ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ҚОЛӨНЕРМЕН-АҚ ТҰРАҚТЫ ТАБЫС ТАУЫП ОТЫР

Уақыты: 22.03.2022
Оқылды: 1903
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ертеректе құрақ құрау мата қиындысын ысырап етпес үшін жасалған екен. Ал бүгінде сол құрақтан әдемі етіп тігілген көздің жауын алар көрпелер әр шаңырақтың көркі. Әдетте бұл іске ебі барлар құрақ құраумен қатар түрлі төсеніш, жапқыш, перде, қоржын сияқты бұйымдарды тіге береді. Жамбыл ауданында осы өнермен айналысатындардың бірі – Меруерт Сманова.

Ол Аққайнар ауылында тұрады. Ісмерлігін білмекке өзіне жолығып, әңгімелестік. Қолөнермен айналысып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болыпты. Көрпе-көрпешелердің неше түрін тігетін шебердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы камзол, шапан, қоржыннан бастап перде, төсек жамылғысы, көйлек, жұмысшылар киімі, кестеге дейінгі бұйымдарға қызығушылар көп екенін айтады ол.

Бұл төңіректе Меруертке тапсырыс берушілер қатары, әсіресе, өткен жылы үзілмепті. Қазір сәл саябырсыған. Күнделікті киетін киімдерін қысқартып, ұзартып, сырғыма салып, тарылтып немесе пішінін басқалай өзгертіп бер деп келушілер де бар. Ісмер олардың көңілінен шығатындай етіп бар өнерін сала орындап, шеберлігін шыңдай түсті.

Бұл істі кәсіп етіп, отбасының нәпақасын тауып отырған Меруерт қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы да өз өнімдерін қалың жұртқа таныстырады. Алыс ауылда отырып-ақ ғаламтордың жетістіген өз пайдасына жарата алған жайы бар. Қолынан шыққан дүниелерін қалай дайындайтынын әлеуметтік желіге жүктеп, осыдан табыс тауып отыр. Әлеужелідегі жазылушыларының саны 15 мыңға жуықтапты. Парақшасын қалай жүргізуді де сол ғаламтор арқылы үйренді. Ол үшін бір жылдық ақылы онлайн-курс оқыды.

– Әлеуметтік желінің мүмкіндігін білмейтінмін. Ғаламторды пайдалануды 8-сыныпта оқитын ұлым Ерасыл үйретті. Өзі тәп-тәуір меңгеріп алыпты. Жұмыс үрдісімді бейнежазбаға түсіріп, өңдеп, жүктейтін сол. Қаралым саны артумен бірге пікір жазушылардан: «Бізге толық түсінікті болуы үшін өзіңіз сөйлеп отырып көрсетіңізші», – деген өтініштер түсе бастады. Енді камераға түсіргенде қалай дайындайтынымды көрсетіп қана қоймай, айтып түсіндіруге тырыстым. Сөйтіп ептеп-ептеп «әңгімелеуді» үйрендім. Тоғыз айдан кейін осы әрекетімнен «Ю-тубтан» табыс табуға шықтым. Қазір екі ай сайын ақша түсіп тұрады. Алғаш қажеті жоқ, мені түсірмей-ақ қойшы дегеніме қарамастан ұлым осылай «көзімді ашты». Табыс тауып әрі қолөнерден ұстаздық етуге жарадым, – дейді ісмер М.Нұрдәулетқызы.

Меруерт 2005 жылдан бастап кәсіби тігінші. Алғаш Алматыдағы «Түскиіз» фабрикасында еңбек еткенде түрлі шапандар, камзолдар тікті. 2007 жылы тұрмысқа шығып, бала күтіміне байланысты декреттік демалыстан кейін «Ерке-Нұр» ұлттық киімдер фабрикасына ауысып, тігінші болып жұмыс істеді. Онда ұлттық киімдермен қатар мектеп формасын да тікті. Бес жыл қалада пәтер жалдап тұрғаннан кейін олар 2012 жылы Аққайнар ауылындағы ата-енесінің жанына көшіп келеді. Тұрақты жұмысы жоқ, үй шаруасында отырғанда қолынан ине-жібін түсірмепті.

Ісмерлігін байқаған қайын бикесі Алтын өз енесінен қалған қол машинкасын Меруертке береді. Меруерттің күйеуі Төлеген Боранбаев та шебер, құрылысшы-әрлеуші. Кісіге алақан жаймай, өз еңбегіне ғана сүйенген жарасымды жұп ауылдан жер алып, үй салады. Осыдан екі жыл бұрын ол үйді сатып, орталық көшеден құрылысы аяқталмаған баспана сатып алып, іші-сыртын өздері жөндеп, жаңа қонысқа енді ғана кіріпті. Олардың Ерасыл, Жауһар, Раяна есімді ұл-қыздары бар.

Отағасына сүйеу болып, нәсібін сүйікті ісінен айырған Меруерттің ісмерлігін уақыт өте бүкіл ауыл біліп, тапсырыстар үзілмейтін көрінеді. Ұлттық киімдерге қарағанда күнделікті қолданатын киімдерге, көрпе-жастыққа тапсырыс берушілер қатары ауылда басым. Шебер де халыққа не керек болса, соны орындайды. Ғаламтор арқылы Тараз, Өскеменнен тапсырыс алыпты. Тапсырыстан тыс дайындаған бұйымдарын Алматының базарына такси жалдап апарып сатып, түскен ақшасына мата, ине-жіп сияқты қажетті керек-жарақтарды алып қайтады. Осылайша бірлі-жарым тапсырыспен ісін жүргізіп жатқан жайы бар. Үлкен көлемдегі сұранысты орындауға мүмкіндігі шақтаулы. Жұмыс орны – өз үйі. Құрал-жабдықтан бір қол машинасы мен бір автоматты тігін машинасы ғана. Мемлекеттің қолдауы арқылы кәсібін кеңейту жайлы сұрағанымызда:

– Бұл кәсібіме мемлекеттің нақты қандай көмегі барын білмедім. Оның үстіне үйден ұзап шыға алмаймын, себебі қызым бірінші сыныпқа барды. Оны мектепке апарып, алып келу, сабағына қарауым керек. Арасында үйдің шаруасы бар. Естуімше, қолдауға қол жеткізудің жүгірісі көп көрінеді, – деді.

Ауданда кәсіпкерлікті қолдайтын ұйым барын, арнайы мемлекеттік мекеме де жұмыс істейтінін, оған жүгіну үшін алдымен ауыл әкімдігінен жөн-жосығын, бағыт-бағдарын біліп алу керектігін айттық.

Меруерт ісмерлікті анасы Қаршығадан үйренгенін айтады. Бала кезінен анасының қасында кесте тігіп, қол машинасын жүргізіпті. Анасы он екі құрсақ көтеріп, Батыр ана атанған. Үйдің кенжесі әрі егіздің сыңары осы Меруерт екен. Жаркенттегі қара шаңырақтың түтінін бүгінде Меруерттің сыңары Медет түтетіп отыр. Атадан балаға мирас болып жеткен ұлтымыздың төл өнерін жалғастырған ісмерге толайым табыс, шәкірттері көбейе беруін тілейміз.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Аққайнар ауылы,

Жамбыл ауданы

Алматы облысы