Жол белгілерін таңбалауға арналған бояулар шығарады

Уақыты: 27.04.2023
Оқылды: 473
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандағы жол белгілерін таңбалауға арналған бояулар шығаратын «Алматы сырлары» ЖШС бүгінде тұтынушы көңілінен шығатындай сапалы өнім өндіреді. Елдегі нарықтық қатынаста да бәсекеге қабілетті.

Соңғы жылдары Қазақстанда сыр өнімдерінің нарығы айтарлықтай өсті. Республикада импорттық өнім азайып, жергілікті өндіріс орындарының желілері дамып келеді. Сөйтіп, халыққа талапқа сай қызмет көрсетіп, өнімдерін елдің әр түкпіріне шығарады, көрші мемлекеттерге де экспорттайды.

Серіктестік Қазақстан нарығында 2009 жылдан бастап жұмыс істейді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна сыр бұйымдары мен 6 мың тонна термопластика өндіруге қауқарлы. Бояулар жаңа озық технологиялар бойынша шығарылады. Компанияның өнімдерінде «СТ-KZ» сертификаты бар. 2010 жылы кәсіпорында ҚР СТ ИСО 9001-2009 талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі енгізілді. Соның негізінде компанияға сапа менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификаты берілді.

Қазір кәсіпорында 100-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Олардың басым бөлігі білікті әрі тәжірибелі. Өндірісті ұйымдастыруға қажет барлық инфрақұрылым бар. Компания субсидиялау және кепілдік беру құралын қолдана отырып, «Қазақстан Халық Банк» АҚ-да «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы шеңберінде 6 пайызбен қолдау алды. Айта кетейік, компания «ULTTYQ ÓNIM» көрмесінің қатысушысы болып табылады.

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы
Сурет ғаламтордан алынды