Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ҰМЫТПА БАЙ БОЛДЫМ ДЕП БІР ҚҰДАЙДЫ": ЫБЫРАЙ ДАНАЛЫҒЫ

Уақыты: 29.06.2020
Оқылды: 468

Құдіреті күшті Жаратушы иеміз өз тарапынан түсірген ең соңғы кітабы қасиетті Құран кәрімде – күллі адамзат баласын топырақтан жаратқанын, Адам Ата мен Хауа Анадан таратқанын ашық баяндап, жеткізді. Дәл осы ақиқатқа сенетіндер көп болғанымен Құдайдың барына күмәнмен қарап, тегін маймылдан таратып, түбінде Дарвиннің іліміне еретіндер де аз емес. Өз ұстанымын дәлелдеуде жоқ жерден дауласып, бір-бірімен жауласып жататындар да жетерлік. Құдай тағала өзінің бар екенін дәлелдеуге еш мұқтаж емес. Бізді ақыл иесі етіп жаратты ма, ендеше таңдау құқығы өзімізде. Құдай барға бар, жоққа жоқ! Ақылыңызды иман таразысына салып өлшей білсеңіз жетіп жатыр. Шынымен бар екенін мойындап, бұйрығына бойұсынған иманды жан ақыретте пайдасын көреді, жоқ деп қасарысып өткен қырсық пенде зиянын өзі тартады. Ал ақыретте азабын тартудан қорықсаңыз ара-тұра болса да Алтынсарының ұлы Ыбырай дананың ақылын тыңдап қойыңыз.

Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын.
Адамның адам біткен баласымыз,
Қайсың бөлек тудың деп айырайын.

Әсілі, «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай атамыз өзі ашқан мектептердегі оқу бағдарламасына сол кездің өзінде-ақ физика, биология, химия сынды пәндерді енгізе отырып, жаратылыстану ғылымына да кең жол ашуға мүмкіндік жасаған ұстаздың бірі. Осы кемелдігінің басында діни сауатының жоғары, білімінің тереңдігі тұр. Текті әкеден тарап, алғаш ауыл молдасынан ілім алған баба діннің белгілі бір құлшылықтармен шектеліп қана қоймайтын, сонымен бірге, ақыл иесі атанған адамзат баласын сан түрлі ғылымға жетелей білетін сара жол екенін жете түсінді. Түсінді де адамзатқа ортақ құндылық болған білімді өз ұрпағының да білгенін қалады һәм соған қарай амал етті. Ұлтымыз бөлек, ұстынымыз басқа, тіліміз әртүрлі, түріміз сан қилы болғанымен «Адамның адам біткен баласымыз». Ыбырай дана айтқан осы бір ақиқаттан аттап кете алмасымыз анық.

Яғни, күллі пенде баласы Адам атаның ұрқынанбыз. «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген бір ғана жол Шұғара сүресінің: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың», – деген 13-ші аятының қысқаша ғана тәпсірі. Ал күн мен ай шынымен де Алла тағаланың адамзат баласына берген ортақ нығметі.

Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз.

Жалпы, дала ділмарларының қайсысы болмасын артындағы ұрпағына қалдырған аманат сөзінің астарында міндетті түрде мынау жарық дүниенің бес күндік жалған екенін, оралымыздың барында ойнап-күлуімізбен қатар  ақыретімізді ойлап тұруымызды ескертеді. Нәпсінің жетегіне ерген көп пенденің «ойнап күлгенге» көп көңіл бөліп, «ойлап тұруға» келгенде онша құлық таныта бермейтіні ақиқат. «Атаң барған орынға барасыңыз». Баруын барамыз-ау, мәселе, қалай баратындығымызда болып тұр ғой. «Алладан келдік және оған қайтамыз» деп Бақара сүресінің 156-аятында анық айтылған. Атамыз барған орын ақ матаға орап, қара жердің құшағына тапсырылумен шектелмейді. Қай-қайсымызды болмасын алдымызда шексіз әлем, мәңгі өмір күтіп тұрғаны шындық.

