ІІІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК: "ЖЫЛЫНА 1000 ЕТІК ТІГЕМІН"

Уақыты: 21.02.2019
Оқылды: 1845
Бөлім: ОН САУСАҚ

Орынгүл Баратжан Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылының тұрғыны. Отандық өнімді көбейтуге өзіндік үлесін қосып, ер мен әйелдердің аяқ киімін тігеді. Қызығы сол, етікшінің өнімі жылдың барлық мезгіліне арналған. Ал, қажетті шикізат Талдықорған, Алматы қалаларынан жеткізіледі.

«Ақиқат» аяқ-киім шығару цехында жолдасы екеуі ғана осы уақытқа дейін 8 адамға аяқ киім тігу техникасын үйреткен. Алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, шикізаттың барлығын өздері өндіріп, 30 адамды жұмыспен қамту ниеті бар. Күніне оннан астам тапсырыс түседі. 7 жылда  7000 аяқ киім тіккен. Бағалары да қол жетімді. Кәсіпкер  тауар сапасына көп көңіл бөледі.

- Тұрмыс құрып еншімізді бөлгеннен кейін, қатты қиналдық. Ауылда қоғамдық жұмыста істеп жүріп, өз кәсібімді ашсам деп армандайтынмын. Арманым алға жетелеп, кәсіпкерлер палатасы арқылы оқып, кәсібімді бастадым. Басында «әйел адам аяқ киім тігуші ме еді» деп барлығы күле қарайтын, алайда мен ешқашан мойыған емеспін. Бізден сатып алынған аяқ киім 5 жылға дейін киіс береді. 1 жылға дейін кепілдеме береміз. Тұтынушылардан бүгінге дейін шағым, не ескерту естіген жоқпыз. Дегенмен, заманауи стандартқа сай жұмыс жасау үшін бізге жаңа құрылғылар қажет, - дейді Орынгүл Баратжан.

Бүгінде 4 баланың анасы, 3-топтағы мүгедек 2012 жылы аяқ киім шығару ісін зерделей бастаған. Кәсіби шебер өнімінің шығарылымын көбейтіп, алдағы уақытта аудан ғана емес, облыс көлемін қамтуға ниетті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"