ӘСКЕРИЛЕР АРАСЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР - ӘДІЛЕТ МАЙОРЫ

Уақыты: 31.07.2022
Оқылды: 1394
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Талдықорған гарнизоны әскери прокуратурасының негізгі қызметі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен тапсырмаларынан, қылмыспен күресу бағдарламаларынан, Бас прокуратураның алқа шешімдері мен салалық бұйрықтарынан туындайтын міндеттерді тиімді әрі уақытылы орындауға жұмылдырылды.

Әскери бөлімдер мен мекемелердегі жағдайға жан-жақты талдау жасай отырып, олармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың қолданылуына прокурорлық қадағалау тұрақты түрде жүзеге асырылды.

Өз кезегінде, парақорлық және мемлекет мүлкінің сақталуына жауапты адамдардың оны ұрлау фактілері әлі де кездесуде.

Мұндай келеңсіз жағдайлар және оларды тудыратын себептерді түбегейлі жою мен жолын кесу нақты әрі қатаң шараларды қолдануды талап етеді. Міне, тап осы проблемалар бізді бүгінгі таңда алаңдатып отыр, соған орай біздің қызметіміз ең алдымен осы мәселелерді шешуге бағытталуда.

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына сәйкес, қадағалаудағы әрбір әскери бөлімдер мен мекемелердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талданып, олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайлар мен себептер айқындалды.

Осыған байланысты әскери органдарда жемқорлықтың алдын алу мақсатында Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасымен қадағалаудағы гарнизондардың сыбайлас жемқорлық тәуекелі паспорты әзірленіп, онда айқындалған іс-шаралардың орындалуы қамтамасыз етілуде.

Әскери бөлімдер мен мекемелерде қандай да бір заңбұзушылықтар мен қылмыстарға жол бермеу мақсатында әскери прокуратурамен құқықтық түсіндіру шаралары жүргізіледі.

Үстіміздегі жылы 1 ведомствоаралық кеңес, шалғайда қызмет атқаратын әскери қоғамдастықпен кездесулер өткізілді.

Мәселен, ведомствоаралық кеңестің хаттамалық шешіміне сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың уақытылы орындалуы мен сапасы мәселелеріне назар аудара отырып, бюджет қаражатының жұмсалуының заңдылығы үнемі қадағаланады.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға бейім тұлғаларды анықтау бойынша психологтармен тиісті шаралар жүзеге асырылады, сондай-ақ, әскери қызметшілер, әскерге шақырушылар арасында анонимді сауалнама жүргізу тәжірибесі қолданылуда, олардың нәтижелерін зерделеп және тиісті шаралар қабылданады.

Осы іс-шаралар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, әскери бөлімдер мен мекемелердегі заңдылық жағдайын және қылмыстылық ахуалын сауықтыруға жол ашады. Сонымен қатар, 2022 жылдың өткең кезеңінде Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасымен қадағалаудағы 4 әскери бөлімде әскери мүліктің сақталуы заңдығына тексерулер жүргізілді. Осыған қоса, Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасымен қадағалаудағы әскери бөлімдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысына үнемі талдау жасалады.

Талдықорған гарнизонының әскери қызметшілермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптарын түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

Мысалы, 2022 жылдың 5 маусымында 5514 әскери бөлімінің жеке құрамымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтау» тақырыбына дәріс өткізілді. Осы шараға Алматы облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің және «Әділдік жолы» Републикалық қоғамдық бірлестігінің Талдықорған филиалы өкілдері қатысты.

Осындай іс-шараларды Талдықорған гарнизонының барлық әскери бөлімдерінде өткізу жоспарланған.

Жоғарыда айтылғандай алдағы уақытта Талдықорған гарнизоны әскери прокуратурасы қызметінің күш-жігері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытымен жұмсалады.

Данияр ЕСТЕУОВ,

Талдықорған гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, әділет майоры

Жетісу облысы