БИЗНЕСТІ ҚАЛАЙ САҚТАП ҚАЛАМЫЗ? АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҮКІМЕТКЕ ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 03.08.2021
Оқылды: 995
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында 124,8 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Соның 1,2 мыңы биылғы жылы ашылды. Осы салада 262 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл туралы бүгін Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнесті қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру барысы туралы» мәселе бойынша сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ айтты.

А.Баталовтың айтуынша, індет жағдайына қарамастан, жалпы өңірлік өнім құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі ұлғайып келеді. 2020 жылы өсім 1,4 процентті құрап, 34 процентке жетсе, биыл 34,3 процентке жеткізу жоспарланып отыр.

- Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар кәсіпкерлерге елеулі қолдау болды. Бизнестің 928 субъектісі 2,5 млрд.теңгеге салық жеңілдігін алды, 418 субъектінің 3,2 млрд.теңге сомаға кредиттері кейінге шегерілді. Мемлекеттік меншік объектілерінде жалдау ақысын есептеу тоқтатылды. Бұл жеңілдікті 219 шағын және орта бизнес субъектісі 50,8 млн.теңге сомаға пайдаланды, - деп атап өтті А.Баталов.

Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлікті дамытуға қажетті жағдай туғызған. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша биыл 24 млрд.теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Сол сияқты облыс әкімі «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында қосымша 11,8 млрд.теңге бөлінгенін де айтты.

- Соның есебінен 2,5 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуді, 5 мың жұмыс орнын құруды, 7 мың жұмыс орнын сақтап қалуды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Алматы облысында қазіргі уақытта 12,3 млрд.теңгеге 1,4 мың жоба қаржыландырылды, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 87,5 млрд.теңгеге 267 жоба қаралып жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"