ДӘРІГЕРЛЕР ӨКПЕСІНІҢ 90 ПАЙЫЗЫ ЗАҚЫМДАЛҒАН ЖҮКТІ ӘЙЕЛДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Уақыты: 22.10.2021
Оқылды: 752
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында алғаш рет аудандық аурухана деңгейінде өкпесі толық зақымданған жүкті әйел емделіп шықты. Ем-шара ЭКМО (Экстракорпоралды Мембраналық Оксигенация)  аппаратын пайдалана отырып жүзеге асырылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Іле аудандық орталық ауруханасына жүкті келіншек COVID-19 диагнозымен, өкпесінің 90 пайызы зақымданған күйінде жеткізілген болатын. Аталған аурухана директоры Бауыржан Ысқақ науқас ЭКМО аппаратының көмегімен аман қалғанын айтты.

- 9 тамыз күні 27 жастағы жүкті әйел (38-39 апта) өте ауыр жағдайда түскен болатын. Ауыр халде түскен әйелге дереу ота жасалып, бала аман-есен дүниеге келді. Бірақ науқастың жағдайы нашарлап, қанды оттегімен қанықтыратын ЭКМО аппаратына қосуға тура келді. Науқас 31 күннен кейін өздігінен дем ала бастады, - деді Бауыржан Ербозымұлы.

Төрт баланың анасы Баянсұлу Амангелдиева жансақтау бөлімінде медицина қызметкерлерінің көмегімен қайта аяққа тұрып, өздігінен дем алуды, қозғалуды үйренгенін айтады.

- Мен жансақтау бөлімінде 47 күн жаттым. Екі ай бойы балаларымды көру арман болды. Көпшілік жиналған жерде бетперде таққан емеспін. Бұл менің басты қателігім болды. Өйткені, бетперде таққан кезде өзімді жайсыз сезініп, ауа жетпей тұрғандай сезінетінмін. Алайда бір жұтым ауаны өздігімнен жұта алмай қиналғанда қатты өкіндім. Қателігімнің салдарынан отбасымды, туған-туыстарымды, менің өмірім үшін екі ай бойы күрескен дәрігерлерді әуреге салдым. Қазір аман-есен жазылып, отбасыма оралдым. Дәрігерлерге алғысым шексіз, - деді ол.

Айта кетейік, жұқпалы індетке шалдыққан тұрғын ауруханада 58 күн жатса, соның 47 күнін жансақтау бөлімшесінде өткізді. Іле ауданық ауруханасына одан өзге COVID-19 диагнозымен, өкпесі  80 пайызға дейін қабынған бес жүкті әйелді дәрігерлер аман алып қалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"