Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЭКОЕРІКТІЛЕР КӨЛСАЙ МЕН ҚАЙЫҢДЫНЫҢ АЙНАЛАСЫН ЕКІ КҮН ТАЗАЛАДЫ

Уақыты: 24.08.2021
Оқылды: 1707

«Көлсай көл­дері» мемлекеттік ұлт­тық табиғи пар­кі аумағында «Kaz­EcoPatrol» респуб­ли­калық қоғам­дық ­бірлестігінің эковолонтерлерінің бірлесуімен «Тазалаушыны күтпеңіз» атты екікүндік акция өтті.

Шараны «Kaz­EcoPatrol» Республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Тимур Елеусізов ұй­ым­дастырып, оған Алматы қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов, Кеген ауданы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев, «Алтын Адам» Жетісу шеберлер орталығының төрайымы Динара Бакирова, Оқушылар сарайының Талдықорған қаласы бойынша «Жас Ұлан» жасөспірімдер бірлестігінің үйлестірушісі Меруерт Күлшанова қатысты.

Акцияда Төменгі Көлсай және Қайыңды көлі, көл маңындағы туристік соқпақтар, көру алаңқайлары, автотұрақ орындары тазаланып, жалпы көлемі 2,5 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды. Аумаққа келуші туристер мен демалушыларға аудандық төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының қатысуымен қауіпсіздікті сақтау туралы түсіндіру жұмысы жүргізіліп, ескертпе парақшалар таратылды.

Акцияға 85 адам қатысты. Оның 50-ден астамы жас еріктілер. Осылайша жастар мыңдаған турист келетін өлкенің бет-бедері мінсіз болып, келбетіне нұқсан келмеуіне өз үлесін қосуда. Өйткені, әсем мекеннің сұлулығына сызат түсіріп тұрған осы қоқыстар. Сондықтан экоеріктілердің бастамасымен өткен акцияның мақсаты айналаны артық қалдықтан тазарту болды. Ол арқылы келуші жұрттың мәдениетін көтеру, бей-берекет қоқыс тастамауға үндеу көзделді.

Облыстық маңызы бар шараға еліміздің бас экологы, Табиғат экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов арнайы шақырылды. Мэлс Хамзаұлы дүниежүзіне қатер төніп тұрғанын, алайда билік те, бұқара да бұған аса мән бермейтінін жеткізді.

– Бүгінгі күні табиғат, оның ішінде қоқыс мәселесі өзекті. Осыдан 20 жыл бұрын Іленің бойын тазалайтынбыз. Онда қоқыс шаш етектен еді. Қалдықтар  барлық жерде жататын. Бүгінгі ұйымдастырылған шараның маңызы зор. Өсіп келе жатқан ұрпақтың жадына қоршаған ортаны аялау керектігін сіңіру керек. Сол арқылы өзгелерге үлгі көрсету қажет, – деді ол.

Экоакцияға қатысушылар бірінші күні 5 адамнан топқа бөлініп, Көлсайдың айналасын тазартты. Нәтижесінде, бір жүк көлігіне артатындай қоқыс шығарды. 

Екінші күні экодесантшылар «Қайыңды» көлін бетке алды. Қайыңдыдағы жаяу жүргінші және жылқы малына арналған жолға бөлініп, көлге апаратын екі қапталды тегістей тазалап, қап-қап қалдық шығарды.

Алдағы уақытта еліміздегі демалыс орындарында әр 100 метр сайын тазалықты сақтау үшін ескертпе тақталар орнатылатын болады. Алғашқы айда түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, одан кейін тәртіп бұзған келуші әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Сәйкесінше, 2 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

«KazEcoPatrol» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Тимур Мэлсұлы­ның айтуынша, экошаралар алдағы таңда жалғасын таппақ. Келушілердің ішкі мәдениеті көтеріліп, аймақта тазалық қалпына келмейінше табиғат сақшылары күресін тоқтатпақ емес. Акцияға қатысушы жастар да оған өз үлестерін қосатындығын айтып, жақсы көңіл-күймен қайтты.

Әйгерім ЕСІМХАН

Кеген ауданы

Алматы облысы