Жақыныңа жанашыр бол

Уақыты: 27.04.2024
Оқылды: 309

Жақсылық жасау – біздің ата-бабамыздан жалғасқан ұлы қасиет. Мұның мәні бүгінде өзгерген жоқ. Өзгелерге үнемі жақсылық жасап тұратын адамдар бар. Солардың адамгершілігі мен ізгілігі арқасында өмір үміті үзілмейді. Мұның нақты көрінісін көксулық азаматтар көрсетті.

Жұмыла көтерген жүктің жеңіл боларын көксулық жомарт азаматтар жақсы біледі. Қайырымдылықпен айналысып, қайырын көрген жандар алысқа да, жақынға да жанашыр. Ізгіліктің ізін жалғаған жандар тасқын судан зардап шеккен Атырау облысына көмек көрсетті. Мұқыры ауылының жеке кәсіпкері Қайса Жарқынның ұйымдастыруымен 10 киіз үй мен гуманитарлық көмек жөнелтілді. 

– Текті қазақтың қанында жақсылық жасау әкенің қанымен, ананың сүтімен бойға дарыған. Сондықтан біз асарлатып жақсылық жасауға бүйрегіміз бұрып тұрады. Қазір еліміздің өзге аймағында табиғи апаттар орын алуда. Бұл барша қазақтың басына түскен ауыр сынақ. «Қайғыны бөліссең азаяды» демекші, біз бір-бірімізге қолдау білдіруіміз қажет. Жақынымызға жанашыр болайық дегім келеді. Қазаққа қазақтың ғана жаны ашитынын ұмытпайықшы. Әркім өз қолынан келгенше жақсылық істеп, қайырымды болса, біз алмайтын асу, бағындырмайтын белес жоқ,  – дейді кәсіпкер Қайса Жарқын.  

Белсенді азаматтар қолда бар киіз үйді жинап-түйіп көлікке тиеп, өңірлерге жіберуге ниетті. Алдағы уақытта да ауданның белсенділері жақсылық жасаудан шаршамайды. Осы уақытқа дейін Мұқыры ауылының тұрғындары Түркия елінде болған зілзала кезінде үйсіз қалғандарға 34 киіз үй жіберіп, қайырымдылық жасаған. 

Аружан ЖАҚЫП, 
Көксу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы