"Көлсай көлінен кем түспейтін": Сарқан ауданында туристерге арналған Vizit орталық ашылмақ

Уақыты: 15.01.2024
Оқылды: 544
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарқан ауданында туристерге арналған Vizit орталық ашылмақ. Ол үшін Екіаша ауылдық округіне қарасты Тополевка ауылында орналасқан ескі мектеп ғимаратын қайта жаңғырту арқылы іске қосу жоспарланып отыр.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов бірқатар басқарма басшыларымен бірге Vizit орталықтың орналасатын орны мен перспективасын көру мақсатында арнайы Тополевка ауылына келіп, жалпы жоспармен танысты.

"Алматы облысының Кеген ауданында орналасқан Көлсай көлінен кем түспейтін, теңіз деңгейінен 1630 метр биіктікте орналасқан Жетісудың маржаны "Жасыл көлдің" туристік әлеуеті зор. Тек, біздің тарапымыздан инфрақұрылымын дамытып, демалушылардың келуіне қолайлы жағдай туғызуымыз қажет."- деді аудан әкімі Ғалымжан Қанатұлы.

Vizit орталық іске қосылған уақытта тікелей Vizit Zhetysu орталығымен жұмыс жасап, еліміздің азаматтарынан бөлек шетел туристерін қабылдайтын болады.

Аталған орталық жоспары бойынша бір уақытта 30 демалушы келіп орныға алады. Сонымен қатар, ішінде жиын өткізу залы, ресепшн, асхана, жуыну бөлмелерінен бөлек демалысқа арналған құралдарды сақтау қоймасы да қарастырылған.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы "Сарқан жылу" мекемесі мен қаланың жоғарғы су торабында да  болып, өзекті мәселелерімен танысып, олқылықтарды оңтайлы шешу жолдарын қарастырды.

Фото: tengemonitor.kazgazeta