Іскер жігіт

Уақыты: 14.01.2024
Оқылды: 1471
Бөлім: ОН САУСАҚ

Еңбек адамы – ел мақтанышы. Қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп, сол бағыттың қарыштап дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі үнемі еленуі тиіс. Оларға деген құрмет үнемі жоғары болуы қажет. Жастарға олардың жұмысын көрсету арқылы адал еңбек етуді дәріптеп, еңбексүйгіштікке баулу – біздің міндет.

Талдықорғандағы жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпорындардың бірі – «Темірбетон» ЖШС зауыты. Кәсіпорын өз өнімдерін еліміздегі энергетика, теміржол және өнеркәсіптік-азаматтық құрылысты қоса алғанда, тағы да басқа көптеген салаға жеткізеді. Сонымен бірге Ресей, Өзбекстан және Моңғолияға экспорттайды. Серіктестік былтырдан бері өзінің өндірістік технологияларын газбен жабдықтауды белсенді түрде қолға алған. Дәл осы зауытта 14 жыл адал қызмет етіп жүрген Сәбит Байбековтің ерен еңбегін тілге тиек етпеу мүмкін емес.

Көпбалалы әке зауыт жұмысын бес саусағындай жақсы меңгеріп алған. Алғаш жұмысқа орналасқан уақытында ұсақ-түйек істі атқарған ол бүгінде зауыттан шыққан темірдің барлығын қаптаумен айналысады. Тауар сапасын бақылау соның міндеті. Қиын әрі жауапты қызметті мінсіз атқару үшін жауапкершілік қажет. Кейіпкеріміз жұмыс ауыр болғанымен қызықты екенін айтуда.

– Жұмыстың жеңілдігі жоқ. Барлық істің өз қиындығы мен ауыртпалығы болады. Адамға ең бірінші жауапкершілік, шыдамдылық керек. Мен еңбек ету арқылы адал  ақша тауып, балаларымның бойына адалдықтың дәнін егіп келемін. Сол үшін қуанамын. Қазіргі жастар жеңіл жолмен байып кетемін деп жүріп, түрлі жағдайға ұшырап жатады. Сол үшін жастар еңбек етіп, адал жолмен ақша тапса екен деп армандаймын. Адамды өсіретін, мерейін тасытып сыйлы ететін тек адал істеген еңбегі. Біз қоғам болып осы дүниені кейінгі ұрпақ есіне салып отыруға міндеттіміз, – деді Саят  Байбеков. 

Зауытта жұмыс істеу адамды жинақылыққа, зерделілікке, дәлдікті тауып, әр істі өз технологиясымен жасауға баулиды. Кейіпкеріміз еңбек адамының адал еңбегін насихаттайтын Мемлекет басшысының идеясын қос қолдап қолдайды. Өйткені бүгінде жастардың өндіріске баруға аса қызығушылығы жоқ. Сол себепті де ауырдың үстімен, жеңілдің астымен ақша табуды ойлап жүріп, жас шағын зая өткізетін жастарға үлгі-өнеге болуға дайын.

– Біздің жұмыс қысы-жазы тоқтамайды. Қыста тапсырыс азайса да біз өзгеріссіз жұмысымызды жалғастырамыз. Егер біз дұрыс істемесек, өнімді сата алмаймыз. Өнім сатылмаса бізге жалақы жоқ. Осы жұмыстың арқасында бала-шағамды қатарынан  қалдырмай, адал жолмен ақша табудың шынайы жолын көрсетіп келе жатқаным көңіліме қуаныш ұялатады. Балаларыма үнемі біреудің  1 теңгесін артық алмаңдар. Өз маңдай теріңмен тапқан ақшаның наны тәтті, сіңімді болады деп айтудан шаршаған емеспін. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ білім алып, оқып, елдің болашағы үшін еңбек етулері керек, – дейді көпбалалы әке.

«Темірбетон» зауытының аты айтып тұрғандай ол жер таза бетоннан, темірден жасалған дүниелерді шығарады. Жұмыс процесі жүретін зауыт қоймалары бетон болғандықтан суық. Қысы-жазы осындай сызды жерде жүріп, нәпақасын тауып жүрген жандардың еңбегі қашан да үлгі-өнеге.  

Кейіпкеріміз қызметке келетін азын-аулақ жастарға қолдау көрсету үшін оларға барынша көп уақытын бөліп, қауіпсіздік ережелерін үйретіп, өзінің мол тәжірибесімен бөліседі. 

Саят Байбеков жайлы әріптестер арасында жақсы пікір қалыптасқан. Олар жауапты, өз ісінің нағыз маманын мықты кадр деп құрметтейді. Әріптестері адамгершілік қасиетімен қатар ол отбасында өте жақсы әке екенін де зор мақтанышпен жеткізді. 

Барлық ауыртпалықты көтеріп, барға шүкір, жоққа сабыр білдіріп жүрген біздің кейіпкеріміздің тағдыр қосқан асыл жары да аталмыш зауытта жұмыс істейді. Ұлықты ұлын, қылықты қызын тәрбиелеп, зауыттың көркеюіне, елдің дамуына біркісідей атсалысып жүрген еңбек адамы бүгінгі күннің нағыз батыры екенін ұмытпайық. 

Е. Бауыржанқызы