Баспасөз туры: Төккен тердің өтеуі

Уақыты: 12.02.2024
Оқылды: 1348
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өткен жылы облыста жалпы құны 3.6 млрд. теңгені құрайтын 182 жоба қамтылған. Осыған орай 46 жаңа шағын және орта к2әсіпкерлік нысаны жұмыс бастап, 357 жұмыс орны ашылған.

Талдықорған қаласында 17,0 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркеліп, 37 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар былтыр 263,7 млрд. теңгенің өнімін өндіріп,  бюджетке 20,4 млрд. теңге көлемінде кіріс кіргізді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 37 мыңға жуық  адам жұмыспен қамтылған. Арасында өз қаржысымен кәсіп ашып, кәсіпкерліктің қыры мен сырын меңгерген жерлестеріміздің де қатары көбейіп келеді. Бірқатары Талдықорған қаласының кәсіпкерлігін өркендету үшін жұмыс атқаруда. Баспасөз туры аясында солардың бірқатарын аралап, жұмыс барысымен және болашақ жоспарымен танысып, ұсыныс-тілегін жазып алдық.

Кейінгі жылдары Талдықорғандағы «Овощепром» және «Жетісу Агро кешені» ЖШС, «Мақмұт Нұргүлсін», «Түлкібай», «Шарапиев Т», «Майлыбаев» жеке кәсіпкерліктері жылыжай шаруашылығымен айналысып, тұрғындарды экологиялық таза өніммен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс атқаруда. Жалпы аумағы 1,52 гектарды құрайтын жылыжайларда қызанак, қияр, түрлі салат жапырақтары өсіріледі. Алдағы уақытта 1 гектар жерге жылыжай кешенін салу жоспарланған.

Осындай өз қаржысымен кәсіп ашып, жұртқа үлгі көрсетіп, игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтың бірі Еркін ауылындағы 40 сотық жерге жылыжай салып, нәсібін еселеп отырған «Майлыбаев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Бағдат Нұрғалиев.

– Жылыжай – ұқыптылық пен табандылықты талап ететін кәсіп. Біз 2019 жылдан бастап жылыжай шаруашылығымен айналысуды ниет етіп, жұмысқа кірістік. Бастапқыда 10 сотық жерге жылыжай салып, бағытымызды айқындадық. Кейін оның көлемін ұлғайтып, бүгінде 40 сотық жерге жеткіздік. Негізінен қияр өсірумен айналысамыз. Алғаш жұмыс бастағаннан бүгінге дейін 80 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Бүгінде 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді кәсіпкер Бағдат Нұрғалиев.

Еркін ауылының аумағына орналасқан кәсіпкерлік нысанының бүгінгі жағдайы көңіл көншітеді. Бір апта бұрын егілген жасөскіндер жайқалып өсіп келеді. Олар наурыз айының басында базарға шығарыла бастайды.

Жас кәсіпкердің бар назарын жылыжайдың құрылысына ғана арнамағанына куә болдық. Жылыжай орналасқан жердің жанынан жұмысшыларға арналған тұрғын үйде салыпты. Жылуы, суы толық қамтамасыз етілген үйде жұмысшыларға керекті барлық жағдай жасалған.

Дегенмен жылыжайдың әлі де толықтайтын, заманауи құрылғылармен қамтамасыз ететін тұстары жетерлік. Бірақ оған мемлекеттің қолдауы керек. Олар алдағы уақытта жеңілдетілген пайызбен берілетін мемлекеттік гранттарға қатысып, кәсібін ұлғайтуды да мақсат етіп отырғанын жеткізді. Әрине, осындай азаматтарға қолдау көрсету кәсіпкерліктің өркендеуіне үлкен көмек болатыны да белгілі.

Қажет АНДАС
Талдықорған қаласы
Суреттерді түсірген 
Дмитрий ЕРОФЕЕВ