ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ЖАҚСАРАДЫ

Уақыты: 19.04.2018
Оқылды: 1283
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Онда І тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесі және республикалық бюджеттің орындалуы, бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жөніндегі Жол картасының іске асырылуы, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері қаралды.

 

   ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бірінші тоқсанда ел экономикасында оң үдерістердің сақталғанын айтып өтті. Қаңтар-наурыз аралығында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,1 пайызды құраған. Яғни, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірнеше пайызға жоғары. Аталған өсімге өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы және көрсетілетін қызметтер саласындағы ілгерілеулер оң әсер еткен. Инвестициялардың жоғары өсімі мен төменгі инфляциялық үдеріс те септігін тигізген. Құрылыс саласының өсу қарқыны да жаман емес. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 39,5 пайызға ұлғайған. «Еңбек нарығындағы жағдай орнықты. «Наурыз айында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болды. Еңбекақының өсуі байқалып отыр. Қаңтар – наурызда орташа айлық еңбекақы 2,4 пайызға көтеріліп, 153,2 мың теңгеге жетті», – деді Тимур Мұратұлы. 
    ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жыл басынан бері инфляция деңгейінің 1,8 пайызды құрағанын сөз етті. Мемлекеттік бюджеттің кірістерінің 107,8 пайызға, соның ішінде республикалық бюджеттің 101,9 пайызға, жергілікті бюджеттің 124,6 пайызға асыра орындалғаны туралы ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Ал мемлекеттік бюджет шығыстары 95,7 пайыз, республикалық 96 пайыз, жергілікті бюджеттер 97,7 пайызға орындалған. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов баяндады. 
    Бақытжан Әбдірұлы: «Мемлекет басшысы Үкіметке экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін жоғары нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды», – деді. Осы ретте экономика салаларында өсімді одан әрі қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін орындау бағытындағы жүйелі шараларды іске асыруды жалғастыру тапсырылды. Бақылау жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктеледі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 
   Мәдина Әбілқасымова жыл басынан бері статусы анықталмаған 2,7 млн. азаматтың бүгінде 607 мыңының статусы анықталғанын мәлімдеді. Айтуынша, бүгінде еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аударып жатқан жұмысшылар саны да аз емес көрінеді. Он екі мың кәсіпкер қызметтерін тіркеген. Қазіргі таңда «Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті Заң жобасы әзірленуде.    
  Ресмилендіру жөніндегі Жол картасының маңызды бағытының бірі – еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында халықты жұмыспен қамту орталықтарын реформалау, бірыңғай онлайн-платформа құру және электронды еңбек биржасын толықтай жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы әзірленген. 
   Еңбек нарығындағы екінші арна – халықты жұмыспен қамту орталықтары. Қазіргі уақытта ЕХӘҚМ әкімдіктермен бірлесіп оларды трансформациялау жұмыстарын жүргізуде. Бұдан өзге, еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту аясында жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту қарастырылған. Бұл үшін «халықты жұмыспен қамту саласындағы аутсорсинг қызметтері» түсінігі енгізілген. Аутсорсингке жұмыссыздарға кәсіптік бағдар беру және оларды жұмысқа орналасу қызметтерін беру көзделген, бұл шамамен 60 мың адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік бермек. 
   Бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жұмыстары туралы бірқатар облыс әкімдері қысқаша айтып өтті. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев Жол картасын жүзеге асыру жұмыстары өңірлермен бірлесіп жалғасатынын жеткізді. «Дайын заң жобасымен Парламентке барамыз. Біздің мақсатымыз – аталған жұмысты 1 шілдеге дейін аяқтау», – деді Ерболат Асқарбекұлы. Мәселені қарау барысында Бақытжан Әбдірұлы бұл тек баяндама жасаған министрліктерге ғана емес, сондай-ақ, Әділет, Ақпарат және коммуникациялар, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктеріне, барлық деңгейдегі әкімдерге де қатысты екенін алға тартты. 
   Адам капиталын дамыту «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі саналады. Халықтың цифрлық сауаттылығын 2022 жылға дейін  83 пайызға көтеру қарастырылған. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, цифрлық сауаттылық адамның ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде және жұмыста пайдалана білу қабілетімен айқындалады. 
   ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің деректеріне сәйкес өткен жылы халықтың база- лық цифрлық сауаттылығы 77 пайызды құраған, жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 78,5 пайызға арттыру көзделіп отыр. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Мемлекеттік бағдарламаның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін биыл шамамен 500 мың адамды оқыту жоспарланған. Оқыту жұмыстары 1 маусымнан басталады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы цифрландыру дағдыларына төрт жүзге жуық адамды оқытпақ. Жалпы, 2022 жылға қарай жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, базалық білім алуға   8 млн. адамды оқыту  көзделген.
   Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов айтып берді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев азаматтардан СМС-растауды алу арқылы баланың туу бойынша проактивті қызмет іске қосылғанын айтты. Мемлекеттік қызметтердің 400-ден астам түрі оңтайландырылып, қызмет көрсету мерзімі екі есеге азайған. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80 пайыздан астамы электронды форматта ұсынылуда. Мемлекеттік органдармен, «Нұр Отан» партиясымен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, қағазсыз құжат айналымына көшу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Жиын соңында Үкімет басшысы азаматтарға цифрлық өнімдер мен қызметтер туралы ақпаратты барынша түсінікті жеткізу керектігін айтты. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.