Бес күндей өте шығатын жүзжылдық ғұмырдың өзі мына үш сұраққа байланған. Қайдан келдің? Не істедің? Қайда барасың? Жоғарыдағы аят қайдан келіп, қайда баратынымыздың бұлтартпас жауабы. «Алладан келдік, Аллаға қайтамыз». Ең маңыздысы ортаңғы сұрақ болып тұр ғой. Құдіреті күшті құдай тағаланың алдына барғанда «не істегенімізге» жауап береміз. Обал-сауап, жақсы-жаман, жала-нақақ, өсек-ғайбат, ақыл-айла... Бәрі махшарда таразыға тартылмақ. Мына дүниеде өткендерімізді еске алып, ас бергенде айтатын: «Алла тозақтың отынан сақтап, жаны жаннатта болсын» деген дұғамыздың нәтижесін сол кезде көреміз. Зер салып оқысаңыз, Ыбырай бабаның «Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз» деген қарапайым ғана сөзінің астарында қаншама аманат жатыр? Адамның бір-біріне қарасуында – жылағанды жұбату, құлағанды сүйеу, жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыйу, қайырын Алладан күтіп, қайырымдылық жасауға асығу, арамдықтың жолынан тосып, адалдықты жақтау.

Айта берсек тауыса алмайтын тек қана Алла қалағандай адам болып өмір сүрудің барлық жолы көрсетіліп тұр. Соншама қорғасын ойды санасында қорытып, бір-ақ ауыз сөзге сыйғызып жіберген даналардың бүгінгі балалары сөз астарын қаншалықты ұғып жүр екен десеңізші сөзден жүйе мен кие кеткен мына қоғамда?!

Бұзбаңыз әділдікті бұл мал үшін,
Жиясыз оны-дағы бір жан үшін.
Әзәзіл періштенің бастығы екен,
Не болды тәкаппарлық қылғаны үшін.

Зейін қойып оқысақ, бүгінгіге керек-ақ сөз. Мал-дүние үшін әділдікті бұзып жатқан жандар қаншама? Әділдік қай кезде бұзылады? Әлбетте, аққа қара жағылғанда, жазықсыз біреу жалаға таңылғанда. Яғни, жемқорлық жең ұшынан жалғасып, парақорлық шегінен шыққан жерде әділеттің туы жығылады. «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек», – деген бұрынғылар. Пара бермесең шаруаң бітпесе, жемқордың жемсауын толтырмасаң ісің алға баспаса – елдің бұзылғаны сол емес пе?! Мұндай елде әзәзіл шайтан өрмек салып, ойына келгенді істемегенде қайтеді?!

Әсілі, лағнеті шайтан әу баста мол ілім иесі болып, періштелерге ұстаздық еткен. Шариғаттың жолын берік ұстаған кез келген мұсылман бұны біледі және имандай сенеді. Күнәсіз періштелерге ұстаздық етіп жүріп неге лағнеті шайтан атанды? Әрине, өзінің менмендігінің кесіренен, тәкаппарлығының салдарынан. Өзін жаратқан Құдайын ұмытып, соған қарсы келгенінен. Алла тағала Адам Атаны жаратып күллі періштеге сәжде қылыңдар дегенде бәрі бірдей адамға бас иген, тек әзәзіл шайтан ғана: «Мен оттан, ал адам лай батпақтан жаралған», деп тәкаппарланып, Алланың әміріне қарсы келіп, Жаратушының лағнетіне ұшырады.

Мен ертегі айтып отырғандай болсам, дұрыстап дәретіңізді алып, (дана Абайдың 38-ші қарасөзінде айтқанындай) қасиетті Құранның қазақша мағынасын бастан-аяқ ерінбей оқып шығыңыз. Сонда мына мысалға келтіріп отырған Ыбырай дананың сөздерін сол Құраннан кездестіре аласыз. «Не болды тәкаппарлық қылғаны үшін» дейді Ыбырай атам. Жұмақтан қуылып, қияметте мәңгілік азапта қалатын болды. «Үмітсіз шайтан» деген сөз бар бұрыннан келе жатқан. Бұл сөзді де дінін жақсы білген даналар айтқан.

