Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"КҮНІ-ТҮНІ ОСЫНДАМЫЗ": ХАНТӘҢІРІ ЕТЕГІНДЕ ҚОЙ ҚОЗДАП, ҚОРАДА ШУ БОЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 15.05.2020
Оқылды: 312

Жуантөбе өңіріндегі Әділжан Халықов басқаратын «Әділхан әулеті» шаруа қожалығының қыстауында қызу еңбек. Қой қоздап, қорада шу болып жатыр. Қозылардың үні құлаққа жағымды естіліп, кең өріске ойнақтаған бұзау мен күміс жалды құлындар көрік беріп тұр.

Аталған шаруа қожалығы 1996 жылы құрылған. Оның негізін Әділжанның әкесі Әділхан Халықовтың өзі қалап кеткен. Атасының ақ таяғын әке қолынан алған Әділжан – бүгінде ауылдағы алдыңғы қатарлы, озат шаруа қожалығының иесі.

Қожалықта асыл тұқымды бір отар арқар-меринос саулығы бар. Әділжан бастаған қожалық ұжымы әр жүз саулықтан жүзге таяу төл аламыз деген үлкен үмітте. Осы орайда: «Күні-түні уақытымызды бөліп, саулықтарға қараймыз. Төл алу науқаны аяқталуға жақын. Жағдайымыз жақсы, күні-түні осындамыз», – дейді шаруашылық төрағасы Әділжан Халықов.

Әділжан мен зайыбы Сандуғаш екеуі төл алу науқаны басталғалы қыстауларында. Төрт түліктің басы-қасында. Малдың жанында болмаса көңілдері де тынбайды. Былтыр осындағы малшы үйін күрделі жөндеуден өткізген.

Жаз айларында жиырмаға тарта бие байлап, сапалы қымыз дайындайды. Былтырдың өзінде 7200 литр қымыз өндіріп, сатыпты. Әрі сусын, әрі ем бал қымыз өндіру – жан қалауы.

Атасының ақ таяғы құт болып дарыған Әділжанның ісі ілгері, шаруасы оңды. Көктем егісін жүргізуге, мал азығын дайындауға трактор, техникалары жеткілікті. Қосымша жаңадан шөп тайлайтын агрегат сатып алды. Төрт түлікті төлімен өсіре, көбейте беруді мақсат тұтады. 

Қанат БІРЖАНСАЛ

Алматы облысы