Өкпе дертіне жеңіл қарауға болмайды

Уақыты: 26.04.2024
Оқылды: 445
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыс мәслихатының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау,  мәдениет, ішкі саясат және спорт мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде облыстық туберкулезге қарсы диспансердің қазіргі таңдағы жай-күйі және туберкулез ауруы бойынша облысымыздағы эпидемиологиялық жағдайы қаралды. 

Комиссия отырысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстық фтизиопульмонология орталығы 125 төсек орынға арналған. Туберкулезбен сырқаттанушылық былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  9 жағдайға өскен. Мәселен, өткен жылы 74 науқас тіркелсе, биыл 83-ті құрап отыр. Өкпе туберкулезімен ауырған науқастардың 47,4% ыдырау сатысында тым кеш анықталған. Аталған дерттен  2 науқас көз жұмған. 

– Облыс бойынша міндетті декреттелген топтар арасында флюорографиялық тексеру әдісімен 26004 адам тексеріліп, жоспар 91,1 пайызға орындалды. Босанғаннан кейін флюорографиялық тексерумен 3085 әйел қамтылған. Нәтижесінде Ескелді ауданында 2 науқас анықталған. Әйелдер кеңесінде 9 ай жүктілік бойынша есепте бола тұра, тиісті медициналық бақылау жүргізілмегендіктен, босанғаннан кейін туберкулез анықталған. Департамент тарапынан жылдар бойы хат жазылып жатқанына қарамастан Ақсу, Ескелді, Кербұлақ аудандарында туберкулез ошақтарында қарым-қатынастағы және манту сынамасына «оң» нәтиже берген балаларды уақытша оқшаулайтын балабақшалар және сауықтыратын топтар ашу мәселесі шешімін таппай келетіні алаңдатады, – дейді Индира Күнбасова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанетта Нұрманбетова туберкулезге қарсы іс-шаралардың орындалуы туралы ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, соңғы 10 жылда өңірде туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы төмендеген. COVID-19 індетінен кейін республика бойынша туберкулезбен сырқаттанушылықтың өсуі байқалған. Әсіресе, жасөспірімдер арасында ауырғандар деңгейі өскен. 2022 жылмен салыстырғанда көрсеткіші 19,7-ден 24,6-ға дейін, балалар арасында 2,8-ден 5,6-ға дейін жоғарлаған. Ақсу, Алакөл, Сарқан, Қаратал ауданында бұл дерт жоғары көрсеткішке ие. Медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің туберкулезбен ауыратындарды уақытылы анықтамау мәселесі де орын алуда. Науқастардың 50,6 пайызы өкпе тінінің ыдырау сатысында. Демек, ауру тым кеш анықталған. Бұл жерде науқастың да денсаулығына немқұрайдылық танытып тұрғаны байқалады. Жалпы, 2023 жылы туберкулезден болатын өлім-жітімді азайтуда жүйелі жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде адам шығыны  2 есеге төмендеді.

Облыста фтизиопульмонологиялық қызметті дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасын іске асыру жоспары жүйелі жүргізілуде. Тыныс алу органдарының аурулары бойынша медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында орталықта  10 төсектік медициналық оңалту және қалпына келтіру, 19 төсектік пульмонология бөлімдері  және 5 кеуде хирургиясы бөлімшесі жұмыс істейді.  2024 жылдың 1 тоқсанында 5 төсектік дифференциалды диагностика бөлімі ашылды.

Өңірде Қазақстандағы STOP ТБ серіктестігінің өңірлік филиалы құрылды. Мұндағы мақсат – 2030 жылға қарай 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық деңгейін 11,5 пайызға, туберкулезден болатын өлім-жітім деңгейін 0,2 пайызға дейін төмендету және туберкулездің ауыртпалығын азайту.

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: ortcom.kz