Алланың қарғысына ұшырағаннан шайтанның ғана жұмақтан үміті жоқ. Ал қанша қателікке бой алдырып, күнаға белшесінен батып жатса да кез келген пенденің аса қамқор, ерекше мейірімді Алладан үміті бар. Шайтанның азғыруына еріп, қателік жасап, жұмақтан қуылған Адам Ата мен Хауа Ананың тәубеге келіп, дұғасы қабыл болғаны сияқты әр пенденің жасаған қателігін дер кезінде мойындап, Алланың мейіріміне бөленуіне мүмкіндігі бар. Тәкаппарланып шайтанның сипатында болмай, тәубемізге келіп, адамдық болмысымызда өмір сүруді нәсіп еткей баршамызға.

Ұмытпа бай болдым деп бір Құдайды,
Жер жұтқан қайырсыздан Қарынбайды.
Мекенін білемісіз қайда қалды,
Жомарттық қылған үшін Атымтайды.

Шынымен де, кім келіп, кім кетпеген бес күн жалған? Төрт түлігін өріске өргізгенде шаңы бұрқырап, көшкен елдей көрініс беретін мыңғырған малды айдап, Қарабайлар да, Қарынбайлар да өткен бұл жалған. Өзгемен бөліспесе, өзегінен бір түйір дән өтпейтін  атымтай жомарттар да өткен бұл өмір. Жыбырлаған жандының бәрінің басынан көшкен бұлттай өте шығатын тіршілік қой. Бірақ көбіміздің өткінші өмірде өлместей күн кешетініміз өкінішті. Қасиетті Құрандағы Әнбия сүресінің 35-ші аятында: «Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады» деген. Байлар кетіп, кедейлер, сараңдар өтіп, жомарттар, жамандар өліп, жақсылар қалады деген жоқ Алла тағала.

Адам, хайуан, жақсы, жаман бәрі өтеді. Мәселе, кімнің қалай өткенінде. Ұлы жаратушысының алдына не арқалап кеткенінде. Алланың алдына алғыс арқалап апарып, мейіріміне бөленесіз бе? Әлде, қарғыс арқалап барып, қаһарына қаласыз ба? Ерік өзіңізде. Өйткені, Құдай тағала сізге ақыл берді. Ақылды иманмен азықтандырсаңыз Алланың дидарын көресіз, ал керісінше кесірмен кетсеңіз кешірімінен құр қаласыз. Арғы дүниеге барып келгендей сөйледі деп мені кінәласаңыз Ыбырай дананың ұрпағына қалдырған ұлағатты мұрасын басынан аяғына дейін түк қалдырмай, бүге-шігесіне дейін зейін қойып, терең зерделеп оқып шығыңыз. Арғы әлемге барып келмей-ақ о дүниенің бар екеніне және қандай болатынына көзіңіз жетеді. Рас айтам. Шайтанмен үркітіп, тозақпен қорқытып отырған жоқпын. Адамзат баласы үшін естігенде үстіңнен су құйып жібергендей әсер ететін ең суық сөз «өлім» ғой. Өмір бар жерде, өлім хақ. «Жағыңа жылан жұмыртқалағыр, өлімді айтып қоймадың ғой» десеңіз де өзіңіз біліңіз. Өз басым Ыбырай атамның өлеңдерін ақыл таразысына сала отырып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Өлімді жиі еске алыңдар» деген хадисіне амал жасап отырмын.

Өлімді еске алу дегеніміз не? Ол – екінің бірінің басынан өтіп жатқан мынау өмір бір күні менің де басымнан көшеді-ау, махшарда таразыға тартылатын амал дәптеріме не жазып жатырмын, сират көпірінен құлатпай алып өтетін қандай жақсы амалым бар, ұрпағым артымнан ұялмай дұға жасайтындай қандай мұра қалдырып барамын, мәңгі өмірде жұмақтың дәмді жемісінен жеу үшін мына жалғанды көркем мінез бен сәнді, ізгі амалдармен мәнді өткізу екен ғой деп ақылға салу ғана. Ниетімізге қарай амалымыз, амалымызға орай белгілі қайда барарымыз. Бәрі бір Аллаға аян дүние ғой. Дала ділмары Ыбырай дананың аманат сөзін осылай саралай келе жазбамды бабамның сөзімен түйіндейін:

Асылы залымдардың лайланды,
Дүниені маған десең шыр айналды.
Ит үрер жақсыға да, жаманға да,
Қылмағы бірақ залал Құдайдан-ды.

Жұматай ӘМІРЕЕВ