Илон Маск X желісін сатып алған бағасынан 55% төмен бағалады

Уақыты: 01.11.2023
Оқылды: 477
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Илон Маск бұрын Twitter аталып келген X компаниясының құнын 19 млрд долларға бағалады. Бір жыл бұрын миллиардер оны 44 млрд долларға сатып алған еді. 

Бұл туралы компанияның ішкі құжаттарын зердеп шыққан The Verge басылымы хабарлайды.

30 қазанда X қызметкерлері компаниядағы үлесін – бір акциясы үшін 45 доллардан алған. Бұл компанияның құны 19 млрд доллар дегенді білдіреді. Құжаттарда «акциялардың әділ нарықтық құнын X компаниясының директорлар кеңесі анықтайды» делінген. Маск бұл кеңестің өзін әлі толық қалыптастырмаған.

X акцияларына иелік етуші ірі инвесторлардың бірі Fidelity қаржы холдингінің мәліметінше, компанияның нақты құны Маск Twitter-ді сатып алған бастапқы бағадан 65% төмен.

Pew Research Center аналитика агенттігінің бағалауынша, Twitter-дің АҚШ-тағы ең белсенді қолданушыларының 25 пайызы платформаны азырақ пайдаланып, твитті сирек жаза бастаған.

Guideline аналитика фирмасының зерттеуінше, АҚШ-та X желісіндегі ай сайынғы жарнамадан түсетін табыс жылдық мәнде кемінде 55% төмендеді.

Дереккөз: Kazinform 
Фото: pexels/twitter