Қар шығару жалғасуда

Уақыты: 14.02.2018
Оқылды: 2061
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қыс мезгілі келісімен қар жауып, қозғалысты қиындатып жатады. Қар автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілерді біраз әбігерге салады. Алматы облысы Қаратал ауданының елді мекендеріне қарды тазалау жұмыстары өз деңгейінде атқарылып жатыр.

Биыл Бауыржан Қауысбеков басшылық жасайтын «Санжар 26-12» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қысқы мезгілде көшелердің қардан аршу жұмыстарымен айналысуда. Бұл мекеменің қарамағында үш дана сыпырғыш қондырғысы бар «МТЗ-82» техникасы, 1 дана автотиегіш, 1 дана автогрейдер, 2 дана жүк көлігі бар. Жұмыс күші 10 адамды құрайды. Мекемеге бекітілген тиісті аймақтарда қардан тазартумен қатар аялдама алаңдары мен жиектас жанындағы аумақтарды, жаяу жүргіншілер жолдарын, тротуарларды қар мен мұздан тазалау үшін қол жұмыстары да қатар атқарылуда. Қыс мезгілінде қысқы күтіп ұстау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 
«Қаратал ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Рысбек Алиянов:
– Қазіргі таңда қала ішінде көшелерді қардан тазарту жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Тұрғындарға есігінің алдын, ауласын тазалаған кезде үйінді қарды автокөлік жолдарына тастамауын сұраймыз. Қарды автотиегішпен тиеуге ыңғайлы жерге жинауды өтінеміз. Қар тазалау жұмыстары аяқталған соң көшелерге қиыршық құм шашу жұмыстары жүргізіледі, – дейді.  
Мердігер мекеме Үштөбе қаласының 31 көшесін және Бастөбе ауылдық округінің 4 көшесін қардан тазалау жұмыстарын жүргізуде. Нақтырақ айтсақ, қаладағы Т. Рысқұлов, Б. Момышұлы, Төле би, Маяковский, Жәлменде би және басқа көшелер тазартылмақ. Сонымен бірге, Бастөбе ауылдық округіндегі Юн, Гагарина, Комарова, Новомирская көшелері қардан аршылуда. Үштөбе қаласындағы вокзал алаңы да назардан тыс қалмайды. Жалпы ұзындығы 51904 шақырым көшенің қары күрелуде.    
Жауапты мекеме жұмысшылары қар қалың болмаса да, жол қатынасына кедергі келтірмес үшін дер кезінде жұмыла жұмыс жүргізіп, көшелерді қардан тазартып отырады. Бірінші кезекте орталық көшелер мен тұрғындар көп жүретін аумақтарға баса назар аударылады. Қар жауған күндері мердігер мекеме жұмысшылары уақытпен санаспайды. Автогрейдерлер жылдам жұмыс істейді. Олар көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қарды сай-салаға асырып, үйілген қар қала сыртына шығарылады. 
Әрдайым көшелер дер кезінде қардан тазаланып, автокөлік пен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалып жатса, құба-құп. Өйткені, әрбір азамат өзін өркениетті қала мен ауылдың тұрғыны ретінде сезінуі тиіс. 

А. Бақытұлы
Қаратал ауданы