ДЕСАНТШЫ

Уақыты: 07.05.2024
Оқылды: 404
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ел басына күн туа қалған жағдайда сарбаздарға жауапкершілік жүгі еселеніп артылатыны анық. Қарулы Күштегі аса сұранысқа ие әрі қазақстандық армияның негізгі жауынгерлік күші – десант әскерлері. Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «әрқашан әскери ар-намысын сақтаған, солдаттық борышына адал» жауынгерлер қатары артып келе жатқаны қуантады. Ершат Сағындықов та өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап жүрген жауынгердің бірі.


18 жасқа толысымен әскерге шақыртылған ол Отан алдындағы борышын Шымкент қаласы Төле би ауданында Ұлттық ұлан құрамындағы 6698 әскери бөлімінде өтейді. Әскерден келген соң Талдықорған қаласындағы 18404 десанттық шабуылдаушылар бригадасына келісімшарт бойынша қызметке орналасады. Қазіргі таңда десанттық қамтамасыз ету ротасының взвод сержанты лауазымында қызмет етеді. Ол сарбаздардың жауынгерлік және дене дайындығын жоғарылатуға тікелей жауап береді. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарауды басты ұстаным еткен Ершат Серікжанұлы әрбір ер-азамат Отанын қорғауға міндетті екенін айтады. 

– 19 жасымда әскери қызметке келгеніме өкінбеймін. Керісінше, әскери қызмет Отанды шексіз сүюді үйретті. Патриоттық сезімімді арттырды. Төзімділік пен жауапкершілікке бейімдеді. Күнделікті әскери тәртіп пен жауынгерлік дайындық ер ретінде шыңдап келеді. Осы тәртіпті отбасымда да ұстанамын. Бауыржан атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген бір ауыз сөзі бойтұмарыма айналды.  Осының нәтижесінде өмірде өз орнымды тауып, мақсатымды айқындауды үйрендім. Бейбіт елде өмір сүріп жатқанымыз ата-бабамыздың ерлігінің арқасы деп білемін. Ендігі біздің міндет –  кең-байтақ қасиетті жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғау, қастерлеу. Біз ер-азаматтар осы жолда бірігіп, қызмет етуіміз керек. Ол бәріміздің азаматтық парызымыз, – дейді десантшы. 

Жас та болса бас болып, қызметін мінсіз атқарып, отбасының туын биікте желбіретіп жүрген жас әке 2 жасар ұлын ел басына күн туғанда бұғып қалмайтын ер мінезді батыр етіп тәрбиелеуді мақсат еткен. Ол замандастары мен соңынан ерген інілерін әскерден жалтармауға шақырады. «Генерал шенін армандамаған сарбаз сарбаз емес» дегендей, Ершат Серікжанұлы да қазақтың Қарулы Күштерінің дамуына атсалысатын генерал болуды армандайды. Олай болса, арманың орындалсын, ержүрек десантшы дегіміз келеді.

Аяулым Сәбетжанқызы