ЖОБА СӘТТІ ЖАЛҒАСТЫ

Уақыты: 04.06.2018
Оқылды: 1140
Бөлім: ОН САУСАҚ

     Талдықорғанда сәуір айында «Business Connect» жобасы бастау алған болатын. Аталған жоба бүгінде сәтті жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, жоба жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға және тәжірибе алмасу мен әріптестік байланысты орнатуға бағытталған.

     Жоба аясында кәсіпкерлер палатасы студенттер мен жастарға бизнес өкілдерінің табысты оқиғалар топтамасын ұйымдастырады. «Business Connect» жобасының алғашқы кейіпкері 28 жастағы Дәурен Серікұлы. Ол Талдықорғандағы «La Flamma» мейрамханасы иелерінің бірі. Халықаралық туризм менеджері мамандығын алған кәсіпкер мейрамхана бизнесіне дейін құрылыс және ауылшаруашылығымен айналысқан. Ол осы салаларда жинаған тәжірибесін бір жыл ішінде мейрамхананы ең үздік кәсіп орынға айналдыруға жұмсады. Аталған жоба аясында жас кәсіпкермен кездесу ұйымдастырылып, оған студенттер мен жас кәсіпкерлер келді. Дәурен Серікұлы мейрамхана ашпастан бұрын серіктестерімен бірге қоғамдық тамақтандыру саласына терең сараптама жүргізіпті. Кездесу барысында жас кәсіпкер: 

     – Талдықорған – мегаполис емес, сондықтан біздің әлеуетті тұтынушыларымыз ретінде экономикалық жағынан белсенді азаматтарды санаймыз. Адамдар біздің мейрамханаға үнемі келіп отырулары үшін ерекше тағам түрлерін ойлап таптық, ас мәзірін күнделікті жаңартып отырамыз. Сонымен бірге, біздегі стиль мен дизайн өзгеше. Көптеген келушілер мейрамхананың атмосферасы мен жұмыс істеу тәсілімізге ерекше назар аударады. Бизнес ашу мен жүргізу барысында айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Жалпы, қазіргі таңда кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Сол себепті бизнесті несиеге емес, жеке қаражат есебінен ашқан дұрыс. Қаламызда түнгі клубтар жиі ашылып, жарты жылдан соң жабылады. Оған әртүрлі себеп бар. Сондықтан әрбір істе жақсы маркетинг болуы тиіс, халықтың әлеуметтік топтары мен барлық талап-тілектері ескерілуі қажет. Әрине, мекеме алғаш ашылғанда келушілер саны көп болады. Жас кәсіпкерлер осындай ағылу жалғаса береді деп ойлайды да, жұмыстың бәрін әкімшіге тапсырады. Кәсіпкер қоғамдық тамақтандыру саласында таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуі керек, – деді.

     Осылайша мейрамхана бір жыл ішінде қала тұрғындары мен қонақтары арасында беделге ие болды. Қазіргі таңда мейрамханаға күніне 300-400 адам келеді. Дәурен Серікұлы кәсіпкер үшін көп еңбек етіп, ұжымның пікіріне құлақ асқан жөн екенін, сондай-ақ, ұжымның көзқарасын біліп, оларды сервис пен менеджментті жақсарту бойынша жұмысқа тарту қажеттігін алға тартты.

     «La Flamma» мейрамханасында дайындалатын астың дәмі ерекше. Өйткені, тағамдар халал негізінде дайындалады. Бүгінгі таңда кәсіпкер жұмыспен отыз адамды қамтамасыз етуде және алдағы уақытта мейрамхана бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Дәурен Серікұлы өз сөзінде жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге әрқашан әзір екенін айтты.

*                        *                     *

     «Business Connect» атты жоба аясында екінші рет кездесу ұйымдастырылды. Жастар және журналистермен өткен басқосуға «Тау Жетісу» кешенінің негізін қалаушы, «Алға» спорт клубының жетекшісі, Экстремалды спорт федерациясының басшысы Игорь Виршки және Top travel турситік компаниясының директоры Табиғат Әбілпейісов қатысты.

     Бизнесмендер Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Спорт және туризм комитетінің мүшелері болып саналады. Бүгінде Игорь Виршкиді облыс жұртшылығы ғана емес, бүкіл әлем таниды. Игорь Қазақстандағы жетекші парапланеристің бірі. Ол он шақты спортшыны баптап, елде экстремалды спорт түрлерін насихаттауда, сондай-ақ, туризмді дамытуда аянбай еңбек етуде. Бұрын әскери қызмет атқарған Игорь Виршкидің өр мінезі мен табандылығы бизнесте пайдасын тигізді.

