ЕСКЕЛДІ АУДАНЫ АЛМА ӨСІРУГЕ ӨТЕ ҚОЛАЙЛЫ - ТӘЖІРИБЕЛІ БАҒБАННЫҢ СӨЗІ

Уақыты: 14.08.2022
Оқылды: 1297
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ескелді ауданы, Теректі ауылында орналасқан  «Савченко» шаруа қожалығының тіршілігі бүгінгі нарыққа ілесіп, өсіп-өркендеп келеді. 1990 жылдан бастап алма бағын өсіруді қолға алған  Владимир Савченко бүгінде ірі шаруашылықты тізгіндеп отыр.


Сонау тоқырау кезеңінде екі қолға бір күрек таппай, жалпы жұрт базар жағалап кеткенде қорықпай, Теректі ауылынан 38 гектар жер алып, алма өсірумен айналысқан ол бағбандық жұмыс атасы Степаннан дарығанын айтады. Осылайша, шаруаны әрі қарай жалғастырған Владимир Алексеевич бүгінде алма бақты отбасылық кәсіпке айналдырып, нәпақасын айыруда.

Шаруа қожалығының иелігінде 38 гектар жер бар. Оның 3 гектарына құлпынай өсірілсе, қалғанына алма мен дәнді-дақылдар егілген. Алманың 15 сұрыпы жайқалып тұр. Жылына 100-120 тонна алма дайындалады. 75 тоннаға арналған сақтау қоймасы да бар. Сондай-ақ, 10 тонна құлпынай өткізеді. Бағасы да қолжетімді. Нарық бағасымен келісіліп, еліміздің бірнеше аймағына жібереді, одан қалғанын облыс орталығындағы базарға шығарады. Өндірілген өнімнің 20 пайызын экспортқа шығарып, Ресейге жіберіп отыр. Отбасылық кәсіпті ұлдарымен бірге атқарады. Барлығы 5 адам жұмыс істейді. Маусым кезінде 20 адамды жұмыспен қамтып, олардың ақысын күніге төлейді.

Қожалық иесінің сөзіне сүйенсек, бау-бақша өсіру  оңай емес. Оның үстіне ауа райымен тығыз байланысты. Мәселен, өткен жылы мүлде жеміс бермеген. Көктемде ағаштар бүр жарып, гүлдеген тұста үсік жүріп, ештеңе өнбей қалған. Бұл – қожалық үшін үлкен шығын. Сонымен қатар, оны күтіп-баптау, тазалау, түрлі зиянкестерден қорғау, ескірген ағаштардың орнына жас жеміс ағашын егу үлкен күшті қажет етеді.

– Шаруаның жеңілі жоқ, қиындығы болса да осы іспен айналысып жатырмыз және жетістігін де көріп отырмыз. Біздің  Жетісу жері – нағыз алма өсіретін аймақ. Әлемдегі барлық алманың атасы «Сиверс» Жетісуда өседі. Ескелді ауданы алма өсіруге өте қолайлы. Өйткені, біз теңіз деңгейінен 900-1200 биіктікте тұрмыз. Бұл алма жемісіне өте қолайлы. Мәселен, алманың «Апорт» сұрыпы – дәл осы 1200 биіктікті қажет ететін жеміс ағашы. Одан төмен болса ол жеміс бермейді, – дейді қожалық басшысы.

Қожалық иесінің сөзінен кейін алма бағын аралап көрдік. Барлығы рет-ретімен орналасқан, күтімі өте жоғары, биыл ағаштар майысып, жемісі төгіліп тұр. Бір қынжылтатыны, мемлекеттен арнайы көмек алмайтыны. 2007-2008 жылы жеміс ағашын отырғызу кезінде күтіп-баптауға 3 жылдық субсидия берілген. Одан кейін мемлекет қолдауына қол жеткізе алмай отыр. Ардагер бағбан мемлекет зиянкестерді жою үшін грибициттермен, арнайы дәрумендермен қамтамасыз етсе деген өтінішін де тілге тиек етті. Ол сондай-ақ, биыл ауа райы қолайлы болса, 200 тоннадай өнім аламыз деген үмітте.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Ескелді ауданы,

Жетісу облысы