ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: ҰТАРЫМЫЗ НЕ?

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 1158
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицей-интернатында «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы» тақырыбында  «дөңгелек үстел» өтті. Шараға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға қарасты мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы Ж. Елесбаева, лицейдің тарих пәнінің мұғалімі А. Мурзакенов, педагог-ұйымдастырушы С. Болсанбекова қатысты. 

Жиында «Латын әліпбиіне көшуде ұтарымыз не, ұтыларымыз қандай?» деген сауал жан-жақты талқыланды. Жаһандану кезінде еліміз дамыған мемлекеттердің көшінен қалмай, ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігінде орын алуы үшін латын әліпбиіне көшу қажеттілігі артып отырғаны, кирилл жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана, ал латын әліпбиін дүниежүзі халықтарының 80 пайызы пайдаланатыны айтылды. 1929-1940 жылдары еліміз латын әліпбиін қолданғандықтан сол замандағы ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбаларын келер ұрпақ қиындықсыз оқитыны, бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұратыны, солардың басым бөлігі латын қарпін қолданатыны, жаңа әліпби сол қандастарымызбен қарым-қатынас орнатуға да ықпал ететіні сөз етілді. Әліпбиді өзгерту сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіріп, дұрыс айтылуына ықпал ететіні, рухани болмысымыз бен қоғамдық ой-санамызды өзгертіп, оның жаңғыруына зор үлес қосатыны тілге тиек етілді. Сонымен қатар, бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын қарпі екендігі, Ұлы Дала елін әлемдік өркениетпен қауыштыратын алтын көпір әрі заман талабынан туындап отырған қажеттілік екені де баса айтылды. 
«Дөңгелек үстелде» қатысушы қонақтар, ұстаздармен қатар лицейдің 10-11-сынып оқушылары тақырыпқа орай ой-пікірлерін ортаға салды. Лицей кітапханашысы Н. Қамытбекова және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің  ұйымдастыруымен өткен бұл шара оқушылардың бойында ұлттық сананы оятып, жас ұрпақтың туған халқына, тіліне, тарихына деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін арттыра түсті.

Алма ЕСЕНБАЕВА