  • 90-жылдардан кейін алдымда үлкен таңдау тұрды. Ол Ресейде әскери қызметті жалғастыру немесе Қазақстанға оралу болды. Мен екіншісін таңдап, туған өлкеде кәсіп бастауды ұйығардым. Ол уақытта табыс табу қиын болатын. Әсіресе, туризмді дамыту оңайға түспеді, – деп еске алды кәсіпкер өткен күндерін.

     Туған өңірдің әсем табиғатына деген ерекше сүйіспеншілігі мен кәсіпкерлікпен айналысуға деген айрықша құштарлығының арқасында кәсіпкер Текелі қаласының маңында «Тау Жетісу» туристік кешенін салады. Қысқа мерзім ішінде бұл кешен демалатын айтулы орынға да айналып үлгерді.

  • Біз жұмысты енді бастадық деп ойлаймын. Сондықтан инфрақұрылымға, сервис пен мамандар дайындауға күш салып отырмыз. Бедел үшін еңбектенудеміз. Демалысқа қолайлы жағдай жасау маңызды. Бізге басқа өңірлерден ғана емес, ТМД, Азия және Еуропадан да қонақтар келеді, – деді Игорь Виршки. Жыл сайын кешенге жиырма бес мыңнан аса адам демалуға келеді.

     Кәсіпкер, сонымен қатар, «Алға» спорт клубына басшылық етеді және ел бойынша экстремалды спорт, аэротуризмді дамытуға күш салып отыр. Биыл Игорь Виршки елде парапланерлық спортта дәлме-дәл қону бойынша Әлем кубогын ұйымдастырды. Кубок аталған кешенде мамыр айының басында өтті. Спорт жарысына оннан аса мемлекеттен жүз спортшы келді.

     Сонымен бірге «Business Connect» кездесуінде сөз сөйлеген «Top Travel» ЖШС директоры Табиғат Әбілпейісов бизнесті 22 жасында бастағанын әңгімеледі.

  • Мектепте оқып жүргенде биология пәні мұғалімі бізді қоршаған ортаны аялауға баулыды. Мұғалім туризмді жақсы көрді әрі бізді жиі көкке шығаратын. Біз сөмкелерімізді асынып алып, табиғатты қуана зерттейтінбіз. Менің арманым заңгер болу еді, ол уақытта заң саласы беделге ие болған. Алайда әкем туризм саласын таңдауымды қалады. Нархозды аяқтаған соң мен Алматыдағы бір туризм компаниясына жұмысқа тұрдым. Кейін отбасылық және өмірлік жағдайларға байланысты Талдықорғанға қайтып келіп, туризмді қолға алдым, – дейді кәсіпкер.

     Жеке компанияны кәсіпкер 2008 жылы ашып, қазақстандықтарды Қытайға апарумен айналысты. Кейін тасымалдар ауқымы артты. Енді Top Travelмен Қазақстанның кез келген жеріне, әлемнің кез келген нүктесіне баруға болады.

     – Бірінші кезекте туризммен айналысу үшін адам бұл саланы жақсы білуі шарт, сонымен қатар көп қиындық та кездеседі, соған дайын болу керек. Туризм саласында үлкен бәсекелестік бар, бірақ мүмкіндіктер де зор. Бизнестің барлық саласындағыдай кәсіпкерлер «мини-банкир» болуы керек, – деді Табиғат Әбілпейісов.

     Биыл Top Travel 10 жылдық мерейтойын атап өтпек. Кәсіпкерлер кәсіп бастағысы келетін жастарға несие алуға бейімденбей, өз күшіне сенуге шақырды. Кездесу барысында бизнестегі сервис, менеджмент, мемлекеттік қолдау шаралары, кәсіпкерлердің заң жобаларын әзірлеуге, консультациялық-кеңес беру органдарының жұмысына қатысуы мәселелері талқыланды.

     Сондай-ақ, Табиғат Әбілпейісов Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бастап бизнестің көп мәселесінің шешіле бастағанын және даму жолында кедергілердің азайып, бүгінде «Атамекен» бизнестің сенімді серіктестігіне айнала бастағанын сөз етті. Яғни, бұл ұйымның кәсіпкерлерді біріктіріп, кәсіпкерлердің мүддесі мен құқығын қорғайтынына сенім білдірді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА