қазақ халқының ежелден келе жатқан шежірелік жүйесі,  яғни, қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегінің таратылуы.  Бала өзінен бастап әкесіатасы, арғы атасы, бабасы, түп атасы, тек атасы, жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған  ұрпақтар  бір атаның балалары саналады.

Жеті атадан тараған ұрпақ жеті рулы елге айналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Ағайындықтары  жеті атаға толмай  бір-бірінен қыз алыспайды, өйткені бала азып туады, тегі мен қаны бұзылады.    Жеті атаның мәні тегін ұмытпауда  ғана  емес,  қазақ халқы тектік қорын сақтау, ұрпақ саулығы, қан тазалығы үшін жеті атаға толмай қыз да алыспаған.  «Есім ханның ескі жолында» жетінші буынға дейін некеге тұруға тыйым салған. Ал Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдарының жинағында болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген. Кезінде жеті атаға жетпей қосылғандарға теріс бата берген, тас атқан, елден аластатқан. Тіпті жерге жатқызып қойып, үстінен мал айдаған, жылқының құйрығына байлап, сүйреген. Жеті атаға толғаннан кейінгі күннің өзінде, бір рудың жастары некелесетін жағдай туып жатса, ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, бозбиені сойып, баталасып барып рұқсат ететін болған.  

Ата-бабамыздың бізге  мұра ретінде қалдырған олжалары өздері  қанын төгіп, жанын беріп , ақ найзаның ұшымен, ақ білектің  күшімен қорғап қалған қасиетті жері, сырлы сазымен  аман-есен жеткен қасиетті қазақ тілі, басқа ұлттан  бар бояуымен, болмысымен  ерекшеленіп тұратын салт-дәстүрі. Бабаларымыздың бізге  мирас еткен осы құндылықтарымызды жоғалтпай,  ары қарай дамуына атсалысуымыз керек. Салт-дәстүріміз арқылы ұрпақ тәлім-тәрбие алып отырған. Оны қазіргі таңда да үйінде әжесі бар немесе солардың тәрбиесін көрген салиқалы отбасылардан көре аламыз. Қарапайым күнде әкеміздің ұл баласына «Қой!» дегені, анамыздың «Қыз бала емессің бе?!» деген сөздері де терең мағынамен айтылады. Оны тыңдай білетін құлақ болса, әрбір сөз тәрбиеге келіп тиеді. Үлкендер бүгін мұны бізге үйретіп жатса, болашақта оны келер ұрпаққа насихаттау біздің мойынымызда. Дәстүріміз оң болса, халық оң болады, дәстүр бұзылса, қоғамның тарихи даму сабақтастығы да бұзылады. Сондықтан да салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, есте сақтап, болашаққа  дұрыс жеткізе білу әрбір қазақтың  парызы,  әрқайсымыз  сол жауапкершілік биігінен көрінейік.

Гүлдана ЕСБОЛОВА,
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының
Қаратал аудандық филиалының меңгерушісі
Фото: egemen.kz