БИЫЛ ҚУАҢШЫЛЫҚ ЖОҚ. БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ШӨП ОРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 19.08.2022
Оқылды: 1649
Бөлім: ОН САУСАҚ

Балқаш ауданындағы мал өсіруші шаруашылықтар жемшөп дайындау жұмысына қызу кірісіп, шөп ору науқанын қыздыруда.

Биыл аудан көлемінде 14 877 гектар суармалы жерге көпжылдық жоңышқа егілген. Бүгінде екінші орылымның 6836 гектары шабылып, 5498 гектары бастырылды. Мұның сыртында 236 гектар жерден 12828 тонна пішендеме дайындалған. Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бүркіт Мұқанов жаздың ыстығына қарамастан дала төсін дүбірге бөлеген пішеншілердің жұмысын көру үшін «Өтес-Ақдала» ЖШС-нің егіс алқабына барды.

Онда көк шалғынға шалғы салған пішеншілер жұмысты қыздыруда. Аталмыш шаруашылық бригадирі Әбіш Бірлікбаев өздеріне тиесілі 1548 гектар жерге көпжылдық шөп еккен. Олар бүгінде екінші орылымның 140 гектарын шауып, 60 гектарын бастырған. Шөп шабуға қажетті техникалар да сақадай сай жұмыс атқаруда. Қысқы мал азығын уақтылы дайындауды мақсат еткен пішеншілер, таң бозынан кешке дейін маңдай терлетіп, еңбек көрігін қыздыруда.

Жоңышқа жапырағы көк майса күйінде тиісті жерге жөнелтіліп жатыр. Шөп ору науқаны басталғалы жұмыстарын тиянақты атқарып жүрген механизаторлар Құрыш Қиқаев пен Ерғанат Асанбай биыл жоңышқа шөбінен басқа да табиғи шөптердің өсімі көңіл көншітетінін айтты. Бұл көктем айларында жауған жаңбырдың оң нәтижесі екенін байқатты.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Балқаш ауданы,

Алматы облысы