Ғалым Сүлейменов тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 624
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына белгілі өнер майталманы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, талантты әнші, композитор, ұлағатты ұстаз Ғалым Сүлейменов тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды.

Халық арасында «Мәңгі өмір болмаса да мәнді өмір бар» деген қанатты сөз айтылып қалады. Сол айтқандай, маңдайға жазған тіршілігінде мәнді де мағыналы өмір сүріп, ән қанатында тірлік кешкен Ғалым Көпесбайұлы тірі болса дәл осы күні, яғни 10 қыркүйекте 74 жасқа толар еді. Бір жылдай уақыт бұрын кенеттен өмірден өтпеген болса думанды концертін ұйымдастырып, көпшілікті жан тебірентер, сезім қылын шертер сазды дауысымен жадыратып, арамызда жарқылдап отырар ма еді, кім білген?.. Дәл осы күнге орайластырып ұйымдастырылған еске алу, есімін есте қалдыру шарасына қатысқандардың қай-қайсының да көкейінде осындай бір өкініш қылаң бергендей еді... 

Талдықорған қаласының Балқаш көшесіндегі №7 үйдің айналасына бұл күні өнер майталманының туыстары мен достары, зиялы қауым өкілдері көптеп жиналды. Жан толқытар шараны қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұратбек Қожабеков ашып, Ғалым Көпесбайұлының өнердегі орыны мен өнегелі өмірбаянына қысқаша тоқталып өтті. Мазмұнды әңгімені облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ағамыз жалғастырып, қос қария өнерпаз тұрған үйге қойылған мемориалдық тақтаны салтанатты түрде ашты. Сөз орайы келгенде облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің бүгінде осындай көптеген игі істерге мұрындық болып, басы-қасында жүргендігін де айта кетейік. 

Мемориалдық тақтаның бетіндегі ақ жамылғысы сыпырылғанда өнерсүйер қауымның үлкен құрметіне ие болып, дарынымен дараланған, біреуге асқар таудай аға, енді біреуге ілтипатты іні, сыйлы әріптес, жақсы жолдас болған аяулы азаматтың жарқын бейнесі көзімізге оттай басылды. Тірлігінде өзі талай рет кіріп-шыққан қақпа мен арлы-берлі жүріп өткен көше бойына тебірене көз салып, шараға жиналған жақын жандарына мейірлене көз салып тұрғандай сезілді. Осынау жан толқытарлық сәттің әсері Ғалым ағамыз кезінде орындаған «Өз елім» әні дыбыс күшейткішпен қойылғанда тіптен күшейе түскендей болды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Сұлушаш Нұрмағамбетова өнерпазбен бірге оқыған студенттік шақтардан қызғылықты естелік айтса, Ғалым ағамыздың жары Бақыт тәтеміздің жиен інісі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Науқаннұр Бақбергенұлы тебіреніске толы ақ тілегін ақтарып, еске алу шарасына жиналған жұртшылыққа алғыс айтты.

«Гүл өскен жерге гүл өседі» дегендей, Ғалым Көпесбайұлы небір тарлан таланттар дүниеге келіп, тірлік кешкен бұрынғы Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданындағы Мұқан Төлебаев ауылында дүниеге келіпті. Матай стансысындағы орта мектепті бітірген дарынды жас Алматыдағы эстрада-цирк студиясына кідіріссіз қабылданады. Келесі кезекте Құрманғазы атындағы консерваторияны тамамдағаннан кейін Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде еңбек жолын бастап, жұмысын Қазақ радиосының музыкалық редакторы лауазымында жалғастырады. Талдықорған облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, директоры, Алматыдағы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның әншісі, Қыздар педагогикалық университеті мен Жүргенов атындағы академияның, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, еңбек жолы осылайша жемісті жалғаса береді. 

Еңбегінің жемісіндей әр жылдары «Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен «доцент» ғылыми атағы берілді. Қазақ телевидениесінде «Шабыт» пен «Ән шоқтығы» атты фильм-концерттері жазылып, сақталған. Гастрольдік сапарлармен Германия мен Испанияда, Болгарияда, Түркия мен Қытай елдерінде болды. 

Ақиық ақын Мұқағали «Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған, әлдекімнің тағдыры бұйырмасын» деп тебіренеді. Иә, ондай тағдырды таланттардың ешқайсына бұйыртпай-ақ қойсын. Ал біз сөз етіп отырған өнер майталманының соңында «сегіз сөз» емес, өз орындауындағы, өзі шығарған алпыс бірдей әні қалыпты. Бұл әндер бүгінде Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Шын мәніндегі мол мұра, ортаймас қазына дегеніміз де осы емес пе?!

Талант есімін есте қалдыру шарасының жүйелі жалғасы ретінде облыстық филармония ғимаратында «Айтылмаған әнім қалды» тақырыбымен өткен еске алу кешінде осы әндердің бірқатары орындалды. Олардың қатарында осы кезге дейін орындалмаған шығармалардың болғандығын да айта кетейік. Облыстық филармонияның жезтаңдай әншілері орындаған бұл әндер жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Жалпы осы шараларды есте қалатындай деңгейде ұйымдастырған облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық филармония, облыстық, қалалық ардагерлер алқасына айтылар алғыс шексіз.

Еске алу кешінің соңында Ғалым Көпесбайұлының қос немересі  Әлішер мен Мәди көпшілік алдында күй шертіп, бұл әулеттегі өнер көшінің тоқталмағандығын паш етті. Өнерпаздың жары Бақыт Сүлейменова жиналған көпшілік қауымға шын көңілден шыққан алғысын айтып, тебіреністі естеліктерін ортаға салды.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