ЕШКІ - ӨСІМТАЛ ТҮЛІК

Уақыты: 19.04.2018
Оқылды: 1828
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Ауылдағы ағайынның күнкөріс көзі – төрт түлік мал. Мал өсіргеннің жағдайы жаман емес. Райымбек ауданындағы Алғабас ауылында болған кезімізде Орынтаевтар әулетінің игілікті істеріне куә болдық. Олар осыдан бірнеше жыл бұрын Саты ауылынан қоныс аударған екен. Алғабас ауылының тау жағындағы бос жатқан жерге үй салыпты. Ауқымды жерді қоршап, мал өсірумен айналысыпты. Жылы да жайлы мал қорасын салған. Оның бір бөлігін мал бордақылауға ыңғайлап жасап қойған. 

 

    Ержан Орынтаев бастаған бұл еңбекқор әулеттің қазір екі жүзге тарта қойы бар. Оның сыртында 150 бас ешкі өсірілуде. Иә, ешкі де өсімтал мал. Суыққа төзімді, өз тамағын өзі тауып жейтін ешкінің жөні бөлек. Оның сүті пайдалы, емдік қасиеті мол. Қыз-келіншектер түбітінен үлбіреген жылы орамал тоқып алады. Күзге қарай ауылдағы ағайын майлы етінен жаубүйрек жасап жеп жатады. Жалпы, еті де, жүні де, сүті де іске жарайды. 
   Қораның кең ауласы лаққа толы. Сүп-сүйкімді лақтар ауланың бір шетінен екінші шетіне заулап, ойнақтап жүр. Қызыға қарап қалдық. Ержан Орынтаевтың отызға толып қалған баласы Асхат бізді шаруасымен таныстырды. Қораның бір жағындағы мал бордақылау алаңын көрдік. Ерінбей еңбектеніп, өздерінің табыстарын тауып, жағдайларын жақсартып келе жатқан Орынтаевтар әулетінің игілікті шаруаларына дән риза болдық. 

Қанат БІРЖАНСАЛ.