Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ ЖАСТАРҒА БАСУ АЙТЫП, САБЫРҒА ШАҚЫРДЫ

Уақыты: 14.01.2022
Оқылды: 679

Талдықорған қаласындағы Ауған соғысының ардагерлері ел басына күн туғанда қол қусырып отырмады. Елді бірлікке шақырып, алаңға шыққан жастарға басу айтты.

Ардагерлер – от пен судың ортасынан шыққан ержүрек азаматтар. Елдің нағыз патриоттары. Бұғанасы қатпай тұрып соғыс өртін көрген жауынгерлер. Қанды соғысты бастан кешірген ауғандық ардагерлер кейінгі жастардың бейбіт күнде арандап қалмауын қалады.

Осы мақсатта Марат Әйнеков, Аман Омаров бастаған ауған соғысының ардагерлері 6 қаңтар күні алаңға барып, жастарды ақылға, сабырға шақырды. Ортаға шығып сөйлеген Марат Сейтайұлы: «Ағайындар, жастар, біз халықпен біргеміз, біз Ауған соғысының ардагерлеріміз. Бірақ сіздердің бұл әрекеттеріңіз дұрыс емес, Үкіметке нақты ұсыныстарыңызды айту керек. Мұндай мәселе бүліншілікпен, қиратып, сындырумен шешілмейді. Тіпті, қасқыр да өз інінің жанынан малға шаппайды. Сондықтан үлкен қателікке бой алдырдыңыздар. Мынадай бассыздықты тоқтатайық. Соғыстың қандай сұмдық екенін біз жақсы білеміз, ондай іске жол бермейік, жастар! Сабырға келіңдер, қаламызды өз қолымызбен қиратпайық», – деп жастарға тоқтау айтты.

Өкінішке қарай, алаңға жиылғандардың арасында Ауған соғысының ардагерлерінің сөзіне құлақ аспағандар көп болды.

Ауғандықтар үлкен дүрбелеңнен кейін қала тұрғындарымен бірлесіп, қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Облыстық, қалалық ардагерлер ұйымы Талдықорғанда орналасқан бекеттерге барып, күзетте тұрған әскерилерге ыстық тамақ таратып, оларды жігерлендірді. Әрқайсы өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, қауіпсіздікті қадағалап тұрған әскерилерге қолдау білдірді. Арнайы құрылған штаб басшыларымен жолығып, қаланың қоғамдық жұмысына да қолұшын созатындарын жеткізді. Жылдық жоспар жасап, жастардың тәртібіне, тәрбиесіне байланысты жыл бойы атқаратын жұмыстарын пысықтап алды. Сонымен қатар, қаладағы аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіріп, қажетті заттармен, азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы